Жаңақорған ауданы егіс алқаптарын сумен қамтамасыз ету үшін арнайы салынған үрлемелі су тоспасы бар. Содан күншығысқа қарай иек көтерім жер жүрсеңіз, Көктөбе ауылына маңдай тірейсіз.
Көктөбе демекші, осы жерде қызық бір дерек еске түседі: тарихы қатпарлы Түркістан қаласының тұсындағы дарияның сол жақ жағалауы баяғы жаугершілік замандарда кіші-гірім түрлі бекеттерімен көне шаһардың қорғанысын күшейткен секілді. Бесарықтың тұсындағы Келінтөбеден бері қарай шыққан жол Абызтөбе, Қаратөбе, Раздытөбе, Ақтөбеге – әрқайсысының аралығына оншақты шақырым салып отырады да, жаңағы өзіміз айтқан Көктөбеге жетелеп келеді. Сөйтсек, Көктөбеміз шығыс жақтағы төбе дегені екен ғой. Ақтөбеміз батыстағы төбе, яғни, әрқайсысының өзіндік сыры бар деген сөз. Сонымен Көктөбенің орталық көшесінде тұрмыз. Кеңестік дәуірде Түркістан совхозының №2 фермасының орталығы болған шеткері ауыл 2005 жылы өз алдына дербес ауылдық округ болып қайта құрылды. Бұл тұрғындардың болмашы құжат үшін әрі-бері әурешілігін азайтып, нарықтық қатынас талаптарына орай, өз тіршілігін күйттеуге жол ашты. Бұл ауылда нақты кезеңде 120 отбасында 607 халық тұрады. Елді мекенде негізгі мектеп, 20 бүлдіршінге арналған бөбекжай, 80 орындық клуб үйі, кітапхана, ФАП, 2 монша, 3 сауда нүктесі, 3,92 шақырым ауыз су құбыры халыққа қызмет көрсетеді. Бұл енді Ел тәуелсіздігінің жақсылығы. Бұрын мұндай әлеуметтік нысандардан ада ауыл тұрғындары үшін үлкен жетістік екендігі де шындық.
– Облыс әкімінің үш жылды жаппай кәсіпкерлікті қолдау жылдары деп атауына байланысты бұл салада тиянақты жұмыс жүргізіле бастады. Елді мекеніміз аудан орталығынан шалғайда орналасқандықтан да біршама қиындықтар кезікті. Дегенде, қойылған талап тұрғысынан шығу үшін ұйымдастыру жұмыстарын барынша қолға алдық. Қазіргі есепті мерзім уақытында «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағыты бойынша жалпы округте 18 жеке кәсіпкерлік нысаны мен 1 шаруа қожалығы тіркелген. Оның ішінде биыл 5 кәсіпкер өзінің кәсіптік нысанын ашып, жұмыстарын бастады. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының мемлекеттік грантына (қайтарымсыз несиеге) осы жылы 1 кәсіпкер қатысып, жобасын қорғап грантын жеңіп алды. Осы жерде айта кету керек, «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы аудандық филиалының басшысы М.Нұртазаев пен аудан әкімінің орынбасары Ғ.Сопбеков жақсы қолдау көрсетті, – дейді ауыл әкімі Боран Әбуов бізбен әңгімесінде. Ауыл басшысының айтуына қарағанда, ауыл тұрғыны Болатбек Бекташов өзінің «Адырбек» атты жеке кәсіпкерлігін ашып, «Бизнес кеңесші» жобасымен оқудан өтіп, құс (қаз) өсіру бойынша өз жобасын сәтті қорғады. Ендігі кезекте «Ауыл шаруашылығын қолдау» қоры» арқылы несие қаржысын алмақшы. Сондай-ақ, 1 азамат «Бастау-Бизнес» жобасымен оқуға қатысып, өз кәсіпкерлігін тіркетті. Қазір мүйізді ірі қара малын өсіру бағытымен жобасын қорғап, «Өңірлік инвестициялық орталық» арқылы несие -қаржы алу үшін жұмыс жасап жатыр.
– Ауыл тұрғындарын кәсіпкерлікке бейімдеу, отбасын жұмыспен қамту, ауылдың салық базасын ұлғайту, елді мекеннің ажарын түзету бағытындағы жұмыстар үнемі атқарыла беретін болады, – дейді ол өз сөзін әрі қарай жалғап.
Күміс Қынашақызы құрған шаруашылықтағы алма бағы мен ет бағытындағы ірі қара малының өсімі және елді мекендегі сауда дүкендері мен Мұрат есімді жігіт ашқан жаңа типті монша осы сөздің растығын дәлелдегендей.
Көктөбе ауылы тұрғындарының негізгі кәсібі мал өсіру мен егін егу. 2018 жылдың жарты жылдық есебі бойынша 717 бас мүйізді ірі қара малы, 2754 бас қой мен ешкі, 154 бас жылқы, 323 құс басы бар.
– Осы екі шаруашылықты қабат алумен қатар, кішкене дүкен ашып, саудамен де тіршілік етудеміз,– дейді байырғы бригадир Бердіхан Тұрлыбеков.
Көктөбе ауылының адамдары өз бейімдеріне қарай тіршілігін жасап келеді. Әсіресе, ауыл адамдары тары дақылын егу мен оны өңдеудің тәсілін жете меңгерген. Табыстың басымы да ауылға осы саладан түседі.
Ауыл әкімі Боран Әбуов көп сөздің емес, нақты істің адамы. Оны ауылдастары ауыл басшылығына оралуына ықыласты болып, өтініштерімен қайта шақыртып алған еді.
Нұрмахан ЕЛТАЙ,
Көктөбе ауылы.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<