Қазір елімізде кітап оқитындар, оның ішінде кітапханаға барып, кітапты қолына алып оқитындар көбейген. Жағымды жаңалықты жария еткен – «Ranking.kz» сайты. Аталған сайттың мәліметіне жүгінсек, өткен 2021 жылы кітапханаға барғандар саны артып, рекордтық көрсеткішке жеткен.
Әлбетте, кітап – сарқылмас қазына. Оны оқитындар көбейгені көңілімізге қуаныш ұялатты. Бәлкім, осы да жаңалық па дерсіз? Балаларымыз бесіктен белі шықпай жатып смартфонға байланған заманда мұның жағымды ақпарат, үлкен жаңалық екені даусыз.
Өкінішке қарай, өркениеттің ордасы саналатын кітапханаға кейінгі жылдары санаулы адам ғана бас сұғатыны үйреншікті көрініске айналды. Ал, бүгін ше? Сандарды сөйлетіп көрелік. Цифрлық медиа талабымен электронды кітаптар қатары көбейгендіктен кітапханаға барушылар саны сиреген.
Кейінгі ширек ғасырда елімізде кітапханалар саны 7352-ден 3920-ға дейін қысқарыпты. Бірақ кітапхана саны азайғанмен, оған баратындар қатары азайған жоқ. Кітапханалар үшін 1999 жыл сәтсіз жыл болды. Бұл жылы республика бойынша кітапханаға барғандар саны 2,6 млн адам ғана болған. Алайда, бұл көрсеткіш жылдан-жылға өсіп, бүгінде кітап оқушылар саны 6 миллионға жеткен. Оның ішінде 34,6 пайызы (2,1 миллионы) – кітапхананың интернет-ресурсын пайдаланатындар.
Демек, халық кітап оқиды. «Қазір ешкім бұрынғыдай кітап оқымайды» деген – бекер сөз. «Кітап дегеніміз – алдыңғы ұрпақтың кейінгі ұрпаққа қалдырған рухани өсиеті. Кітап оқудан тыйылсақ, ой ойлаудан да тыйылар едік», – депті сөз зергері Ғабит Мүсірепов.
«Бүгінгі компьютер тетігінде отырғандарды болашақта кітап оқығандар басқарады» деген сөзді қазіргі зиялылар тектен-текке айтып жүрген жоқ.
Дәуіржан ЕЛУБАЕВ
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<