Өткен аптада журналистік сапармен Жаңақорғанда болғанбыз. Қарт Қаратаудың етегіне малын өрістетіп, бақшасын жайқалтқан мұндағы ағайынның әу бастан еңбекқор екені белгілі. Қосымша кәсіп ашып, саудаға да бейімділігін байқайсың. Әйтеуір, тынымсыз жұрттың тіршілігі өз бірлігімен, өз ынтымағымен бітіскен күйі жалғасып жатыр.
Аудан орталығы – Жаңақорған кентіне кіреберіс жол бар. Біз барғанымызда мұнда үлкен құрылысты байқадық. Сұрастырғанымызда айналма жол салынып жатыр екен. Бар мақсат – көлік жүргізушілерге ыңғайлы ету. Әрі жол қауіпсіздігі бірінші ескерілген сияқты. Ал кенттің ішіне апарар жолдың басында орналасқан қақпаны жөндеуге жергілікті демеушілер атсалысып жатқанға ұқсайды.
«Балалар жылындағы» базарлық
Жыл басында «Балалар жылы» деп жариялаған ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл бастамасына халықтың аса қуанышты болғанын білеміз. Жас ұрпақты қуантып, бар жағдайды жасау қажеттігін айтқан Мемлекет басшысының тапсырмасы қарқынды орындалуда. Барыс жылында басымдық берер дүниенің бірі осы еді.
Бұл жаңалықтан Жаңақорған да шет қалмады. Президент айтқандай, «Балалар жылын» тек ұрандатып немесе мереке ретінде ғана атап өту тым қажетсіз нәрсе. Жалпы «бар жақсылық балаларға болсын» деген шын ниет болуы керек. Ең алдымен барлық жерде билік тарапынан денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қамсыздандыру саласында нақты жұмыс атқарылуы тиіс. Қасым-Жомарт Кемелұлы осыны жіті түсіндіріп айтқан еді.
Аудан аралап жүріп, аталған жұмысты атқаруға деген Жаңақорғандағы жергілікті биліктің мүмкіндігін байқадық. Әзірге жаман емес. Аудан әкімі ұйытқы болып, инвестор тартыпты. Кенттегі ең басты көшенің бірі – Қорасан ата бойынан үлкен әрі заманауи саябақ құрылысы жүруде. Көлемі екі гектар болатын саябақ ішінде субұрқақ, түрлі аттракциондар, мәдени шаралар үшін ашық сахна, спорттық шараларға арналған, сондай-ақ жүгіру және вело алаңдары, неке қию орны болмақ. Ашылуы қазан айына межеленген демалыс орны (суретте) әдеттегідей көгалдандырылып, түрлі ағаштар егіледі.
«ТazaLike» жобасы тек Жаңақорғанда ма?
Бұны «AMANAT» партиясының Жаңақорған аудандық филиалы және соған қарасты бастауыш партия ұйымдары ұйымдастырған. Наурыз айында осындай жобаны қолға алып, кент тұрғындарын тазалыққа үндеу басталған еді. Алғаш рет ұйымдастырылған жобада көрсетілгендей, кент ішіндегі әр көше сайысқа түсіп, өздері тұратын аумақтың тазалығы мен көркейту жұмыстарына белсенді болу керектігі айтылды.
– Қазір байқасаңыз, бірінің үйіне бірі кірмейтін көршілер не көшелес тұрғындар бар. Осыны мойындайықшы. Үлкен қаланы айтпай-ақ, өз арамызда да мұндай жайттар кездеспей тұрмайды. Біз ұжым болып, наурыз айында осындай шараны қолға алдық. Басты мақсатымыз – бір көшеде тұратын әр отбасыны өзара жақындастыру. Татулыққа үндеп, бірге тіршілік етуге шақыру. Бәрі бірдей деп айтудан аулақпын, өздері ұйымдасып, бір қуаныш не қайғы бола қалса, көрші болып қана қоймай, көше болып қолғабыс тигізетіндер жеткілікті. Солардың үлгісін көрсетсек дегенбіз, –дейді «Amanat» партиясының аудандық филиалының төрағасы Арман Мәжитов.
Рас, «адамның күні – адаммен» деген тәмсілді бұрынғылар өте берік ұстанды. «Үй сатып алма, көрші ал» дейтін нақылдың да ішкі айтар ойы көп еді ғой. Ұзақ жылдар бойы бір көшеде тұрса да, бір-бірімен қатыспай қатал тұрмыс кешетіндерге тосқауыл болар мағыналы шараның қорытындысы жақында ғана аяқталыпты.
– Аудан орталығында көше көп. Бірақ аталған сайысқа 10 көше қатысуға ниет білдірді. Шарт бойына, сол көше тұрғындары өз ауласынан бастап, сырт аймағына дейін таза ұстау керек. Аяқсу жүретін арықтарды аршып, көктем айларында тал, гүл өсіріп, күл-қоқыстардан арылу жұмыстарын жүргізуі де тексеріліп отырды. Бұдан өзге көше комитетінің төрағалары бас болып, сенбі-жексенбі күндері сенбілік жасау, құрылыс жүргізіп отырған көршісіне асарға бару, өз көшесіндегі тұрмысы төмен отбасыға көмек көрсету жұмыстары да ескерілді, – дейді Арман Мәжитов.
