Киелі жануар қорғауда болады

894

0

Фото: ашық дереккөз

Қазақ танымында киіктің киелі екені әу бастан белгілі. Біз мұны талқылап жатпаймыз. Кең далада жүйткіген жануар жайында аңыз да көп әрі жаратылысы да тым ерекше екенін білеміз. Ол жайлы жеткілікті жазылды.

Тағы бір дерек, киіктің төл атамекені қазақ даласы деседі. Расымен солай. Өйткені, бөкеннің 90 пайыздан астамының тіршілігі біздің республика аймағына байланған.

Бір кездері  қыруар киікті  азайтуға өзіміз үлес қосыппыз. Бұл өтірік дерек емес. Етінен бөлек, тағы бір дүниесіне құнықтық. Теке біткенді топырлата қырып атып, мүйізді шетелге арттық. Сонда да осындай қуғын көрген қайран жануар қазақ даласынан  безбепті. Әсіресе, тоқырау жылдары тым азайса да, үйренген аймақтан алыстамаған. Сарыарқа мен Сыр, Торғай мен Орал маңында, кей-кейде Ресейдің Астрахань жеріне дейін өтіп, кейін қайтып келіп отырған.

Бізге белгілі мәлімет, екі мыңыншы жылдардың басында Қазақстанда 23 мың бас киік қалыпты. Содан соң Үкімет оларды қорғау бойынша шара қабылдады. Дұрысы, мораторий енгізілді. Міне, осындай қатаң қорғау арқасында жойылуға шақ қалған киелі аңның саны артқан. 20 жылға жуық уақытта олардың саны 1 млн 300 мыңнан асты. Айтып отырған сандық көрсеткішіміз былтырғы екен. Әрі ешкісінің төлдемеген уақытындағы санақ.

Жыл соңында әдеттегідей «Киік» акциясы өткен болатын. 1 желтоқсан мен 1 қаңтарға дейін өткен акцияның міндеті – облыс аумағындағы киік пен өзге де аңдардың тыныштығын күзету. «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК өңірлік филиалының мәліметінше, бұған 35 инспектор, 15 автокөлік, 7 мобильдік топ жұмылдырылған.

– Жалпы қыста  киік  біздің  облыс аумағында көбейеді. Сол себепті бір ай көлемінде оларды қорғау жұмыстары күшейтілген түрде жүргізіледі. Бұл шара еліміздің 12 облысында ұйымдастырылады. Бұған дейін айтқанымыздай, былтыр жүргізілген арнайы санақтың нәтижесінде киіктің саны 1 млн 318 мың басқа көбейген. Ал біздің Қызылорда облысының солтүстік-шығыс беткейіндегі «Қарақұм» даласында 30 мыңға жуық киік қоныстанған, – дейді «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК өңірлік филиалының басшысы Расул Маханов.

Сондай-ақ акция барысында «Қызылорда-Ақтөбе», «Қызылорда-Жезқазған» және «Қызылорда-Түркістан» бағытындағы жолдарда мобильдік топтар мен арнайы бекеттер жұмыс істепті. Жалпы өткен айдағы акция бойынша 22 бірлескен іс-шара жүрген. Соның барысында 1 қылмыстық құқық бұзушылық және 2 әкімшілік құқық бұзушылық тіркеліпті.

Ал облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бөлім басшысы Рахымжан Бурабаевтың айтуынша, табиғат байлығын қорғауда атқарылған іс аз емес. Жыл сайын инспекциямен бірге табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы, «Охотзоопром» ӨБ» мекемесі, облыстық полиция департаментінің табиғатты қорғау полициясы, республикалық, облыстық БАҚ өкілдері және өзге де органдармен бірлескен арнайы іс-шара жоспары жасалып, бекітіледі. Осы бойынша табиғат мүлкін арашалау бағытында аталған мекеме қызметкерлерімен бірлескен рейдтер тұрақты жүреді.

Ерекшелеп айтатын бір жаңалық бар. Кейінгі кезде киікке қатысты дау көбейді. Бұған себеп – төрт түлікке тиесілі жайылымдық жердің көбінде осы жануардың көптеп жүруі. Оған қоса әр өңірдегі егістікті бүлдіріп, шаруаларға да қолайсыздық тудыруда.

Осыған байланысты, салалық министрлік биыл киік популяциясын басқару жөніндегі биологиялық негіздеме аясында оларға ғылыми зерттеуді жоспарлап отыр. Зерттеу бойынша киік популяцияларының даму болжамы, ареалы мен көші-қон жолдарын нақтылау, азықтық базасын зерделеу және ауыл шаруашылығымен бәсекелестігін төмендету бойынша ұсыныстар әзірленбек.

Екіншіден, зерттеуге қатысты Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті былтыр желтоқсан айында бұйрық шығарыпты. Онда айтылғандай, ғылыми зерттеу жұмыстары кезінде республиканың бүкіл аумағындағы киіктерді, олардың бөліктері мен дериваттарын пайдалануға қатысты мораторийді 2024 жылға дейін ұзартқан. Демек, киік әлі де мемлекет қорғауында деген сөз.

Сөз соңы. Айналадағы жорғалаған аң мен ұшқан құс мемлекеттің мүлкі екені белгілі. Заңсыз аттыңыз ба, зиян келтіргеніңіз үшін айыппұл арқалайсыз, тіпті, одан көп мөлшерде залал келтірсеңіз, түрмеге қамау жағы да қарастырылған. Айтпақшы, оқырман қаперінде қалсын деген қажеттілікпен айтайық. Биылғы биологиялық негіздемеге сәйкес, облыстан 246 бас қасқыр мен 7 мыңға жуық шибөрі санын реттеуге лимит берілген екен. Қазір қасқыр аулау лимиті толық игеріліп, бұған қатысты рұқсат құжаты берілмеуде. Ал шибөріні жоюға рұқсат қағазыңыз болса, кедергі жоқ.

Ержан ҚОЖАС,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<