Сыр өңірінде осы кезге дейін 3290 адамнан коронавирус инфекциясы анықталған. Тамыз және қыркүйек айларында қатерлі індет жұқтырғандар саны біршама төмендеген еді. Соңғы екі айда олардың саны қайтадан көбеюде. Атап айтқанда, қазан айында 20 жағдай анықталса, қараша айында 28 жағдай тіркелді. Бұл өткен аймен салыстырғанда 40 процентке жоғары.
– Бүгінгі күндері облыста барлығы 210 инфекциялық төсек-орын бар. Жүктеме 5,2%-ті құрап отыр. Жансақтау бөлімінде ем алып жатқан науқас жоқ. Коронавирус инфекциясы және вирусты пневмония жұқтырған 526 медицина маманының құжаттары «MapCOVID» ақпараттық жүйесіне енгізіліп, олардың барлығына төлем тағайындалды. Жыл басында аталған салада құралдармен жабдықталу 85%-ті құраса, 10 ай қорытындысымен ол 88,5%-ке көтерілді. Инфекциялық стационарлардың реанимация бөлімін құралдармен жабдықтау көрсеткіші де өсті. Айта кетерлігі, облыста инфекциялық стационардың анестезиологиялық және реанимациялық 38 төсек-орны бар, – деді облыс әкімінің орынбасары Наурызбай Байқадамов өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Эпидмаусым басталғанда аймақта барлығы 76 өкпені жасанды желдету аппараты (ИВЛ) бар еді. Қазір олардың саны 244 данаға жетті. Алдағы уақытта қосымша 7 аппарат келеді деп күтілуде.
Ахуал күрделенген жағдайда қала мен аудандарда 3000 төсек-орын ұйымдастыруға мүмкіндік бар. Бүгінде жалпы құны 6,3 млрд теңгені құрайтын модульдік аурухана құрылысы жүруде. Ол төсек-орын санын 200-ге арттыруға мүмкіндік туғызады.
Облыс бойынша 79 жедел жәрдем бригадасы халыққа қызмет көрсетуде. Қосымша лизинг арқылы 40 санитарлық автокөлік қараша айында жеткізілді. Бұған қоса, 161 мобильді бригада құрылған. Оның 138-і қазір қызмет көрсетуде.
«СБ» ақпарат
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<