21 шілде күні Жаңақорған аграрлы-техникалық колледжінде ауқымды форум өтті. Агрофорум KMF микроқаржы ұйымының 25 жылдығына орай «KMF-Демеу» корпоративтік қоры мен Жаңақорған аудандық әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылды. Мақсат та айқын. Су тапшылығы сезіліп, шаруалардың адымын аштырмай тұрған кезеңде кәсіпті басқаруға көмектесу. Яғни, құрғақшылықта кәсіп жүргізу бойынша мамандардың кеңесін білу, тәжірибе алмасу, заманауи технологиямен танысу қаперге алынады.
– KMF құрғақшылық кезінде тұтынушыларға қолдау білдіріп, жеңілдіктер ұсынды. «Бірлесе көтерген жүк жеңіл» демекші, серіктестіктің ілгерілеуі барша шағын және орта кәсіпкерлікті, ауыл шаруашылығын, түптеп келгенде Қазақстан экономикасын дамытуға жол ашады, – деді KMF МҚҰ-ның аймақтық директоры Әділбек Қайырбаев.
Ауқымды шараға KMF компаниясының Алматы, Қызылорда қалаларындағы басшылары, сондай-ақ, тың тәжірибемен бөлісу үшін «Alem agro» ЖШС, «ASELL LTD» ЖШС, «СТ АГРО» ЖШС, «ENZA ZADEN» ЖШС, «KWS» ЖШС компанияларының өкілдері мен ғалымдар қатысты. Сонымен қатар, бұл форумда 60-қа жуық жергілікті кәсіпкер бой көрсетті.
Иә, кейінгі жылдардағы пандемия, қолайсыз ауа райы ел экономикасына кері әсер етуде. Оған қоса, құрғақшылық салдарынан ауыл шаруашылығы секторы қиын жағдайда қалды. Әсіресе, аталған мәселе Сыр өңірінде ерекше байқалуда. Жылдан-жылға арнасы тартылған Сырдарияның жайы егіншілер мен кәсіпкерлер үшін алаңдатарлық жайтқа айналды. Осыдан-ақ сырбойылықтар үшін мұндай шараның қаншалықты маңызды екенін бағамдай беріңіз.
Жалпы форумда көтерілген тақырып су тапшылығымен шектелмегені белгілі. Сарапшылар «Қант қызылшасын өсіру», «Қызылорда облысы жағдайында тамшылатып суарудың тиімділігі», «Топырақты талдау», «Фермерлер үшін маркетплейстің пайдасы мен артықшылығы» секілді өзекті мәселе көтерді.
– Қазіргі таңда қант қызылшасына сұраныс жоғары. Сондықтан қант қызылшасын егетін аймақтар көлемін көбейту кәсіпкерлерге субсидия бөлу бойынша жұмыс жүруде. Қант қызылшасының гибриді 110-150 күн өсетінін ескерсек, дақылды өсіру Қызылорда облысы үшін тиімді. Өңірдегі жоғары температура, күннің ұзақтығы, топырақ пен климат жағдайы қант қызылшасына қолайлы, – деді «KWS» ЖШС компаниясының Орталық Азиядағы өкілі Бекзат Төрегелдиев.
Шарада Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің агросарапшысы Самалбек Қосанов өңір жағдайында тамшылатып суарудың тиімділігін айтты. Ал ауыл шаруашылық ғылымының кандидаты Серік Жантасов аталған әдіс әлемдік тәжірибеде қандай нәтижеге жеткенін хабардар етті. Маманның дерегінше, аталған әдісті пайдалану арқылы 7-8 есе су үнемдеуге таптырмас амал. Сондай-ақ тамшылап суару топырақ құрылымын сақтап, тыңайтқыштың тез сіңуіне мүмкіндік береді.
– Күріш, жоңышқа егумен айналысамын. 5 жылдан бері KMF-тің тұрақты тұтынушысымын. Алынған қаржы егістік көлемін ұлғайтуға, жаңа технологиялармен жабдықтауға жол ашты. Бүгінгі агрофорумда қант қызылшасын өсіру идеясы, тамшылатып суару әдісі қызығушылық тудырды. Алдағы уақытта жұмыс бағытын өзгертіп қалуымыз бек мүмкін, – деді «Еркін» шаруа қожалығының директоры Еркін Әбілқайыров.
Айта кетейік, шараның өтуіне қолдау көрсеткен KMF – Орталық Азия мен Қазақстандағы ең ірі микроқаржы ұйымы. Нарықта 25 жылдық тәжірибеге ие компания шағын және орта кәсіпкерлікке, ауыл шаруашылығына, жеке мақсаттар үшін және автокөлік сатып алуға микроқаржы өнімдерін ұсынады. Мысалы, агрофорумға қатысушылардың басым бөлігі – қаржы ұйымынан несие алып, ісін дөңгелеткен кәсіпкерлер. Бүгінде компанияның Қазақстан бойынша 114 кеңсесі бар. Қазірдің өзінде ұйым 260 мыңнан аса тұтынушымен жұмыс істеп, басым бөлігіне кәсіпкерлердің ісін қаржыландырып отыр. Сондықтан ауқымды агрофорум ұйымдастыру компанияның кәсіпкерлік пен экономикаға деген ерекше қолдауын сездірсе керек.
Ақтілек БІТІМБАЙ,
«Сыр бойы»