Аталған іс-шараның қорытындысына аудандық мәслихат хатшысы Ғалымжан Сопбеков, аудан әкімінің орынбасары Бектас Нұридинов, кент әкімі Асқар Ибрагимов және аудан тұрғындары қатысқан. «ТazaLike» жобасы бойынша он көше арасындағы тартысты бәсекеде лайықтыларға түрлі номинациялар тапсырылып, арнайы сыйлыққа да ие болған. Мысалы, Т.Тотаев пен А.Аюпов көшесі «Ең көгалды көше» номинациясын ұтты. Қос көшенің тұрғындарына қазан-ошақ, титан және газ оттығы берілген. Ал «Ең таза көше» аталымын жеңіп алған С.Сапарбеков пен «Ең ұйымшыл көше» атағына ие болған Б.Ысқақов көшесінің тұрғындарына бес арнайы қоқыс жәшігін сыйлаған. Қызығы сол, нағыз керекті дүниені ұсынған ұйымдастырушыларға көше тұрғындары риза болып, алғысын жаудырған. Сондай-ақ, барлық қатысушы көшелердің комитет төрағаларына партияның «Алғыс хаты» табысталыпты.
Біздің қазақ халқы әрқашан татулық пен бірлікті жоғары бағалайды. Жаңа үрдісті жаңғырту – ұрпаққа үлгі. Арман Мәжитовтың айтуынша, аталған жоба алдағы уақытта да жалғаса бермек.
Тазалықты «туған жерге үлесім» деп білу керек
Бізбен кездескенде дәл осылай деген Жаңақорған кентінің әкімі Асқар Ибрагимовтің өзі де кеңсе киімін тастап тазалық жұмыстарында жүр екен. Басшы талап етіп қоймай өзі де талпынып жүрсе, қызметкерлері де қарап қалмасы анық. Кент әкімдігі жұмылған мұндай іске аудандағы еріктілер, сондай-ақ «Жаңарған Жаңақорған жастары» ұйымының мүшелері және қоғам белсенділері бір кісідей атсалысуда.
– Расында, сенбілікке алтын уақыттарын арнап жүрген қызметкерлердің еңбегіне құрмет танытып, қадірін білу керек. Әрбір тұрғынның адами парызы осындай болса дейміз. Өскен-өнген жерімізді қадірлеп, жан-жағымызды таза ұстау арқылы сырттан келген қонақтарға да, артымыздан ерген балаларымызға да жақсы өнеге көрсетеміз емес пе? Әзірге кент әкімдігінің қызметкерлері өз еріктерімен осындай бастама бастап, аудан орталығына титтей болса да үлестерін қосуды мақсат етіп жүр, – дейді кент әкімі.
Қызметке жақында ғана сайлау арқылы келген әкім алдағы жоспарымен бөлісті. Оның айтуынша, кент аумағы бұрынғыдай емес, үлкейген. Аудан орталығында 147 көше бар. Бүгінде кент тоғыз аймаққа бөлініп, ондағы көшелердің жай-күйі мен өзекті мәселелері сұрыпталған.
– Қызметке келгеніме ай болмады. Осы аралықта кенттің барлық жерін аралап, қай жерде қандай мәселе барына жіті назар аударып келеміз. Бұл жерде ең бастысы, ауызсу, аяқсу, жарық және тұрғын үйлер мен кәсіпкерлік нысандардың аумағындағы тазалық жұмыстарына жиі назар аударамыз. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші кент әкімдігінің қызметкерлерімен бірге аудандық жауапты бөлім басшылары арқылы атқаратын жұмыс көп. Сондай-ақ әр көше комитетінің төрағасы, ондағы ақсақалдар, сондай-ақ белсенді жастарымен де кездесіп, тазалық жұмыстарына атсалысуды сұрадым. Ондағы тұрғындар да келісіп, бұл жұмыстар сәтімен атқарылуда. Кешегі сенбіде кент бойынша 5-ші аймақтағы барлық 13 көшенің тұрғындары кент бойынша тазалыққа өз үлестерін қосты, – дейді Асқар Ибрагимов.
Биыл кенттегі өзекті мәселелер үшін аудандық мәслихаттың сессиясына 638 млн теңгеден астам бюджеттік өтінім беріліпті. Аталған қаржыға 3 көшені жарықтандыру, бес көшеге асфальт төсеу, екі балалар алаңын салу және абаттандыру жұмыстары қаралған. Бүгінде аудандық бюджеттен 178 млн теңгеден астам қаржы бөлініп, бірқатар жұмыстар атқарылуда.
Қазір аудан орталығындағы 15 көшеге тас төселіп, №125 орта мектеп тұсындағы тротуар жанына жарықшамдар орнатылған. Сонымен қатар, қосымша 5 көшеге тас төсеу, екі балалар ойнайтын алаң, абаттандыру жүргізілуде. Бұл жұмыстар күз басталамын дегенше бітіп те қалады.
Ержан ҚОЖАСОВ,
«Сыр бойы»
Жаңақорған ауданы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<