Киік санағы басталды

783

0

Ақбөкенді қазақ «киік» деп атайды. Киелі аң деп қастерлейтін осы сұлу жаратылыс шөлейтті және далалық аймақтарда тіршілік етеді. Олар ауа райына, жайылым жағдайына байланысты қонысын ауыстырып отырады.

Мәселен, облыстың солтүстік-шығыс беткейі Қарақұм деп аталатын далалық аумағына Бетбақдала популяциясының киіктері қыс мезгілінде қоныс аударады. Биылдың өзінде «Охотзоопром» РМҚК Қызылорда филиалы инспекторларының қорғау жұмыстары нәтижесінде 30 мың басқа жуық киіктің келгені байқалған.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Киік» кең ауқымды табиғатты қорғау акциясы аясында жүргізілетін жұмыстар баяндалды. Акция сәуірдің 15-і мен мамырдың 15-і аралығын қамтиды.  Жойылып кету қаупі бар жануарлар қатарындағы тіршілік иесін аулауға 2023 жылға дейін тыйым салынған. Киіктердің лақтайтын, өрістейтін тұрақты жері, сол өңірге жыл сайын жылы жақтан келіп, кері қайтатын арнайы жолы да болады. Бір ғажабы, ақбөкендер табиғат тамыршысы секілді, қыстың қарлы боранды болатынын, көктемнің кеш туатынын алдын ала біледі. Өздері де соған сәйкес тіршілік етеді.

Олардың төлдеу уақытында қолға алынған іс-шара жан-жақты күшейтілген режимде республиканың 12 облысында жүргізіледі.

–    Ақмола, Ақтөбе, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Маңғыстау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстарының аумағында 430-ға жуық инспектор, 2 тікұшақ, 90 «Джип», 34 «кунг» автокөлігі мен 7 спорттық мотокөлік жұмылдырылуда. Арнайы техникалардан дрон аппараттары мен безпилотниктер қолданылып, басқа да мүмкіндіктер қарастырылады. Акция аясында құзырлы құқық қорғау органы қызметкерлерімен бірге «Қызылорда-Ақтөбе», «Қызылорда-Жезқазған», «Қызылорда-Түркістан» бағытындағы жолдарда мобильдік топтар мен бекеттер жұмыс істейді,– деді «Охотзоопром» РМҚК Қызылорда филиалының басшысы Берік Жорабеков.

Орал, Үстірт, Бетбақдала популяциясында киік саны өткен жылғы санақ бойынша 842 мың бас болған. Бүгінде екі тікұшақ әуе арқылы биылғы санақ жұмыстарын бастап кетті.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»