«Көктемде көкөніс жеу керек»

839

0

Дегенмен оған көптің қолы жете ме?

Көктемнің екінші айы аяқталуға жақындаса да, көк базардағы көкөніс пен жеміс-жидектің бағасы түсер емес. Қыста қияр мен қызанақтың шарықтағаны сонша, еттің бағасына дейін барды. Сондықтан ол қарапайым отбасына қолжетімді емес. Ал дәрігерлер көктемде ағзаны қажетті дәруменмен қамтамасыз етуде көкөністің маңызы көп екенін айтады.

Бірнеше баласы бар отбасылар көкөніс пен жеміс-жидекті анда-санда пайдаланады десек те болады. Мерекеде немесе қонақ келгенде бұл өнімдер дастарханнан табылып қалатыны рас. Онда да барын мейманның алдына тосатын қазақы әдетімізбен «артылса ғана жейсің» деп баланы шектейміз. Қимағандықтан емес, бағасы удай болғандықтан солай етуге мәжбүрміз. қазір жемістердің түр-түрі  көп. Оның біраз бөлігі Иран, Түркіменстан, Қытай, Өзбекстан, Аргентинадан келеді.  Бірақ айлығы шайлығынан артылмайтындар үшін бағасы қалтаға қонымсыз.

Дәл қазіргі уақытта ағзаға көмекші дәруменнің көзі – жемістер мен көкөністің базардағы бағасын бағамдап көрелік. Қыста бағасы 1400-ден сатылған қияр қазір екі есеге дейін арзандаған, келісі 700 теңгеден сатылуда. Ал қызанақ 960-800 теңге аралығында болса, жаңа шыққан қырыққабаттың келісі 600, тәтті бұрыш 2800, баклажан 1000, картоп 160-180, сәбіз 160-180, жуа 250-280 теңгеден. Жемістерге келсек, алманың арзаны 350-ден басталып, 450-650 теңгеге дейін, жүзім 800-900, құлпынай 2800 теңгеден, мандарин 650-1200, банан 970 теңге аралығында.

Осы ретте қала халқын көтерме бағадағы өніммен қамтамасыз етіп отырған кәсіпкер Бақытбек Қадырмен әңгімелескен едік. Ол – осы салада тәжірибесі бар бірнеше дүкендер желісінің иесі. Айтуынша, бағадағы бассыздық мәселенің салдарымен емес, себебімен күреспегендіктен орын алуда. Нақты мониторинг жоқтың қасы.

– Жақында ғана Парламент отырысында Мәжіліс депутаттары азық-түлік бағасының қымбаттауы халыққа оңай тиіп тұрмағанын айтты. Ресми деректегі бағаның өсуімен статистикадағы шынайы өмірден алшақ жатқаны жасырын емес. Депутаттар бағаның тұрақтанбауын шаруалардағы техниканың тозуымен, лизингтің қымбат екенімен байланыстырып отыр. Алайда мәселе тек техникаға тіреліп тұрған жоқ, жан-жақты зерделеуді, талдауды қажет етеді. Оның тамыры тереңде екенін ешкім айтпады. Біз күзден көктемге дейін шетелден келген өнімді пайдаланамыз. Одан кейін жылыжайдың өнімдері шығады. Бірақ тиімді қолданбаймыз.

Тағы да айтамын, нақты мониторинг жасалмайды. Айталық, алдыңғы жылдары диқандар жаппай қырыққабат екті. Себебі сол жылы қырыққабат қымбат болды. Келесі жылы қырыққабат 30 теңге болды да, ақыр соңы оның қаншасы жарамсыз болып қалды. Өйткені әр аймақ бойынша саралау, зерттеу жұмыстары жүргізілмейді. Өнімнің қандай түрін және қай уақытта егу керегі жоспарланбайды. Не көп сол өнім арзан болады да, тапшы нәрсе қымбаттайды.

Меніңше,  еліміз бойынша осынша жеміс не көкөніс керек деген нақты есеп жоқ. Ұлттық бағбандық бағдарлама қажет деп ойлаймын. Бізде дала және жылыжай диқандары бар. Оларды өз ерекшелігіне қарай екіге бөліп қарастыру керек. Сондай-ақ әр аймақтың табиғатына орайластырып нақты мына өнімді егу керек деген жоспар берген жөн. Өзіміздің халыққа жетпей жатқанда сыртқа экспорттауды тоқтатса, баға тұрақтылығына да әсер еткен болар еді. Диқандардың тізімі жасалып, ол ашық жарияланса, алған субсидия, лизингтердің де барлығы көрініп тұратындай арнайы базасы болғаны дұрыс. Бұл жариялылық кімнің қалай жұмыс істеп жатқанын көрсетеді.

Ақша шаруаларға бөлінеді, алайда соңында суға сіңіп, нәтижесі көзге көрінбей қалатыны өкінішті. Ал жылыжай иелері маусымдық емес тауарлармен қамтамасыз ететіндіктен оларда бөлек жоспар жасалу қажет.

