Кездесулер өткізілді

423

0

Кездесулер өткізілді «Ақ жол» демократиялық партиясынан Президенттікке үміткер Дания Еспаеваның сайлауалды штабы үгіт-насихат жұмыстары аясындағы кезекті сапарында Қарағанды қаласында кездесулер өткізді.

Штаб жетекшісі Азат Перуашев бастаған үгіт тобының  отырыстарына Мәжіліс депутаты Ерлан Барлыбаев, «Ақжол» демократиялық партиясы төрағасының орынбасары Дмитрий Васильев және штабтың басқа да мүшелері қатысты. Олар Қарағанды кәсіпкерлерін «Ақжол» партиясы атынан Президенттікке үміткер ретінде түсіп жатқан Дания Еспаеваның сайлауалды бағдарламасымен таныстырды. Сайлаушыларға үгіт матер­иалдарын таратып беріп, үміткердің отандық өндірісті қолдау бағытындағы қолжетімді несие, төмендетілген салық ставкалары және адал бәсекелестікке толыққанды жағдайлар жасау жайлы ұсыныстарын айтып берді.

Әңгімелесу барысында өңірдегі жеке бизнеске қатысты проблемалық жағдайлар талқыланып, бақылауға алынды. Партияның Қарағанды облысындағы филиалы өкілдерінің деректері бойынша өткен жылы оларға мемлекеттік органдар тарапынан заңсыз тексеруге ұшырап, құқығымыз бұзылды деген 800-дей кәсіпкер шағымданған. «Осындай жұмыс сапары кезінде біздің кандидат және біздің парламенттік фракция көңіл аударатын мәселелерді жинақтаймыз. Өйткені, адал бәсекелестікті қалыптастырып, монополияны жойғанда ғана саяси жүйе мен экономиканы дамыта аламыз» деп атап өтті А.Перуашев.

«Ақжол» партиясынан үміткер Дания Еспаеваның сайлауалды бағдарламасымен Қарағанды турбомеханикалық зауыты ұжымы да танысты. Бұл кәсіпорын нарықта 25 жылдан бері жұмыс істеп келеді, негізгі атқаратын жұмыс жылу электрстанцияларын жөндеу, қызмет көрсету және станцияға арналған қосалқы бөлшектерді дайындау болып табылады. Осы уақыттан бері қуаттылығы әркелкі төрт жүзден астам турбина қалыпқа келтірілген. Тапсырыстар ТМД елдерінен де түсіп жатады. Зауыт ұжымымен кездесуде  штаб мүшелері үміткердің қазақстандық кәсіпорындардың нарықтағы  беделін қамтамасыз ету жөніндегі ұсынысы туралы айтып өтті.  Бұл сондай-ақ өнімдерін сыртқа жөнелтетін жер қойнауын пайдаланушы шетелдіктерге қатысты екені айтылды. Партия өкілдері мұндай шаралар отандық өндірісті белсенді дамытуға, сонымен қатар ел экономикасын дамытуға мүмкіндік беретінін жеткізді.

***

«Бізге мұнай, көмір, темір сияқты қазба байлықтарға сеніп отыра бермей, ауыл шаруашылығын да нықтап қолға алу керек. Өйткені, соңғысы ешқашан сарқылмайды. Сондықтан, оны қазірден бастап бір жолға қойып, әлеуетін толық пайдалана алсақ, болашаққа алаңдауға еш негіз қалмайды» –  деді Төлеутай Рақымбеков Алматыдағы аграрлық ғылым өкілдерімен кездесу барысында.

Қазақ топырақтану және агрохимия ғылыми-зерттеу институты жердің беткі қабатын зерделеп, оның құнарлылығын арттыру технологиясын әзірлейді. Тіпті, бұнда әлемде теңдесі жоқ бастамалар да бар. Соның арқасында қазір ауыл шаруашылығымызда өнімділік артып, саланың бойына қан жүгіре бастаған. Ал, Төлеутай Рақымбеков осындай ғылыми мекемелерге қолдауды аямау керектігі жайында үнемі айтады.  

