Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің 1959 жылғы 3 ақпандағы №85 қаулысына сәйкес «КСРО мемлекеттік банкінің несиелері есебінен кинотеатрлар салу және республикада тұрақты кинотеатрлар салуды жеделдету шаралары туралы» және облыстық еңбекші депутаттар кеңесінің атқару комитетінің шешімі шықты. Қызылорда қаласында 200 мың рубль сметалық құнымен 500 орындық кең экранды кинотеатр құрылысы басталған. Құрылыстық-монтаждау жұмысын облыстық құрылыс басқармасына қарасты №3 «Кзылорда-Строй» тресі қолға алған. «Кзылорда-Строй» треспен 1960 жылдың 6 сәуірінде барлық құрылысына байланысты бас келісімшартқа қол қойылып, театр құрылысын 1960 жылдың мамыр айынан бастаған. 1961 жылғы қаңтардағы есеп бойынша монтаждау-құрылыс жұмысына 13,9 мың рубль ғана жұмсалған.
Қызылорда қаласында 1961 жылы фильм базасы құрылысына 110 мың рубль бөлінген. Кинофильм кеңселері 161 киноқондырғымен жабдықталған. Оның ішінде; мемлекеттік органдарға 84, кәсіподақтарға 33, ведомстволық ұйымдарда 44 қондырғы үздіксіз жұмыс жасаған.
Архив қорындағы 1961 жылдың 1 сәуіріндегі анықтамада жалға беру бойынша 1158 көркем кинофильм көшірмесі сақталған, оның 305-і – қазақ тіліндегі фильмдер, 694-і – ғылыми-танымдық, 558-і – хроникалық-документальді фильмдер.
«Халықты кино қызметімен қамтамасыз етудің кемшіліктері жайлы» 1960 жылдың 15 тамыздағы Қызылорда облыстық партия комитетінің қаулысына сәйкес облыстық мәдениет басқармасының «Кино жалға беру және кинофикация» бөлімінің басшылығы кинотеатр саласына қатысты біршама жұмыстар атқарған.
Қызылорда қаласында мемлекеттік банктің қаражатымен 400 орындық жазғы кино алаңы салынған, Жаңақорған ауданы орталығында 260 орындық кинотеатр, Арал ауданы орталығында аудандық мәдениет бөлімінің жұмысшыларының күшімен 100 орындық клуб салынған. 1960 жылдың өзінде облыс бойынша 8 стационарлы киноқондырғы ашылған. Сол облыс клубтары мен кинотеатрларында 10162 толық метражды, 424 ғылыми-танымдық, хроникалық-документальді кинофильм көрсетілген. Көпшілік қауымға қазақ тіліне аударылған фильмдерді көптеп тарату мәселесі қолға алынғаны туралы, мерекелік тақырыптық күндерге қатысты кинофестивальдер өткізілгені жайлы анықтамалар архив қорында сақталуда.
Кино саласына елеулі еңбек етіп, үлес қосқан киномеханик қызметкерлер қатарына Х.Д.Катопуло, Шиелі аудандық мәдениет бөлімінің киномеханигі А.П.Соловьев, Мәлібековтерді жатқызуға болады.
Архив деректеріне қарағанда, 1962 жылдың 27-28 қарашасында облыстық партия комитетінің және облыстық атқару комитетінің басшылығы автоклуб, қызыл үй, жылжымалы киноқондырғылары жұмысшыларымен семинар-кеңес өткізген. Онда облыстық мәдениет басқармасы басшысы Ж.Байхожаев баяндама жасап, кинотеатрлар жұмысына тоқталған.
Бүгінде қызметі тоқтаған кинотеатр жұмысы жайлы деректер көрермен көкейіне ой салары анық.
Дана ҚАЛТАЕВА,
облыстық мемлекеттік архиві
қоғамдық-саяси тарихы архиві филиалының бөлім
басшысы





