Кімнің несиесі кешіріледі?

3244

0

Өткен аптада «28 мың қазақстандықтың микроқаржы ұйымдарына қарызы кешіріледі» деген хабар тарады. Ел тұрғындарының барлығында демейік, он адамның сегіз-тоғызында несие деген «бас ауру» бар. Сондықтан бұл жайындағы жаңалықты қас қақпай бағып отыр.

Мәжіліс депутаттарының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне несиеге қатысты жолдаған сауалына агенттік төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Әбдірахманов жауап берген. Агенттік кепілсіз онлайн микрокредит беру сегментіндегі 30 микроқаржы ұйымынан азаматтардың проблемалық микрокредиттерін төмендету жөніндегі жеке жоспарларын талап еткен.

«Жыл соңына дейін микроқаржы ұйымдары 33,1 миллиард теңге сомасына 432 мың қарыз алушының проблемалық берешегін қайта құрылымдауды жоспарлаған. Ал 107 мың қарыз алушының 0,8 миллиард теңгесі ішінара, ал 28 мың адамның несиесі толық кешіріледі» делінген Н.Әбдірахмановтың жауабында.

Бірінші қазанға дейін микроқаржы ұйымдары 285,5 мың қарыз алушыға қатысты проблемалық берешекті төмендету жөніндегі іс-шараларды жүзеге асырды. Оның ішінде негізгі борыш пен сыйақы бойынша 66,4 мың қарыз алушының 585 миллион теңге берешегі, 756 миллион теңге тұрақсыздық айыбы толық және ішінара кешірілген. 4,8 миллион теңге мөлшерінде тұрақсыздық айыбы есептен шығарыла отырып, 15,3 миллиард теңге сомаға 219,9 мың борышкердің микрокредиті қайта құрылымдалды. Агенттік жеке жоспарлардың орындалуын бақылауды жалғастырмақ.

Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин несиеге жауапкершілікпен қарайтындар және уақытылы төлемейтіндер бар екенін айтып, осы жаңалыққа қатысты пікірін білдірді. «Төлеуге мүмкіндігі болса да, қарыздан қашып жүргендер де табылады. Сондай қашып жүрген, үсті-үстіне кредит ала беретін, жауапкершілігі төмен азаматтардың несиесі кешіріліп, ал несиесін өзі төлеп, тапқан-таянғанын үнемдеп жүрген азаматтар жүйеге кірмей қалса, әділетсіздік болады» деді депутат.

Сондай-ақ кредиттерді кешіру кезінде отбасының әлеуметтік жағдайын жіті зерттеп, мәселен, әлеуметтік жағдайы кезінде жақсы болған, бірақ кейін табыс тауып отырған адам қайтыс болса немесе  жұмыстан шығып қалса, олардың несиесін ішінара кешіруге болатынын, бірақ, адамдардың бәрінің несиесін жаппай кешіру дұрыс еместігін айтты.

Экономист Мақсат Халық «елде жалпы сомасы 600 миллион теңге несие кешіріледі,  оны адам санына бөлгенде кешірілетін несие 20 мың теңге ғана екен» дейді. Оның сөзінше, 28 мың азаматтың несиесі кешіріледі деп ақпарат тарату – қателік. Себебі 600 миллион теңгені 28 мың адамға бөлсе, бар болғаны 20 мың теңге шығады.

Енді кімнің несиесі деген мәселеге келсек, менің ойымша, бұл – микроқаржы ұйымдарының несиелері. Қазір мұндай ұйымдар өз несие портфельдерін тазалап алмақшы. Кей азаматтар 20 мың немесе 50 мың теңге алып, бірақ қарызы сол күйі төленбей қалған. Болмаса, біреудің атына алаяқтар несие рәсімдеуі мүмкін. Мұндай қаржының төленбейтіні анық. Осындай несиелер кешіріліп жатса керек» дейді экономист.

Сарапшының айтуынша, төленбейтін несиені кешіру арқылы микроқаржы ұйымдары қаржылық несие рейтингін көтере алады. Егер төленбеген несие көбейсе, банк немесе компанияға ешкім қарызға ақша бермейді. Берген күннің өзінде пайызын өсіреді. Сондықтан анық қайтпайтын несиені жоюға тырысады. Мұны несиені кешіру емес, «несиені жою» деп атаған дұрыс екен.

Еліміздегі жеке тұлғалардың мойнындағы несиенің жалпы сомасы 13 трлн теңгеден асқан. Бұл деректі келтірген Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі «Жеке тұлғалардың кредиттері 2022 жылғы қыркүйекте 2,5% ұлғайып, 13,1 трлн теңге болды (жыл басынан бері 21,6% өсті). Жеңілдетілген мемлекеттік ипотекалық бағдарламаларды жалғастыру нәтижесінде ипотекалық кредиттеу 3,3% немесе 4,3 трлн теңгеге дейін ұлғайған. Сондай-ақ, тұтыну қарыздары 2,3% немесе 7,2 трлн теңгеге дейін өскен» деген хабарлама таратты.

Сонымен 1 қазандағы жағдайды бағамдасақ, банк секторы бойынша өтелмеген қарыздардың деңгейі 802 млрд теңгеге жетіп, жалпы несие портфелінің 3,6%-ын құраған. «Шағын және орта бизнесті қоса алғанда, тұлғалардың портфелінде төлеу мерзімі 90 күннен артық кешіктірілген қарыздардың үлесі 3,5% немесе 349 млрд теңге болып отыр. Жеке тұлғалардың портфелінде бұл көрсеткіш 3,7% немесе 453 млрд теңге» деді агенттік.

Жыл аяғына дейін бар болғаны бір жарым айдан сәл асатын уақыт қалды. Кешірілетін несиеге байланысты ел ішінде түрлі әңгіме айтылғанмен, агенттіктің ресми хабары жоғарыдағыдай. Микроқаржы ұйымдары оны қалай жүзеге асыратынын уақыт көрсетеді.

М.Мерей

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<