Мысалы біз өнімді Шымкент, Ақтөбе, Қарағандыдан әкелеміз. Бір ғана Шымкенттің базарын алып қарайық. Ташкенттің сатушылары базарға үш фура затпен келеді. Біреуі таусылғанда жаймен екіншісіндегі өнімнің бағасын көтереді, ал үшінші көлікке келгенде өнімнің бағасын бірден шарықтатып жібереді. Оған қанағаттанбай бір сағатқа сатылымды тоқтатып қояды. Сөйтіп, оған тағы қосып қымбатынан өткізеді.

Мәселен, бір сағат бұрын қызанақты 800-ден сатса, сәлден соң 1000 теңге деп ойына келген бағаны қояды. Ал оған бәсекелесіп жатқан ешкім жоқ. Бірер сағаттан кейін 1200 теңгеден сата бастайды. Мұндайда алыпсатарлар да көп рөл ойнайды. Олар да фураны солайымен алып, екі-үш жерден сата бастайды. Антимонополия мен әкімдік келіп тексеріп жатқанын көрмейсің. Бағаны қолдан көтергенімен қоймай, өнімді арзан сатқысы келмей жарамсыз қылып қояды. Ал жемісті балғын күйінде жұртшылық жеу керек. Бағасы аспандап тұрса оны кім ала береді. Өтімі де баяулайды.

Екі ортада біз секілді әр өңірді жеміс және көкөніспен қамтып отырғандар зардап шегеді. Олардан 1000 теңгеге алған өнімді екі есе қосып сата алмаймыз. Халықтың қалтасы көтермейді. Тек үстіне белгілі бір пайыз қоямыз. Біз мысалы картоп, жуа, сәбіздің үстінен тіпті пайда көрмейміз десек те болады. Ол тек дүкендегі ассортимент үшін қажет. Кейде жемістерді өз бағасынан төмен сатуымызға тура келеді. Өйткені, ұзақ ұстап тұрып, бетін ғана әдемілеп қораптарға салып береді. Қабылдап алған соң қайтара алмаймыз.

Мен қаңтар айында 1 миллион теңгенің қиярын бұзып алдым. Екі жүз мың теңгенің лимоны да солай бұзылып, жарамсыз болып қалды. Алыпсатарлар тек қалтасын ойлап, қайтсем көп пайда табамын деп жанталасады. Бәріне топырақ шашпаймын, адал жұмыс істейтіндер де бар. Алайда  олардың жұмыс істеуіне мүмкіндік бермейді. Бұл мәселеге жоғарыдан бақылау болу керек, сонда ғана баға тұрақталады, – дейді ол.

Расымен кәсіпкер сөзінің жаны бар. Қанағат деген қарапайым қағиданы ұмытқандар өз қалтасын ғана ойлаудан әрі аспайды. Өнімнің қолжетімділігін, оның сапасын тексеріп жатқандар жоқ. Сәуір айының басында елімізге сырттан келген 45 тонна қызанақтан вирус табылғанын баспасөз беттерінен көзіміз шалды. Өнім Сарыағаштағы шекара бекетінде тексерілген. Фитосанитариялық бақылау инспекторлары томат өнімдерінен қызанақ жемісінің қоңыр қатпарлы вирусы мен қызанақтың қола түстес тоспо вирустарын тапқан. Вирустың мұндай қауіпті түрі кейінгі үш жылда Еуропа, Азия мен Америкада тараған. Иран, Өзбекстан, Түркменстан елдерінде де таралғаны анықталған. Ал елімізге келетін өнімдердің көбі осы мемлекеттерден екенін ескерсек, онда көкөністердің сапасы қаншалықты тексеріліп жатыр деген сұрақ туады.

Біз бұл орайда облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз хатшысы Айман Жанақаевамен хабарласқан едік. Оның мәліметінше, қазір тексеру жұмыстарына заңды түрде рұқсат жоқ. Осы жылдан бастап техникалық регламенттер талаптарына сәйкестілігін тексеруге сатып алу әзірге тоқтап тұр. Бұл екінші тоқсаннан басталуы мүмкін.

Ғаламтор беттерінен алынған мына ақпаратқа назар салыңыз. Ғалымдар күніне 800 грамм жеміс-жидек пен көкөніс жеу адамның өмір жасын ұзартатынын дәлелдеп шықты. Күніне 80 граммнан 10 мәрте көкөніс, жеміс-жидекпен қоректену адам өмірін едәуір ұзартуға ықпалын тигізеді. Лондондағы Imperial college ғалымдарының есебінше, ұсынылған әдіс бойынша тамақтану 7,8 млн-ға жуық мезгілсіз өлімнің алдын алуы мүмкін. Ғалымдар айтқан 80 грамм жеміс небәрі бір дана банан, алмұрт немесе үш қасық бұршақ екен. Бұл – күнделікті тұрмыста қолданылатын және кең тараған жеміс, көкөніс түрлері. Оларды мүмкіндігінше көп жесе, сәйкесінше ағзаға пайдасы да арта бермек.  Егер күніне 200 грамм көкөніс пен жеміс жесе жүрек-қан тамырлары ауруларынан болатын өлім деңгейін 13%-ға, қатерлі ісік ауруларына шалдығу деңгейін 4%-ға, мезгілсіз өлім деңгейін 15%-ға азайта алады екен.

Ал сіздің күнделікті осынша көлемдегі жеміс не көкөніс пайдалануға мүмкіндігіңіз бар ма, құрметті оқырман?

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<