Кешкі кездесу

1409

0

Бұл кадр емес, бүтін бір жанр. Тағдыр. Табиғат. Тұрмыс. Әдеп. Махаббат. Қысқасы, тұтас бір дәуірге қойылған көркем ескерткіш сынды өте құнды жәдігер.

Әгәрәки «ХХ ғасырдың ең керемет сәті» деген фотоконкурс жарияланатын болса, бәйгені шаппай алатын Құлагер туынды.

Авторы – Болат Омарәлиев. Бөкең бұл суретті түсірген кезде әлі отызға да тола қоймаған кезі екен.

Бар зейіні объективте. Мына қайталанбас ғажайып сәтті өткізіп алу, фотограф үшін орны толмас өкініш. Күнә, тіпті қылмыс десе де, болғандай.

«Ту сыртымнан біреудің қарап тұрғанын арқаммен сезіп тұрмын. Бірақ мойын бұруға мұрша қайда?!

Суретті түсіріп болып, көңілім жай тапқан соң, артыма қарасам, ақын Махмұтбай Әміреев екен. Көзінде жас, қатты толқып тұрғаны көрініп тұр. Ақын толқыса, демек үлкен жұмыс тындырғаным, сонда барып бір-ақ түсіндім мұны», – дейді автор.

Бөкең бұл суретін сырт көзге көрсетуге қимай, бес жыл бойы тартпасында сақтаған көрінеді.

Біз Бөкеңнің ол қылығын іштарлыққа емес, құштарлыққа баладық. Өнерге деген, сұлулыққа деген құштарлық!

Осындай ғажайып сәтті объективтің алдына әкеп, қалт жібермей ұстап қалу үшін жалғыз құштарлық аздық қылары анық. Ол үшін қырағы көз, нәзік жүрек, терең түйсік, темірдей жүйке қажет.

Сол қасиеттің бәрі бір Бөкеңнің бойынан табылғанына тәнтімін!

P.S: Фото кейіпкерлердің кім екені бізге беймәлім. Тіпті олар өздерінің шедевр туындыға кейіпкер болғанын білмей өтуі әбден мүмкін.

Ол жағы тек авторға ғана аян.

Батырболат Айтболатұлы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<