«КӨКТЕМ-2018» Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің әскерге шақыру науқаны

387

0

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 15 мамырдағы  «Қазақстан Республикасының азаматтарын әскери қызметке шақыртуды ұйымдастыру мен жүргізу қағидаларын бекіту туралы» қаулысының негізінде еліміздің барлық өңірлерінде жылына екі рет ер-азаматтарды әскерге шақырту науқаны жүргізіледі.

Биылғы жылы наурыз және сәуір айы аралығында жүргізілетін науқан шеңберінде әскери борышын Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің «Айбын» және «Батыр» Президенттік полктерінде өтеуге ниетті үміткерлерді іріктеу жұмыстары басталды.

Аталған Президенттік полктер қатарына ең үздік әскери қызметшілер іріктелген. ҚР Мемлекеттік күзет қызметі ҚР ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету күштеріне жататын, ҚР күзетілетін адамдар мен объектілерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыратын, Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін арнаулы мемлекеттік орган болғандықтан  қызметтің бұл құрылымдық бөліністеріне іріктеу қатаң талаптарға сай жүргізіледі.

Жедел әскери қызметке шақырту науқаны және оған дайындалу процесі – үзіліссіз жүргізілетін шара. Шақырту учаскелеріне бекітілген сәттен бастап, әскерге шақырылуына дейінгі мерзімде ҚР Мемлекеттік күзет қызметінің қызметкерлері мен әскери қызметшілері жергілікті басқару органдарымен бірлесе отырып, әскерге шақыртуға жататын қазақстандықтардың арасында жүйелі түрде тексеру мен зерттеу шараларын жүргізеді. ҚР Мемлекеттік күзет қызметінің офицерлері облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменттерге барып, талап бойынша бойы 180 см кем емес әскерге шақырылушының оқу және қызмет орындарынан мінездемелерін, араласу ортасын, бейімділігі мен қызығушылықтарын анықтап, оның психологиялық бет-бейнесімен қатар, медициналық көрсеткіштерін зерделейді.  Іріктеу барысында бекітілген ереже-талаптарға сәйкес, ең бастысы, Отанға деген шексіз адалдығымен, шыншылдығымен, оқыс жағдайларда жалғыз әрі нақты шешім қабылдай білу қабілетімен, төзімді әрі зеректігімен ерекшеленген бозбалаларға басымдық берілетіні сөзсіз. Сондай-ақ, спорттық және өзге де салалардағы елеулі жетістіктері ескеріледі.

Президенттік полк қатарында әскери борышын өтеуге ниет білдірген ер-азаматтарды іріктеу барысында олардың білімі, яғни, интеллектуалдық деңгейіне басты назар аударылады. Елбасы өзінің биылғы жылғы Қазақстан халқына «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында атап өткен негізгі бағыттардың ішінде адами капитал – жаңғыру негізі делінген. Болашақ сарбаздың бойындағы қарым-қабілеті, білімі мен біліктілігі әскери қызметті мінсіз атқарудағы негізгі факторлардың бірі болатындығы сөзсіз. Президенттік полк сарбаздарының бағыт-бағдары осылайша Елбасының Жолдауында көрсетілген «Өзінің тарихын, тілін, мәдениетін білетін, сондай-ақ, заманына лайық шет тілдерін меңгерген, озық әрі жаһандық көзқарасы бар қазақстандық біздің қоғамымыздың идеалына айналуға тиіс» деген жолдарымен айқындала түсті. 

Жылдан жылға ҚР МКҚ қызметкерлері бұл бағыттағы жұмысты жетілдіруде. Мысалы, 2017 жылғы әскерге шақырту комиссиясының жұмыс нәтижесінде 295 жас сарбаздың 255-і арнайы орта және жоғары білімді болды. Салыстырмалы түрде 2016 жылы лайықты білімі бар үміткерлердің саны 195-ті құраған болатын.  Бұл әскери қызметті сапалы өткеруге, әрі қызмет сатысымен жоғарылаудағы өте маңызды фактор.

Осы орайда, Мемлекеттік күзет қызметінің даму үрдісіндегі басымдықтардың бірі – сапалы кадрлық құрамды жасақтау.  Жеке құрамды жасақтау әскери дайындықтан өтіп, әбден төселген, келісім-шарт негізінде қызмет етіп жүрген әскери қызметшілердің қатарынан іріктеу негізінде жүргізіледі. Яғни, әскери мамандықты таңдаған «кешегі» сарбаз қызмет бабы бойынша жоғары сатыларға көтерілуге  толық мүмкіндік алады. 

