Жедел және кезек күттірмейтін дәрігерлік көмек көрсету сапасын арттыру мақсатында медициналық мекеме ұжымдарына арнайы көлік кілттері табысталды. Тұңғыш Президент күніне орай өткен салтанатты шараға облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қатысты.
– Елбасы Н.Назарбаев әрбір Жолдауында адами капиталды дамытуда халық денсаулығын нығайту маңызды екенін ерекше атап өтеді. Мәселен, биылғы Жолдауда Мемлекет басшысы Үкіметке 5 жыл ішінде денсаулық сақтау саласына барлық көздерден жұмсалатын қаражатты ішкі жалпы өнімнің 10 процентіне жеткізуді тапсырды. Қазір өңірімізде саланы ілгерілету бойынша қарқынды жұмыс жүргізілуде. Соңғы 5 жылда республикалық және облыстық бюджет қаражаты есебінен апатты деп танылған медициналық нысандардың 64 процентін жаңадан салуға мүмкіндік туды. Соның ішінде біз Арал, Қазалы, Шиелі аудандарынан аурухана салуға қол жеткіздік. Сондай-ақ, Жалағашта орталық аудандық аурухана құрылысын қаржыландыру мәселесі шешіліп, құрылыс ақпан айында басталады деп жоспарланды. Медицина саласына мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті тартып, 61 жобаны қарастырып отырмыз, бұл республика бойынша үздік көрсеткіш, – деді облыс әкімі.
Шара барысында жергілікті полиция қызметінің жол бойындағы 30 бригадасына зардап шеккендерге алғашқы медициналық көмек көрсетуге арналған дәрі-дәрмек қобдишасы берілді. Сонымен қатар облыс әкімінің орынбасары Евгений Ким жедел-жәрдем, полиция, төтенше жағдайлар, өрт сөндіру, газбен қамту, анықтама қызметі біріктірілген «Бірыңғай кезекші диспетчерлік 112» қызметі жобасын таныстырды.
Айта кету керек, өңірде «2018-2019 жылдарға арналған жарақат алу және жазатайым оқиғалар, оның ішінде жол-көлік апаты кезіндегі медициналық көмек көрсетудің интеграциялық моделін енгізу бойынша» Жол картасы бекітілген. Оның аясында 2016 жылдан бері облыс тұрғындарына травматологиялық көмек көрсетудің 3 деңгейлі жүйесі ұйымдастырылыпты. Бұдан бөлек, жедел жәрдем қызметі облыс бойынша емделушілер туралы барлық деректер базасын басқаратын бірыңғай орталыққа шоғырландырылды.
Мөлдір Қалымбет.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<