Кілемдегі көркем бейне

509

0

Наурызнаманың ерекше мазмұны мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күнінде ашыла түсті. Айтулы датада қазақтың ұлттық құндылығына басымдық беріліп, өнер иелерінің таным мен талғамды тоғыстырған туындыларына куә болдық. Әсіресе, облыс орталығында ұйымдастырылған суретші Дәулетбек Тойшыбаевтың «Kilem Аrt» атты көрмесі сырбойылықтар үшін мереке қарсаңындағы ерекше тартуға айналғаны анық.

Кілемдегі көркем бейне

Қызылорда қаласындағы С.Айтбаев атындағы көркемсурет галереясында ұйымдастырылған көрменің ашылуына облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Мира Қазбекова, Қазақстан Суретшілер одағының облыстық филиал төрағасы Темірбек Сағымбаев қатысты. Кеш қонақтары ұлттық дәстүрді насихаттау арқылы заманауи өнер үлгісін көрсете білген суретшіге сәттілік тілеп, қолөнер туындысына баға берді.

– Мемлекет басшысының креативті индустрияны дамыту бағытындағы тапсырмасын орындау мақсатында былтыр ашылған «Анаға тағзым» орталығы жүйелі жұмыс істеуде. Орталықта жергілікті шеберлердің көрмелері, түрлі жәрмеңке ұйымдастырылып келеді. Ондағы «Қазақ елінің ұлы аналары» картинасы авторларының бірі – бүгінгі көрме иесі Дәулетбек Тойшыбаев, – деді басқарма басшысы.

Көрмеге қойылған туындылардың ерекшелігі сол, мұнда шағын кілем бетіне қазақ әйелдері бояумен бейнеленген. Оның ішінде Сақ сұлуы, Сығанақ аруы, Бегім ана, Қыз Жібек, Дина күйші секілді тұлғалар қамтылған. Бір қызығы, мұндағы 12 кілем-картинадағы бейненің бәрі Сыр қыздарының арнайы түскен фотоларынан көшіріліпті.

– Кілемдегі бейнелер арқылы қазақтың белгілі аналарының галереясын заманауи әдіспен жасағым келді. Көпшіліктің қызығушылығы мен сұранысқа қарағанда талабым теріс болмаған сияқты. Алдағы уақытта бұл бағыттағы шығармашылығымды дамытып, ел назарына тың картина ұсынатын боламын, – дейді суретші.

Бұл Дәулетбек Тойшыбаевтың заманауи өнерге жасаған алғашқы талпынысы емес. Бұған дейін ол құммен және шегемен сурет салу, сазбалшықтан құмыра құрастыру секілді талантымен тәнті еткен еді. Стринг-арт әдісі арқылы қала сәулетін креативті муралдармен толықтырған еңбегі тағы бар. Бүгін, міне, суретке әр қырынан қарап, жаңаша тыныс сыйлайтын қасиеті арқылы кілемде арулардың келбетін көркем бейнеледі.

Айта кетейік, креатив-суретшінің көрмесі 31 наурызға дейін жалғасады. Сондақтан кілем кеңістігіндегі аналар келбетін көруге асығыңыз, оқырман!

Ерсін ШАМШАДИН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<