Жалағаш ауданы әкімдігінің қолдауымен «Жалағаш – Достық мекені» қоғамдық бірлестігі, аудандық әйелдер кеңесі және «Темірқазық» қоғамдық бірлестігімен бірлесіп Түркістан қаласына саяхат ұйымдастырылды.
Киелі Түркістан топырағына сапарлаған аудандық әйелдер кеңесінің мүшелері, ақжаулықты аналар, этнос өкілдері, «Темірқазық» қоғамдық бірлестігінің жастары тарихи орындардың тарихымен кеңінен танысып, көне деректерге қанық болды. Сапар барысында әуелі Сауран қалашығының орнына аялдады. Түркістан облысы аумағында орналасқан Сауран қалашығы көне тарихтың теңдессіз ескерткіші, ортағасырларда гүлденген шаһар болған.
Саяхатшылар мұнан ары Арыстан баб кесенесіне, Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне және ескі Отырарға табан тіреді. Арыстан баб кесенесі – көне Отырар жеріндегі сәулет өнері ескерткіші. Түркістан халқының арасында мұсылман дінін таратушы Қожа Ахмет Ясауидің ұстазы болған Арыстан баб қабірінің басына салынған. Кесене дәлізхана, мешіт, құжырахана, азан шақыратын мұнара сияқты жеке бөлмелерден құралған.
Алты ай бойы құламаған Отырардың ортағасырда гүлденгенін тарихтан білуге болады. Қазба жұмыстарының нәтижесі де шаһардың дамыған қала мәдениетін дәлелдейді. Қазіргі таңда қалашықтың орны, ондағы тарихи жәдігерлердің сынықтары мен қалдықтары ортағасырдағы тұрмыс-тіршіліктен сыр шертіп тұр.
Айта кетейік, сапар барысында бөлім қызметкері Арыстанбек Байқабылов әрбір тарихи орынның, жәдігердің тарихы, қалашықтардың ортағасырдағы дамуы және бүгінгі күнге дейінгі сақталуы туралы көне деректер, тың мәліметтермен бөлісті.
Қоғамдық даму бөлімінің баспасөз қызметі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<