Бүгін Есет батыр ауылдық мәдениет үйі мен Ақсу ауылдық клубы «Кеусен беру«,«Бата беру» сынды қазақы салт-дәстүрлерімізді жаңғыртып, жалағаштықтарға арнайы мерекелік қойылымдарын ұсынды.
Қазақ халқы кез келген шаруаның басталып-аяқталуын ескерусіз қалдырмаған. Кеусен – егіннен мол өнім алған ауыл шаруалары еңбеккерлерінің елдегі ағайынға өзінен артылғанын бөліп беру мырзалығы, егінді серік еткен диқан қауымының дәстүрлі салты. Бұл дәстүрдің астарында қазаққа тән бауырмалдылық, кеңдік, мәрттік және қайырымды іске жаны құмар халықтың өзіне ғана тән болмысы жатыр.
«Құдай берсін, кем қылмасын…», «Батаменен ел көгерер» деп, ниеті мен ақжарма тілегін екі алақанына сыйдырған текті халықпыз. Ақсу ауылдық клубы бүгінгі көне дәстүрлер күмбірлеген ұлттық дәстүрлер фестивальде «Бата берудің» тағылымын көріністеріне арқау етті. Жалағаштықтар орталық алаңда сән-салтанатымен орын тапқан қазақы нақыштағы ұлттық көрмені тамашалап, аудан өнерпаздарының мерекелік шарасына куә болды.
Айта кетейік, ұлттық дәстүрлерді кеңінен насихаттайтын фестиваль Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесіне дейін жалғасын табатын болады.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<