Кітап оқудың ойлы адам болып қалыптасуға маңызы зор. Білімімізді молайтады, одан көп үлгі-өнеге мен тәрбие аламыз. Мемлекет басшысы кітап оқу мен кітапханаларды қолдау қоғам дамуының басты міндеттерінің бірі екенін атап өткені мәлім.
Президент тапсырмасына сәйкес «Кітап оқитын мектеп – оқитын ұлт» жаңа жобасы қолға алынып, іске асырыла бастады. Бұл рухани акцияға үн қосу үшін облыс орталығындағы М.Шоқай атындағы №187 ІТ мектеп-лицейінің
11 «Ә» сынып оқушылары «Кітапханаға кітап сыйла!» іс-шарасын өткізді.
Адамзат баласының қол жеткізген ұлы игіліктерінің бірі – білім қазынасы. Дана халқымыз «Батыр бірді жығады, білімді мыңды жығады» деп бекер айтпаса керек. Осы орайда кітапхана қорын әр саладағы көркем әдебиеттермен толықтыру, жас оқырмандарға қазақ әдебиеті классиктерінің шығармаларын насихаттау, жастарды рухани және патриоттық тәрбиеге баулу, оқырмандарды кітап оқуға баулу мақсатымен бітіруші оқушылар кітапханаға кітаптар тарту етті.
Кітапхана қорын жаңа шығармалармен толықтыруға бағытталған бағалы бастама басқа да жанашыр жандардың тарапынан кеңінен қолдауға ие болды. Алда оқушыларға бос уақыттарын тиімді пайдаланып, үнемі іздену арқылы тұлғалық болмысын дамыту үшін жаңаша жетістіктерге жетелейтін көркем әдебиеттер мен ғылыми әрі танымдық кітаптарды жиі оқуды тұрақты дәстүрге айналдырса, уақыттың үдерісінен табылары даусыз.
Жайна РАХМЕНОВА,
М.Шоқай атындағы №187 ІТ мектеп-лицейінің кітапхана меңгерушісі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<