Шақырту комиссиясының тиісті барлық іс-шараларынан кейін еліміздің әр өңірінен арнайы іріктеуден өткен бозбалалар тереңдетілген медициналық тексеріске және психологиялық тестілеуге жолданады. Одан кейін барып, мандаттық комиссияның қорытындысы бойынша ҚР Мемлекеттік күзет қызметінің қатарына қосу жөнінде шешім қабылданады.

Әскери қызметшілерді әлеуметтік қамсыздандыру мәселесі әрдайым қызмет басшылығының жіті назарында. Сайдың тасындай іріктеліп алынған жас сарбаздар әскери бөлімшелерге келген бетте жаңа әрі ыңғайлы, үлгілі киіммен, өзге де қажеттіліктермен жабдықталады. Мәселен, заманауи казармалық ғимараттар, күнделікті қажеттіліктерді өтейтін арнайы бөлмелер, монша мен кір жуу кешені, жеке-тәрбие жүргізу, ойын-сауық бөлмелері де қарастырылған.  Сондай-ақ, жаңа толымдауды қабылдауға арналған бекеттер ескерілген. Оның құрамындағы қызметтің білікті де білімді офицерлері жас сарбаздарға жаңа ортада бейімделуде көмек көрсетіп, әскери кәсіптің қыр-сырын меңгеруде бағыт-бағдар береді.

Ант қабылдау рәсімінен кейін жас сарбаздар ҚР Мемлекеттік күзет қызметінің Алматы және Астана қалаларында орналасқан әскери бөлімшелерге жіберіледі. Бұл жерде оларға аса маңызды тапсырма – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының және өзге күзетілетін лауазымды адамдар мен объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жүктеледі. Ресми сапармен Қазақстанға келген мемлекет басшыларының қатысуымен өтетін церемониалды іс-шараларға қатысып, Мемлекеттік Ту мен Елтаңба эталондарын күзетке алады.  

Осындай жауапты қызметті мінсіз атқару үшін Қызметте әскери қызметшілердің жауынгерлік дайындығына да үлкен көңіл бөлінеді. Дайындық барысында жас сарбаздар парашюттен секіру, суда әскери техниканы тізгіндеуді үйреніп, тағы да басқа көптеген әскери жаттығуларды меңгереді. Айта кетерлігі, спорттық жетістіктері бар жас сарбаздар түрлі деңгейдегі, соның ішінде әлемдік ареналарда өтетін жарыстарға қатысуға мүмкіндік алады.

ҚР Мемлекеттік күзет қызметінің тағы бір ерекшелігі – сарбаздар үшін әскери борышын Құрмет қарауыл ротасында өтеу мүмкіндігі. Елімізде тек осы құрылымға ғана Мемлекеттік протоколды атқару жүктелген.

Бозбалалардың көбісі әскери қызметтерін дәл осы Құрмет қарауыл ротасында өтеуді армандайтыны жасырын емес. Себебі, «Айбын» және «Батыр» Президенттік полктерінде сарбаздардың бойында өз-өзіне деген сенімділік ұялайды. Сондай-ақ, әскерде қалыптасқан мінсіз дене мүсіні,  бойындағы күш-қайрат сарбаздардың абыройын асқақтатады. Әрқайсысына жеке тігілетін арнайы киім үлгісі де олардың қызығушылығын арттыратыны сөзсіз.  

Әскердегі қызмет кешегі бозбалалардан халқына адал айбынды ер-азаматтарды тәрбиелеп шығарады. Әскери тұрмыс – олардың өмірге деген көзқарасын қалыптастырып, болашаққа бағыт-бағдар беретін, тәлімі мен тәрбиесі мол орта.

Олар батылдық пен жігерлілікті, қажыр-қайратты, ерлік пен елдікті, ең бастысы, халқы мен Елбасына деген адалдық сияқты қасиеттерді бойына жинаған еліміздің қорғандары – айбынды сарбаздарымыз.

 Олар еліміздің бет-бейнесі!

ҚР Мемлекеттік күзет қызметі

туралы толық ақпарат:

 

ҚР Мемлекеттік күзет қызметінің ресми сайтында

http://www.sgork.gov.kz

ҚР МКҚ ведомстволық

«Ақберен» журналында

(эл. нұсқасы сайтта орналасқан),

Ресми әлеуметтік желілерде: Facebook, Instagram: @sgo.rk.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<