Бала күнімізден «Жанқожа батыр әулие болған. Атын көп атай беру дұрыс емес. Баба немесе батыр ата деу керек» деген қазақы тәрбиені бойымызға сіңіріп өстік.
Батыр бабаның кент орталығындағы кесенесіне жиі барып тұрамын. Әр барған сайын киелі мекеннің қасиетінен тылсым сыр ұққандай, баба рухымен іштей тілдескендей, бойыңа ерекше күш-қуат құйылғандай сезімге бөленесің.
Ойды ой қозғайды. Кесенедегі күтімі келісіп, желегі жайқалған тал-теректі көрген сайын «осынау қасиетті мекенге жеміс ағаштарын неге отырғызбасқа?» деген ой мені жиі мазалаушы еді. Ақыры бір шешімге келдім. Облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекция басшысы Марат Нұрмағанбетке қоңырау шалып, мән-жайды айтып, өтініш жасадым.
Көп ұзамай «Бабаға құрмет – ұрпаққа міндет» қағидасын тұтынған Мараттың облыс орталығынан салған жеміс ағаштары, яғни шие, сары өрік, қара өрік, алма, жүзім көшеттерін «Алпамыс» балабақшасының меңгерушісі Әльмира Жалпақбайқызы мен Ерталап Ниязымбет кесенеге жеткізіп беріп, қаржылай демеушілік көрсетті. Алла ниеттеріңізді қабыл қылсын!
Оразаның алғашқы күні Жанқожа баба кесенесінде игілікті жұмыс атқарылды. Қазалы ауданының әкімі Мұхтар Оразбаев және орынбасарлары, «Аманат» партиясы Қазалы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Нұрғиса Жалғасбаев, мәслихат хатшысы Бақытжан Жарылқап, облыстық мәслихат депутаттары Ибадулла Тілеп, Мнажадин Өтеев, Қазалының құрметті азаматтары Қасқырбай Әлімбай, Қасқырбек Мәмбетжан бастаған азаматтар кесене аумағына жеміс ағаштарын егіп, сауапты іс жасады.
Сенбілік барысында Қайрақбай Орынбасаров басқаратын кент әкімдігінің ұжымы жеміс ағаштары егілетін шұқырларды дайындап, су таситын арнайы автөкөлікпен қамтып, ұйымдастыру жұмысына белсенділік танытқанын атап өткен жөн.
Кесене шырақшысы, Жанқожа бабамыздың ұрпағы Дәурен Әбдіхалық әулие аруағына құран бағыштап, Қазалы ауданының құрметті азаматы Қасқырбай Әлімбай жиналғандарға бата берді.
Осындай жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.
Жұмабек ТАБЫНБАЕВ,
«Сыр бойы»
Қазалы ауданы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<