Клиниканың қайырымды ісі

1069

0

Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай облыс орталығындағы «Табиғи денсаулық» клиникасы Қызылорда қалалық мүгедектер қоғамымен бірлесе отырып мүмкіндігі шектеулі 30 адамды тегін диагностикалық тексерістен өткізді.

Адам ағзасын толық тексерістен өткізетін құрылғы 3 сағаттың ішінде сараптама қорытындысын шығарып бере алады. Ми тамыры, ас қорыту жүйесі, қан тамырындағы өзгерістерді анықтайтын заманауи құралдың мүмкіндігі орасан. Мамандардың айтуынша, тексеру тез әрі ешқандай ауырсынусыз жүреді.

«Табиғи денсаулық» клиникасы 2019 жылы ашылған. Бас дәрігер Ләззат Қадырбаеваның айтуынша, орталықта екі диагностикалық аппарат бар. Ол 9 жүйе, 35 мүшені тексеріп қарайды. Бір адамды тексеруге 40-45 минут жұмсалады. Сонан оны әрі қарай талқылау, оларға ұсыныстар беру, ем жасау, соның барлығына жалпы алғанда 1,5-2 сағат уақыт кетеді.

Ресейдің медициналық-әлеуметтік реабилитация академиясынан дәріс алған білікті мамандар бір ғана құрылғымен адам ағзасын тексере алады.

– Тағдыр тәлкегіне түскен жарымжан жандарды қоғамға бейімдеп, олардың еңсесін тіктеп, өзгелер секілді өмір сүрулеріне қолайлы жағдай жасау – бүгінгі қоғамның басты талабы. Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мерекесінің қарсаңында 30 игі іс-шараға өз үлесімізді қосып, мүмкіндігі шектеулі жандарды тегін диагностикалық зерттеуден өткізіп, медициналық көмек көрсетудеміз, – дейді орталық директоры Гүлжан Құндақбаева.

«Табиғи денсаулық» диагностикалық орталығының директорына қалалық мүгедектер қоғамының төрағасы Сәкен Алдашбаев мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек көрсету жөнінде ұсыныс білдірген. Клиника оларды тегін тексеруден өткізіп, қолына дәрігерлік анықтама берген. Дәрігерлік анықтама барлық медициналық ұйымдарға жарамды.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<