Көкжиегіңді кеңейткің келсе, тіл үйрен, бірақ ана тіліңді бәрінен биік қой

762

0

«Ана тілің арың бұл,
Ұятың боп тұр бетте.
Өзге тілдің бәрін біл,
Өз тіліңді құрметте».
Бұл – Қадыр Мырза Әлінің сөзі. Тіл адамзат баласына ана сүтімен дарып, қалыптасады. Тілді көздің қарашығындай сақтай білу өмірлік қағидамыз болуы тиіс.

Қазақ тілі – мемлекеттік тіл. Оған дау жоқ. Дегенмен өзге тілге деген құрмет те болуы шарт. Тарихтан тін тарқатсақ, хакім Абай жиырма бесінші қара сөзінде: «Орысша оқу керек, хикмет те, мал да, өнер де, ғылым да – бәрі орыста тұр. Зарарынан қашық болуға, пайдасына ортақ болуға тілін, оқуын, ғылымын білмек керек. Оның себебі – олар дүниенің тілін білді. Сен оның тілін білсең, көкірек-көзің ашылады. Әрбіреудің тілін, өнерін білген кісі соныменен бірдейлік дағуасына кіреді. Орыстың ғылымы, өнері – дүниенің кілті, оны білгенге дүние арзанырақ түседі», – дейді. Расымен, жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі ілім біл. Одан ұтпасаң, ұтылмайсың.

Осы орайда тіл мамандарының да пікірін білгенді жөн көрдік. Белгілі қоғам қайраткері, тіл жанашыры Асылы Османмен хабарласып, тіл туралы ойын білген едік.

Қазақты қазақ ететін тілі
– Ұлтты ұлт етіп сақтайтын тілі. «Тілі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деген ұлы ағартушы Ахмет Байтұрсынұлы. Өз тілін, әдебиетін білмеген, қадірлемеген адамды толық интеллегент деуге болмас. Сол себепті еліміз дамып, мемлекетіміз өркендесін десек, әуелі қазақ тілінің мәртебесін көтеруде белсенділік танытуымыз керек. Егер адам өзге тілді білетін болса, ол рухани бай адам. Өйткені сол тіл арқылы басқа халықтың мәдениетін, дәстүрін үйренеді, басқа тілді үйрену арқылы танымы кеңейеді.

Менің қазағым кімге ұқсамайды: моңғолға да ұқсайды, кәріске де ұқсайды. Бірақ солардан айырып тұратын – тілі. Сондықтан тілді бірінші орынға қоюымыз керек. Өйткені қазақ тілі Қазақстаннан басқа жерде қолданылмайды, өзгеге керек те емес.

Мысалы, қызметке аларда орыс тілі мен шет тілін сұраймыз. Бірақ қазақ тілін емес. Неге біз талап қоймаймыз? Тілдің қажеттілігі болуы керек, сұраныс болуы керек, талап болуы керек. Тілді өмірдің барлық саласында қолдану керек. Сәкен Сейфуллин: «Тіл ауыз ішінде, оны шығаратын кез келді» деп айтып кеткен. Бұл таңдайда тұрған ет тілді айтып тұрған жоқ. Адамдар арасындағы қарым-қатынас тілін шығаратын кез келгенін әу баста ескерткен. Тіл десе күйініп кетемін.

Қазақ тілі VІІ ғасырда алып арабқа да, ХІІІ ғасырда тегеурінді моңғолға да, ХІХ-ХХ ғасырда ормандай орысқа да төтеп беріп, өзін сақтай білген. Қазақ тілі құрып кетеді деп қорықпаймын, соңғы қазақ өлгенше өмір сүреді. Бірақ қазақ тілі өз топырағында, өз елінде мемлекеттік тіл болғаннан кейін, мемлекеттік дәрежеде өз тұғырында қонуы керек. Мен үнемі айтамын тас мұқалып құм болады, темір тозады, адам өмірден озады, ұлттың бүгінін ертеңіне сабақтастыратын көкейдегі сөз бенен таңдайдағы тіл ғана. Ана тілін білмеген қыз ана болып жарытпайды.

Не деген философия?! Қазіргі жастар баласының тілі шыққаннан басқа тілді үйретіп әлек болады. Содан кейін тілді біліп қана қою аздық етеді. Оны түсіну керек. Түсіну де аз, қабылдауымыз керек. Қабылдау да аз орындауымыз керек. Сол кезде ғана толық адам боламыз, – дейді тіл жанашыры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асылы Осман бізбен әңгімесінде.
Ана тілі деген не?
Тілді құрметтеудің әліппесі отбасынан бастау алуы қажет. Сонда өресі биік, өрісі кең болмақ. Жастардың тіл үйренуге талпынысы көңіл қуантады. Өзге тілде сөйлей білу танымыңды кеңейтеді. Тақырып төңірегінде белгілі ғалым Аман Абасиловтың да пікірін сұрап көрдік:

– Ана тілі деген не? Ол қандай тіл? Адамның сөйлеп жүрген тілі сол адамның этносымен сәйкес келе ме, биологиялық тұрғыдан байланыса ма, әлде ол адамның әлеуметтенуі арқылы өзі таңдап алған тілі ме? Бұл – сұрағы көп күрделі мәселе. Егер менің ұлтым қазақ, әкем қазақ, шешем қазақ болса, менің де «ана тілім» қазақ тілі ғой. Дәл сондай ұлты орыс, әке-шешесі орыс адамның да «родной язык» дейтіні орыс тілі ме? Ал ол адамның әкесі қазақ, шешесі орыс болса, оның «ана тілі» не «родной язык» дегені қай тіл болады.

