«Кitap time» фестивалі

679

0

Кеше Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханада ІІІ жалпыреспубликалық «Kitap time» фестивалі өтті. Ондағы мақсат – көпшіліктің кітап оқуға қызығушылығын ояту, оқырманға мәдени құндылықты насихаттау.

Шараның ашылу рәсімінде кітапхана директоры Нұрлыбек Мыңжас тұрақты және белсенді оқырмандарға әртүрлі номинациялар бойынша облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысының Алғыс хаттарын табыстады.

Фестиваль аясында «Поэзия – сөз өнерінің алтын тәжі» атты поэзия кеші, кітапқа қызығушылықты оятуға бағытталған «Кітаппен жарқын әлемге» тренинг сағаты, «Ертегілер әлемі» атты ертегі кейіпкерлерінің шеруі ұйымдастырылды.

Облыстық «Ақмешіт жастары» газетінің бас редакторы Абзал Жолтерек және газет ұжымы оқырман қауыммен кездесіп, ақпарат құралының қоғамдағы орны туралы сөз қозғады. Сондай-ақ осы күні «Қазақтың Ақбаяны» атанған күміс көмей әнші Мәдина Ералиеваның туғанына 70 жыл толуына арналған ән кеші, «Кітап және кино әлемі» атты кино-ойын, шығармалар желісі бойынша сұрақтардан әдеби-библио бар, «Жаңа заман әдебиеті» кітап көрмесі, ұмыт бола бастаған әдебиеттерден «Білім сандығы» атты кітап көрмесі мен ретро бұйымдардан көрме дайындалды.

Шараға зиялы қауым мен баспасөз өкілдері, қаламгерлер, ұстаздар, студент жастар мен мектеп оқушылары, кітапхана мамандары мен оқырмандар, барлығы 500-ге тарта адам қатысты.

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<