Күн сайын құбылған азық-түлік бағасы ырық бермей тұр. Оның үстіне әлеуметтік маңызы бар тауарлардың басым бөлігі сырттан келеді. Әсіресе, қыс айларында көкөніс пен жеміс-жидектің бағасы аспандап кетеді. Өзбекстанның өзінде бірнеше жылыжай жұмысын тоқтатқалы ол жақтан келетін өнімдер қымбаттауда. Ал көрші облыс Түркістандағы жылыжайлардың жағдайы да мәз емес. Соның салдарынан көкөніс пен жеміс бағасы шарықтап барады. Бағаны тұрақтандыру үшін бірқатар шаралар қолға алынуда.
Премьер-министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен жедел кеңесте әкімдіктерге әлеуметтік маңызы бар көкөніс қорларына броньді алып тастау схемасы ұсынылды. Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Арман Шаққалиевтің айтуынша, осы аптада өңірлік комиссиялар бірінші кезекте пиязға, одан кейін сәбіз, картоп, қырыққабат бойынша көлемін бағасын, шарттары мен сауда нүктелерін айқындай отырып, тауарлық интервенцияларды өткізу туралы шешім қабылдауы тиіс. Бақылау-кассалық аппараттарды пайдалану міндетті болуы қажет. Тауар интервенцияларының ұзақтығы ақпаннан сәуірге дейін жүзеге асады. Негізгі шарттардың бірі – бөлшек сауда бағасы қол қойылған келісім-шарттар шеңберінде болуы керек.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Бағлан Бекбауов жариялаған әкімдіктердің нақтыланған деректеріне сәйкес, өңірлерге сатып алу үшін ұсынған қорлардың деңгейі маусымаралық қажеттіліктен есептелген. Бұл қала халқының 4 айлық тұтынуының 30%-ын құрайды. Осылайша аймақтар көкөністердің қорларын броньдауды бастамақшы.
Облыста бұл мәселе қалай жүргізілуде? Баға тұрақтылығын сақтауда қандай жұмыстар істелуде? Біз «Байқоңыр» ӘКК» АҚ тұрақтандыру қорының жұмысы жөніндегі басқарма басшысы Талғат Бекішевпен хабарласқан едік. Қарапайым тілмен түсіндірер болсақ, тауарлық интервенцияларды өткізу дегеніміз – баға шарықтап кеткен кезде оны тұрақтандыру үшін қолға алынатын шара. Мәселен, қазіргі кезде пияздың бағасы қара базар мен дүкендерде 350 теңгеге дейін қымбаттады. Ал әлеуметтік дүкенде оның бағасы небәрі – 90 теңге. Айырмашылықты байқаған боларсыз. Сондықтан бұл алыпсатарлықтың жолын кесу үшін де қажет. Әр әлеуметтік дүкенге күніне 2 қаптан беріліп, адам басына 3 келіден сатылуда. Апта сайын өткізілетін жәрмеңкеден де осы бағамен алуға болады.
– Бірінші кезекте тұтынатын әлеуметтік маңызы бар тауарлар, оның ішінде пияз, картоп, сәбізді арзан бағамен қала және аудандардағы ірі сауда орталықтарына келісім-шартпен өткізудеміз. Қазір қала және аудан бойынша 14 ірі сауда нүктесінен келісім алынды. Олар біз ұсынған бағамен алып, тек 15 пайыз үстеме қойып сатады. Қалада ондай дүкендердің қатарында «Қызылорда» оптомаркетінің алты, «Аль-Асад» сауда үйінің бірнеше нүктесі бар. Олар қанша тонна алатынын өздері шешеді. Ал «Small» супермаркеті бізге ұсыныс берсе, оны қолдауға дайынбыз. Мұндай келісім-шарттар қала және аудандағы дүкендермен әлі де жалғаса береді, – деді Талғат Болатбекұлы.