Осыған ұқсас жағдай, керісінше, әкесі орыс, ал шешесі қазақ болса не болады? Осындай аралас некеден туған балалар ана тілін өздері таңдай ма, әлде ата-анасы таңдай ма? Енді тағы бір жағдайда ол өзінің қай ұлтқа не этносқа жататынын білмесе оның ана тілі қай тіл болады? Осы сұрақтарға жалпылама жауап берсек, адам өз ана тілін өзі таңдайды, сондықтан дүниеде ана тілін білмейтін адам болмайды.

Сондықтан энциклодедиялық сөздікте ана тілі дегеніміз – ересектерден үйренген тіл (А.Ахматова) деп анықтама береді. Ал ана тілі деп таңдаған тілінен кейінгі өмірде қарым-қатынаста қолданатын басқа тілдері Т2, Т3, Т4 деп қолданылу жиілігімен санамаланып кете береді. Бұл жалпы адамилық тұрғыдан қарағанда дұрыс. Бірақ жеке ұлттық тұрғыдан қарастырсақ, ол сәл басқашалау болады. Мысалы, біз ана тіл деп әке қанымен, ана сүтімен бойымызға дарыған, ұлттың сан ғасырлық тәжірибесін бойына жинақтаған, сақтаған қазақ тілін атаймыз. Ана тілі – ата мұра. Оған дау жоқ. Бірақ сол қазақтың ішінде өз ұлтының тілін ана тілім деп санамайтын да адамдар бар. Ана тілім – қазақ тілі деп айтқанымен, сол тілде бір ауыз білмеймін, айта алмайтын қазақтар да бар.

Олар үшін қазақ тілі Т2, тіпті Т3 болуы да мүмкін. Олар ана тілім деп өзге тілді, біздің жағдайымызда орыс тілін атауы да, атамауы да мүмкін. Олар ғылым тілінде айтсақ – маргиналдар, қазақша айтсақ – мәңгүрттер деп аталады. Олар аралықта қалып қойғандар, оларда ешқандай қасиет жоқ.

Сондықтан біз үшін «ана тілі» деген қасиетті ұғым. Ана тілі дегеніміз – күллі тіл атаулыдан ішкі құрылыс ерекшелігімен дараланатын, белгілі бір халықпен нақты кеңістікте тарихта бірге жасап, оның төл мәдениетін ұрпақтан ұрпаққа үздіксіз ұластырушы, сол халық адамдарына түгелдей және жан-жақты қызмет ететін ұлтішілік қатынас құралы (Б.Хасанұлы). Осы тұрғыдан алсақ, басқа ұлттар өз тілдерін «родной язык», «сүт тілі», «этнос тілі» десе, біз ғана өз ұлтымыздың тілін «Ана тілі» деп атаймыз. Өйткені біздің ана тіліміз – қазақ тілі ғана ұлтты ұйымдастырып басын қосатын, оның дамуына, өркендеуіне қуат беретін бірден-бір құрал, – дейді Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің қауымдастырылған профессоры Аман Мәделханұлы.
Тіл үйренуге талпыныс жоғары
Тілді жетік білмей, мәдениетті меңгеру мүмкін емес. Жаһандану заманында жаңартылған бағдарлама талабына орай көптілді меңгеру уақыт талабы. Төл тіліңмен қатар өзге тілге де таяздық танытпау маңызды. Қорқыттың қобызына, Дәулеткерейдің домбырасына үн қосқан тілдің тұғыры қашанда биік.

Қазіргі таңда өңірімізде тілдерді оқыту орталығы жұмыс істейді. Ондағы мақсат қандай? Нәтиже бар ма? Бұл туралы облыстық тілдерді оқыту орталығы мамандарынан сұрап білдік.
– Қоғамдық даму басқармасы жанынан құрылған «Қызылорда облысының тілдерді оқыту орталығы» мекемесінде қазақ тілі, орыс және ағылшын тілдерін оқыту курстары ұйымдастырылуда. Курс ересектерге, яғни мемлекеттік қызметшілерге, ерікті қала тұрғындары мен кәсіпкерлерге, этнос жастарға жүргізіледі. 2021 жылы республикалвқ «Үздік оқытушы» байқауында орталық ұжымы жүлделі 2 орын иеленді.

ТЫҢДА! ТҮСІН! ТІЛ ҮЙРЕН! әдістемелік жинағы жарық көріп, республика деңгейінде таратылды. 2022 жылы үздік авторлық бағдарлама бойынша республикадан бас жүлде жеңіп алдық. 2023 жылы сөз және сөйлеу мәдениет курсының бағдарламасы үздік деп танылып тағы да республикадан бас жүлде алды. Сондай-ақ, кинофилмдер арқылы оқыту әдістемесі, жергілікті жер су атуларына қатысты мәтіндер жинағы әзірленуде. Биылға жоспарланган 2016 тындаушының 1100-і оқып сертификат алды.

Көп тіл білгеннің пайдасы орасан. Орталыққа келіп, тіл үйренуге талпынған жастар көптеп саналады. Бұл тілдік құрылымға сұранстың артқанын көрсетеді, – дейді облыстық тілдерді оқыту орталығы директорының орынбасары Жаныгүл Ерекешова.

Әр адам ана тіл арқылы халқымыздың салт-дәстүр, әдет-ғұрпын, тарихын танып өседі. «Егер тілім ертең болса құрымақ, мен дайынмын өлуге де бүгін-ақ! – деген ақын Расул Ғамзатов сөзі өміршеңдігін жоймақ емес. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні көкжиегіңді кеңейткің келсе, тіл үйрен, бірақ ана тіліңді бәрінен биік қой.

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<