Биыл ел жүрегі Астананың – 20, Сырдың бас шаһары –Қызылорда қаласының 200 жылдық мерейтойлары қатар келді. Қызылордалықтарды 200 жылдық мерейтоймен Мемлекет басшысы құттықтап, хат жолдады.
Сұлу Сырдың бойында орналасқан әсем қала – Қызылорда күн санап құлпырып келеді. Елбасының өзі «Алаштың анасы» деп атаған аймақтың бас қаласын сырбойылықтар мақтан етеді. Өйткені, Қызылорда – тек облыс орталығы ғана емес, сондай-ақ, ғылым мен білімнің ошағы, әдебиет пен мәдениеттің қайнаған ортасы, жеті ауданды тоғыстырған күретамыр.
Сүйікті қаламыздың 200 жылдығы қарсаңында қала көшелері кеңейіп, жарықтандырылып, сымбаты артқан гүлзарлармен көмкерілді. Ұлттық нақышпен әдіптелген оюлар, тіпті, ғажап. Әсіресе, әр жерге қойылған бағзы замандардың бейнесін елестететін ескерткіштер өткен күндерден сыр шертіп тұрғандай. Иә, бұл – біздің Қызылорда. Жаңарған, жасарған, ерекше кейіппен жасанған. Қала мерекесі Тасбөгеттің 70 жылдығынан бастау алып, кент тұрғындары думанды дүбірдің куәсі болды. Мерейтой аясында әдеби-мәдени, спорттық шаралар мен түрлі фестивальдар өткізілді. Жырсүйер қауым үшін ақындар айтысы ұйымдастырылды. Халық құмарта тамашалайтын ат бәйгесі мен түйе палуандар күресі де көптің делебесін қоздырды. Аудандар тарту жасап, қала тұрғындары үшін ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Қызылорданың мерейтойына орай түрлі бағытта 40-қа жуық мәдени шара өткізілді.
Қызылорда қаласы әкімдігінде ардақты тұлғаларымызды ұлықтау, құрмет көрсету мақсатында шаралар өтті. Қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев аймағымыздың абыройлы ақсақалдарын мерейтойларымен құттықтады.
Мереке аясында Сырдария өзенінің сол жағалауындағы бой көтеріп келе жатқан жаңа қаладан «Рухани жаңғыру» орталығы ашылды. Осы шараға Мемлекеттік хатшы Г.Әбдіхалықова қатысты. Сонымен қатар, Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театрында салтанатты жиын өтті. Айтулы мерейтойға арналған шаралар эстрада жұлдыздарының қатысуымен орталық алаңдағы гала-концертке ұласты.
Осындай ауқымды іс-шаралардан біздің мектебіміз де тыс қалмады. Мектебіміз мерекелік безендіріліп, сыныптарда тәрбие сағаттары өткізілді. Дене шынықтыру пән бірлестігі «Жаса, жайна, Қызылорда!» атты спорттық сайыс ұйымдастырды. «Тіл – татулық тірегі» деген атпен тіл мамандарының слеті өткізілді. Мерекеге бастауыш сыныптар арасында сурет көрмесі, оқушылардың өлең-жыр сайысы мен мектеп сахнасындағы концерт көрік бере түсті. «Туған қалама – ағаш сыйла» акциясы жасалды. Бастауыш сынып оқушыларын қала тарихымен таныстыру мақсатында мұражайларға, рәміздер алаңына саяхат жасады. Мұндай шаралар қала мектептерінің барлығында да ұйымдастырылып жатты.
Осылайша, туған қаламыздың тойы халықтың рухын көтеріп, өткенімізге тағзым еткізіп, жеткенімізге шаттандырды. Бұл тойдың ұрпаққа үлгі етерлік ұлағатты, ізгілікті іс болғаны анық.
Айжан ҚАЮПОВА,
№197 Ә.Құдабаев атындағы
мектеп мұғалімі.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<