КҮН ЭЛЕКТР СТАНЦИЯСЫ ҚОЛЖЕТІМДІЛІКТІ АРТТЫРАДЫ

377

0

«Байқоңыр Солар» ЖШС ұсынған қуаты 50 мВт электр станциясының құрылысы Еуропалық қайта құру және даму банкі, Азия даму банкі және Таза технологиялар қорының бірлескен жобасы аясында қаржыландырылатын болады. Жаңартылатын энергия көздері саласындағы халықаралық қаржыландырудың бірінші бірлескен жобасы жыл сайынғы CO2 (көмір қышқыл газы) шығарылуын 75000 тоннаға азайтуға мүмкіндік береді.

Астанада ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев пен Еуропалық қайта құру және даму банкінің бірінші вице-президенті Юрген Ригтеринк күн электр станциясын салу жобасын қолдау туралы келісімге қол қойды.

«Байқоңыр Солар» ЖШС күн электр станциясы «Шымкент-Қызылорда» автожолынан 1,8 шақырым қашықтықта Шиелі ауданының Сұлутөбе мен Бірқазан елді мекендерінің ортасында салынады. Құрылыс алаңының маңында 600 м қашықтықта «ТҚ-6-Қызылорда» және «ТҚ-6-Шиелі-Қызылорда» екі 220 кВ жоғары вольтты электр тарату желісі өтеді. Станция көрші аудандар мен Қызылорда қаласына қызмет көрсететін болады.

Инвестициялар Қызылорда облысында стационарлық күн электр станциясы мен жаңа қосалқы станциясының жобасын әзірлеу, құрылысын салу және пайдалану үшін беріледі. Жаңа жоба  CO2  газының жыл сайынғы шығарылуын 75000 тоннаға қысқартуға және аймақта қосымша жұмыс орындарын ашып, шетелдік инвестицияларды тартуға мүмкіндік береді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<