Бұнда ғылыми жұмыспен айналысуға барлық жағдай бар. Яғни, озық құрал-жабдықтармен қамтылған. Алатын айлық­тары әлдеқайда жоғары. Тіпті, жас мамандарға уақытша баспана да бері­леді. Президенттіке үміткер енді осындай жағдайды басқа да ғылыми-зерттеу мекемелерінде жасау керек дейді. Сонда ғана аграрлық ғылым мен өндіріс алға басарына сенімді. 

Аграрлық ғылым саласының өкіл­дерімен кездесу барысында салаға жас мамандарды тарту, жұмыссыздықпен күрес және жемқорлықты жою мәселелері де сөз болды.

***

4 маусым күні Өскеменде ҚР Президенттігіне үміткер Ж.Ахметбеков Экономика және қаржы колледжінің оқытушы-профессор құрамымен және студенттерімен кездесті.

ҚР Президенттігіне үміткер Ж.Ахметбеков Қазақстан Коммунистік Халық партиясы ҚР Парламенті Мәжілісінен орын алып отырған саяси ұйым екенін және мемлекеттік деңгейде халық мүддесін қорғайтынын айтты. Бұдан кейін спикер сайлауалды тұғырнаманың басым бағыттарын таныстырып, тұғырнама коммунистік идеология ұстанымдарынан бас­тау алатынын тілге тиек етті.

Ж.Ахметбеков ҚКХП АӨК өнімдеріне тұтынушылық сұранысты ынталандыру бағдарламасымен бірге кедейлікпен күрес бағдарламасын қабылдауды, оны іске асыруды және отандық тауарға деген сұранысты арттыруды бірнеше рет ұсынғанын және оның жүзеге асырылуы үшін жұмыс істейтінін ерекше атап өтті.

Кездесу соңында спикер 9 маусым күні өтетін кезектен тыс Президент сайлауында белсенді болуға және лайықты үміткерге дауыс беруге шақырды.

***

Қазақстан Республикасының Прези­денттігіне үміткер Әміржан Қосановтың сайлауалды штабының үгіт-насихат жұмыстары Ақтөбе қаласында жалғасты.

Кандидаттың сенімді тұлғалары сайлаушылармен кездесу өткізді.

Жиынға жиырма адам қатысты. Кездесудің модераторлығын облыстық сайлауалды штабының басшысы Айтқали Италиев атқарды.

Кездесу барысында платформаның негізгі бағыттары талқыланып, жұмыскерлермен қарапайым тұрғындар өз пікірлерін ортаға салды.

Пікірлесу барысында қатысушылардың өзекті сұрақтарына штаб мүшелері жауап берді.

***

Нұр-Сұлтан қаласы мен Алматы облысында Қазақстан Республи­касы Президенттігіне кандидат Амангелді Таспиховтың сенімді өкілдері жұрт­шылық­пен кездесті. Талдықорғанда еңбек ұжымдарымен кездесіп,  ел астанасында жастар флешмобына қатысты.

Кездесуге кәсіподақтардың жастар қозғалысының 200-ден астам белсенділері жиналды. Президенттікке кандидаттың өкілдері А.Таспиховтың сайлауалды платформасы туралы мәлімдеді. Ал кандидат өзінің парламент мәжілісіне бюджет ұйымдары қызметкерлерінің жалақысын тағайындау жөніндегі механизмді қайта қарауды ұсынатынын мәлімдеді.

***

Президенттікке үміткер Сәдібек Түгел шы­ғысқазақстандықтармен кездесті. Аймақ­тың проблемалары айтылды. Олар­дың көпшілігі үміткердің сайлауалды бағдарламасында көрініс тауып отыр.

Кандидат қазақстандықтардың тіл мәселесі туралы айтты. Ұлттық тәрбиені мектеп табалдырығынан бастап енгізіп, жас ұрпақтың мәдениетті болуын осы бастан қалыптастыру керектігін, қазір белең алып отырған түнгі клубтар, букмекерлік кеңселер дегендерді жабу керектігін мәлімдеді.

Сәдібек Түгелдің сенімді өкілі Салтанат Құмарова президенттікке үміткердің Қазақстанда «адамгершілік полициясы»  деген ұғымды қалыптастыру туралы ұстанымы бар екенін айтты. Ол жастардың азғындауына жол бермеу жолдарын ұсынып, отбасының  үлкен проблемаларын шешу қажеттігін жеткізді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<