Кісі болдым… боқтап кеттің біреуің

3564

0

Кісі болдым… боқтап кеттің біреуің.
Кішірейдім… аттап кеттің біреуің.
Қайран менің астаң-кестең көңілім,
Қайран менің қырық жамау жүрегім.

Табан асты тапталған соң биігі,
Бұ жүректің естілмей жүр жиі үні.
Жақын көрген адамыңның жат ойын
Жанарынан оқып қою - қиыны.

Күнге теңеп көтеріп ап, күндейді ел,
Ал, сонан соң жыламай көр, күлмей көр.
Кеше біреу "жер - домалақ" деп кетті,
Өз басының доп екенін білмейді ол.

Сағым сынды, бір ой қозғап бір ойды,
Сартап мұңым сарқылатын сыңайлы.
Пенде біткен пәк болса егер,
Құранда "кешірімді" демес еді-ау Құдайды.
Жалқы-сыңар жанымды ерте-кеш ұғар,
Қолдан келсе шапанымды шешіп ал.
Жұмақты айтып қызықтыра алмасам,
Тозақты айтып қорқытамын, несі бар?

Тұрақ таппай не аспаннан, не жерден,
Татқан уым таңдайымда кезерген.
Өзегімді жарып шығып, түбінде
Өлмес өлең жазарымды сезем мен.
Аружан ОРАЛБАЙ




!




 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<