Көктем – жер жаңарып, көк шығып, қыстың аязы кетіп, күннің көзі ұзаратын, жер дүниенің жаңғыратын уақыты. Бұл маусым алдымен “Алғыс айту” күнінен бастау алса, онан әрі аналар күні мен жыл бастауы наурыз мерекесімен ұштасады. Осы айдағы елдің көңіл күйі де ерекше.
Халықаралық әйелдер мейрамы қарсаңында өңірде бір қолымен әлемді, екінші қолымен бесікті тербететін аналар құрметіне орай түрлі шаралар өтуде. Соның бірі – С.Айтбаев атындағы көркемсурет галереясында “Көктем шуағы” деген атаумен өткен суретшілер көрмесі.
Көрмеге жергілікті және республикалық суретшілердің 60-қа жуық картинасы қойылған. Бірінші залдағы суреттер наурыздағы мерекелерді сипаттаса, екінші зал тұрмыстық жанрдағы картиналардан тұрады. Ал, үшінші зал –тарихи жанрдағы картиналарды қамтыды. Залды аралап жүргенде халық шебері, қазақ театрының тұңғыш костюм-суретшісі Ләтипа Қожықова, қоғам қайраткері Сара Есованың бейнесі бейнеленген картиналар айрықша көзге түсті. Сондай-ақ, суретші И.Ағытаевтың “Дайындық”, Б.Бөкешевтің “Балықшылар” туындысы көңілге өзгеше әсер қалдырды. Ең кереметі осындай айтулы қылқалам шеберлерінің еңбегін екі күннің ішінде 220 оқушы келіп тамашалаған.
– Көрмені ұйымдастырудағы мақсатымыз – тұрғындарға мейрамның маңыздылығы мен мәнін ұғындырып қана қоймай, жастарды бір-біріне алғыс айта білуге, аналарға құрмет көрсетуге, туған өлкеміздің тарихын тануға шақыру. Шара басталысымен қаладан басқа ауылдардан жастар көптеп келуде. Кейінгі толқынның бұлай қызығушылық танытуы бізді қуантады. Көрменің бір ерекшелігі, биыл М.Мәметова атындағы Қызылорда гуманитарлық колледж студенттерінің суреттері де халық назарына ұсынылуда, – деді С.Айтбаев атындағы көркемсурет галереясының меңгерушісі Перизат Ашанова.
Айта кетейік, көктемнің шуақты күндерін бейнелейтін көрме 25 наурызға дейін жалғасатын болады.
Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<