Еліміздің көптеген аймағында көктем белгіленген мерзімінде келіп жетеді, деп хабарлайды Egemen.kz
Қазгидромет болжамына сәйкес, 2021 жылғы наурызда Қазақстан Республикасының басым бөлігінде циклондардың өтуімен және Иран аудандарынан жылы ауа массаларының жылжумен ауа температурасының жоғары фоны күтіледі, республиканың басым бөлігінде ауаның орташа айлық температурасы нормадан 1° жоғары, республиканың солтүстік-батыс бөлігінде ғана норма шамасында болжанады.
Бір ай бойы циклондар мен антициклондардың жиі ауысуына байланысты ауа температурасының күрт өзгеруі болжанады. Температура контрасты 10° және одан да көп болуы мүмкін.
Айдың басында: белсенді циклондардың әсерінен республика бойынша ауа райының тұрақсыз сипаты болжанады: жауын-шашын, елдің оңтүстік-шығыс бөлігінде қар аралас жаңбыр қатты жаууы мүмкін, жел күшейеді (солтүстік жартысында бұрқасынмен), тұман және көктайғақ құбылыстары күтіледі. Елдің оңтүстік жартысында жауын-шашын көбінесе жаңбыр түрінде, солтүстік жартысында аралас жауын-шашын (жаңбыр, қар) түрінде болжанады.
Бірінші онкүндік бойы: Қазақстан аумағы бойынша ауа температурасының ауытқуы болжанады: солтүстік жартысында күндіз әлсіз оң таңбалыдан теріс таңбалы мәндерге дейін, оңтүстік жартысында +10+15°С-тан 0,+7°С-қа дейін, елдің батысы мен солтүстік-батысында -3-10°С-тан -1+6°С-қа дейін.
Бірінші және екінші онкүндіктің жекелеген күндері: Скандинавия мен Сібір аудандарынан суық ауа массаларының әсерінен түнгі сағаттарда термометр бағаналары еліміздің солтүстік жартысында -13-25°С дейін, оңтүстік жартысында -5-15°С дейін төмендеуі күтіледі.
Айдың екінші жартысында: ҚР-ның солтүстік, орталық және шығыс өңірлерінде жылу толқындарының әсерінен күндізгі ауа температурасы жекелеген күндері +3+10°С дейін; елдің оңтүстігі мен батысында +10+15°С дейін, үшінші онкүндікте +15+25°С дейін жоғарылайды. Жауын-шашын мөлшері нормадан көп, тек елдің оңтүстік-шығысында және оңтүстік-батысында норма шамасында (ҚР басым бөлігінде норма: 10-25 мм, оңтүстік пен оңтүстік-шығыстың таулы аудандарында 55-103 мм дейін, шығыста 8-30 мм) болжанады.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<