«Кіші Аралдың күрделі мәселесі

796

0

Сенат Спикері Мәулен Әшімбаев Палата отырысында «Көкарал» бөгетінің бүгінгі жай-күйіне назар аударып, оған күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу кезек күттірмейтін мәселе екенін айтты.

Палата Төрағасы осыдан 5 жыл бұрын бөгеттің бір бөлігін су шайып кеткенін, соның салдарынан бүлінген учаскенің көлемі бүгінде 200 метрге жеткенін тілге тиек етті. Бұл Кіші Арал, жалпы өңір үшін үлкен қауіп екені сөзсіз.

«Осыдан екі апта бұрын Арал қаласында өзбекстандық әріптестерімізбен кездесіп, Аралды қалпына келтіру мәселесін жан-жақты талқыладық. Сол кезде депутаттар «Көкарал» бөгетіне арнайы барып, оның жағдайын өз көздерімен көрді. Жалпы, «Көкарал» – стратегиялық маңызы бар нысан. Бірақ оны жөндеу жұмыстарына қатысты немқұрайлылық бізді алаңдатып отыр. Егер аяқ астынан төтенше жағдай болса, Кіші Аралда жиналған су құмға кетеді. Оның әлеуметтік-экономикалық, экологиялық салдары қандай болатыны айтпаса да түсінікті. Сондықтан бөгетті күрделі жөндеу жұмыстарын дереу бастаған жөн», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сенат Төрағасы келтірген дерекке сүйенсек, бүгінде Қызылорда облысының әкімдігі бөгетті жөндеуге қатысты құжаттарды әзірлеген. Соған сәйкес аталған жұмысқа жалпы 5 млрд теңгеге жуық қаражат керек. Ал жөндеу жұмыстарын биыл бастау үшін 500 млн теңге қажет.

Мәулен Әшімбаев Қаржы министрлігіне және Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне осы мәселеге назар аударып, биылға тиісті қаражатты бөлу мүмкіндігін қарастыру қажет екенін жеткізді. Ал, қаражаттың негізгі бөлігін күзде 2023 жылғы бюджетке енгізуді ұсынды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<