Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында көктемгі егін науқанымен танысу үшін «Дайындық Агро» ЖШС-ға қарасты егістік алқабын аралап көрді.
Аталған шаруашылық дәнді, майлы дақылдар өсірумен және мал шаруашылығымен айналысады. Иелігінде 15,8 мың гектар егістік алқабы, 4,2 мың гектар жайылымдық жері бар. «Дайындық Агро» директоры Біржан Шәймерденов биыл гектарынан 25 центнер өнім алуды жоспарлап отырғанын айтты.
Президент диқандардың экспорттық сұранысы жоғары дақылдарды өсіруге бейімделгенін атап өтіп, шаруалардың еңбегіне оң баға берді.
Президентке көктемгі егіс науқанының барысы жөнінде мәлімет берілді. Өңір басшысы Айдарбек Сапаровтың айтуынша, егістік алқаптарына минералды тыңайтқыш жеткізу, көктемгі егіс жұмыстарына техника сайлау, диқандарды жанар-жағармаймен қамтамасыз ету ісі жоспарға сай орындалып жатыр. Биыл облыс бойынша 4,5 миллион гектар жерге егін егіледі, оның ішінде 3,2 миллион гектарға дәнді, дәнді-бұршақты дақылдар, 960 мың гектарға майлы дақылдар, 353 мың гектарға мал азығын, 34,1 мың гектарға картоп, 6,2 мың гектарға басқа да көкөніс түрлерін егу жоспарланған.
Қасым-Жомарт Тоқаев егістік басында облыстың ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілерімен әңгімелесті. Олар мемлекеттің тиімді қолдауы нәтижесінде шаруашылықтарын кеңейтуге мүмкіндік алғанын айтты. Ірі шаруашылықтар ауыл халқын жұмыспен қамтып қана қоймай, ауылдағы әлеуметтік бастамаларға да үлес қосып келеді.
Президент облыстың ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілермен кездесу барысында ЕАЭО қызметінің басым бағыттары жөнінде пікірін білдірді. Жуырда Мәскеу қаласында ұйымның кезекті саммиті өтті.
– Ресей Федерациясымен шекара бойында орналасқан Солтүстік Қазақстан облысының стратегиялық маңызы зор. Ресей – біздің серіктесіміз. Біз ЕАЭО аясында да, екіжақты деңгейде де кедергісіз сауда мен тауар алмасу ісін қамтамасыз ету үшін тұрақты келіссөздер жүргіземіз. Жуырда Мәскеуде ЕАЭО Жоғары Кеңесінің отырысы өтті. Жиында, ең алдымен, өзара экономикалық іс-әрекет, интеграция, ынтымақтастық мәселелерімен айналысу қажеттігі туралы айттық. Сауда-саттық кедергісіз жүргізілуі керек. Біз бірыңғай тауар нарығын құруға бар күш-жігерімізді жұмсауға тиіспіз. Қазақстандық жүк тасымалдаушылар тауарды Ресей нарығына да, үшінші мемлекеттердің нарықтарына да кедергісіз және тиімді жеткізу үшін Ресей аумағындағы ішкі теміржол тарифтері қолжетімді болуға тиіс. Тағы да қайталап айтамын: ЕАЭО, ең алдымен, экономикалық интеграциямен, содан кейін басқа мәселелермен айналысуы керек.
Идеология, білім беру, денсаулық сақтау, спорт, мәдениет салаларындағы мәселелер, әрине, назар аударуды қажет етеді. Бірақ басқа да платформалар бар. Онда біз барлық тиісті елдермен табысты ынтымақтастық орнатқанбыз. Сондықтан ЕАЭО, ең алдымен, 2015 жылғы Шартта бекітілген міндетін орындайды деп сенеміз. Жақында Беларусь Республикасының Президенті Александр Григорьевич Лукашенко Қазақстанға одақтас мемлекетке кіруді ұсынды. Мен оның әзіліне лайықты баға бердім. Менің ойымша, бұған ешбір қажеттілік жоқ. Өйткені басқа интеграциялық бірлестіктер, соның ішінде, ең алдымен, Еуразиялық экономикалық одақ бар. Ядролық қаруға келетін болсақ, бізге бұл қару қажет емес. Себебі біз Ядролық қаруды таратпау туралы шарт пен Ядролық қаруды сынауға тыйым салу туралы шартқа қосылдық. Біз осы халықаралық құжаттар аясындағы міндеттемелерге адал болып қала береміз. Менің ойымша, осы кең Еуразиялық аймақтағы немесе үлкен Еуразиядағы ынтымақтастық экономикалық бағыт бойынша дамуға тиіс, оған біз бәріміз мүдделіміз. Нақты ортақ нарық құру керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
***
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Солтүстік Қазақстан облысына сапары аясында «Қызылжар-Сүт» фермасының жұмысымен танысты.
Президентке сүт фермасындағы сауын цехы және мал бордақылау алаңы көрсетіліп, осы кешенде қолданылатын сүт өндіру технологиясы таныстырылды.
Тауарлық сүт фермасының бірінші кезеңі 2020 жылы іске қосылған. Былтыр кәсіпорынға 366 миллион теңге инвестициялық субсидия бөлінген, Германиядан симментал және голштин асылтұқымды ірі қара сатып әкелінген. Ферма 60 жергілікті тұрғынды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп отыр.
***
Мемлекет басшысы Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында «РимҚазАгро» ЖШС-нің қағаз өнімдерін шығаратын фабриканың жұмысымен танысты.
Өндіріс орнын аралап көрген Қасым-Жомарт Тоқаевқа фабрика жұмысының алғашқы нәтижесі туралы баяндалды. Кәсіпорын жылына 5 мың тонна қағаз өнімін өндіре алады. Құйылған инвестиция көлемі – 2,5 миллиард теңге. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында жобаны субсидиялауға қаржы бөлінген.
Қағаз өнімдері фабрикасы – көпсалалы «Радуга» компаниясына қарасты кәсіпорындардың бірі ғана. Жалпы аумағы 37,7 гектар болатын индустриялық кешенде бұған дейін халық тұтынатын тауарлар мен азық-түлік шығаратын бірнеше кәсіпорын ашылған. Қазіргі кезде өңір халқын жыл он екі ай көкөніс өнімдерімен қамтамасыз ету үшін жылыжай құрылысы жүріп жатыр.
***
Сондай-ақ Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетіне барып, білім беру, ғылыми-зерттеу жұмыстарымен және жоғары оқу орнын одан әрі дамыту стратегиясымен танысты. Солтүстік Қазақстан облысының орталығында жаңадан бой көтерген Қазақ сазды-драма театрының ғимаратын аралап көрді. Қызылжар өлкесінің зиялы қауым өкілдерімен және қоғам белсенділерімен әңгімелесті.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<