Жыл басынан әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлар индексі 101,7%-ға өскен. Кейінгі бір апта ішінде облыс бойынша әлеуметтік маңызы бар тауарлар индексі 100,3%-ды құрап, 3 өнімге баға жоғарыласа, (бас пияз 5,8, картоп 3,1, қырыққабат 3%) 2 өнімге баға төмендеп, (жұмыртқа 1, қарақұмық жармасы 0,4%) қалған өнімдерге баға тұрақты. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев облыста әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыруда тиісті шаралар қабылданғанын айтады.
– Бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу үшін облыстың тұрақтандыру қорының және айналым схемасы бойынша кәсіпкерлерге берілген заем арқылы алынған өнімдер әлеуметтік дүкендер мен бұрыштарда, апта сайын өткізіліп жүрген жәрмеңкелерде нарықтағыдан төмен бағада халыққа ұсынылуда. Бүгінде тұрақтандыру қорында 7,1 мың тонна өнім бар. Сонымен қатар, азық-түлік бағасын өсірмеу үшін тиісті министрліктермен бірлесіп, тұрақтандыру қорының жұмысына жаңа тәсілдер енгізілуде. Айталық, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін, оның ішінде әлеуметтік маңызы бар тауар өндірушілерді көктемгі дала жұмыстары кезінде форвардтық қаржыландыруға және қайта өңдеу кәсіпорындарына айналым қаражаттары бөлінуде. Қант тапшылығын болдырмау үшін 2023 жылға тұрақтандыру қоры арқылы өндіруші Меркі зауытына 2,3 мың тоннадан астам қантпен қамтамасыз етуге қаржы аударылды. Ал нан бағасын тұрақтандыруға «Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы» ҰК» АҚ-нан 12,1 мың тонна астық сатып алынып, өндірілген 8,9 мың тонна ұн вагондардың берілуіне қарай жеткізілуде. Ол 54 наубайханаға таратылып, әлеуметтік нан бағасы 90, әлеуметтік дүкендерде 65 теңгеден сатылуда. Биыл да бұл шара қолға алынып, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне 14,5 мың тонна астық бөлуге тапсырыс берілді. Бұдан бөлек, Рудный қаласының «Кустанайская мукомольная компания» ЖШС-ның ұн өндеу кәсіпорнынан 544 тонна ұнмен қамтамасыз ету бойынша келісім-шарт жасалып жеткізілсе, сонымен бірге, «Қазақ ұны» ЖШС-мен 2,5 мың тонна ұнға келісім жасалды, – деді басқарма басшысы.
Пияз бағасын тұрақтандыру үшін өңірлік тұрақтандыру қорында 45, Жаңақорған ауданында 120 тонна осы өнім бар. Бұдан бөлек, қосымша 300 тонна пияз сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Осы өнімдер өңірдегі 36 әлеуметтік дүкен мен 13 ірі супермаркетте жұмыс жасап тұрған әлеуметтік бұрыштарда 95 теңгеден сатылуда. Сонымен қатар, көктемгі маусымаралық кезеңге ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне 300 тонна импорттық пиязбен қамтамасыз ету үшін ұсыныс берілген. Айналым схемасы шеңберінде кәсіпкерлермен 168 тонна қырыққабатпен қамтамасыз ету жөнінде келісім жасалған. Ол әлеуметтік дүкендерде 80 теңгеден сатылуда. Картоп бағасын тұрақтандыру үшін тұрақтандыру қорында 312 тонна сақталып, әлеуметтік дүкендерге 125 теңгеден, ірі супермаркеттер (Аль-Асад, «Кызылорда», «Ажар», «Food market») арқылы 137 теңгеден сатылуда. Бұдан бөлек, 3495 тонна картоп контрактіленіп, қажеттілігіне сәйкес жеткізілмек. Айналым схемасы шеңберінде 1938 тоннаға міндеттеме бар. Оның 1500 тоннасы Қырғызстанда сақталып, ерте көктемнен бастап жеткізіліп, 438 тоннасы сауда орындары арқылы сатылады.
Айсәуле ҚАРАПАЕВА,
«Сыр бойы»





