Фото: ашық дереккөз
«Қазақстан» телерадиокорпорациясы түсірген «Қаныш. Қазына» тарихи телехикаясының негізіндегі «Қаныш» көркем фильмі кинотеатрлардан көрсетіледі.
Тарихи туынды 2 ақпаннан бастап еліміздің барлық кинотеатрлар желісі арқылы үлкен экрандардан ұсынылады.
«Қаныш» фильмінің сюжеттік желісі – геолог-ғалым, академик Қаныш Сәтбаевтың өмірі мен еңбек жолына негізделген. Жас Қаныштың қазақ халқының басына күн туған – ашаршылық және қуғын-сүргін жылдарындағы геология саласындағы алғашқы қадамдарын баяндайды.
Режиссері – Ерлан Нұрмұхамедов, сценарий авторлары – Әмір Әменов және Ален Рахметалиев. Фильмде Қаныш рөлін Әсет Есжан сомдайды.
«Біз осы фильм арқылы халқымыздың тарихындағы ерекше тұлғалардың жолын көрсетуге тырыстық. Соларға қарап, өскелең ұрпақ бой түзер деген үмітіміз де бар. Қаныш Сәтбаев 27 жасында білімі мен табандылығының арқасында сол кездегі ең ірі мыс кен орындарын ашып, кейін Қазақстанда металлогения мектебінің негізін қалады. Материалға үңіліп, ғалымның өмір тарихымен, кәсіби қызметімен танысып, ол кісінің ерік-жігеріне таңғалдым. Отбасындағы қайғылы оқиғаларға қарамастан, халқына қызмет етіп, тер төкті, ғылыммен айналысты. Менің мақсатым – халқымыздың тарихында қайратты тұлғалардың болғанын көрсету. Сондай-ақ, жастарымыз солардан үлгі-өнеге алып, отбасы, халық пен ел игілігі үшін еңбек етсе екен деп ойлаймын» – дейді фильм және сериал режиссеры Ерлан Нұрмұхамедов.
6 бөлімді «Қаныш. Қазына» телехикаясын «Qazaqstan» ұлттық телеарнасы 2021 жылы түсірді. Жоба 2022 жылы толықметражды фильм ретінде халықаралық «Literature in Cinema» кинофестивалінде «Үздік фильм» («Best film») жүлдесіне ие болды.
Айта кетсек, Қазақстан ғылымын дамытуға өлшеусіз үлес қосқан біртуар ғалым жарты ғасырдан астам уақыт бұрын 1964 жылғы 31 қаңтарда өмірден өтті. Бүгінде қалаларға, көшелерге, университетке оның есімі беріліп, 2021 жылы ел президентінің тапсырмасымен елордада Қаныш Сәтбаевқа ескерткіш орнатылды.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<