Көлік иелері неге наразы?

1346

0

Жол полициясы Ресей нөмірін таққан көліктерді жаппай тексеруге көшкен секілді. Соңғы күндері Ресей нөмірін таққан көліктерді тоқтатып, иесіне айыппұл салып, көліктің өзін айып тұрағына алып кету оқиғалары жиілей түскен. Осыған байланысты әлеуметтік желілерде не Ресейде, не Қазақстанда тіркеуде жоқ ресейлік нөмір таққан көліктерді жаппай айып тұрағына алып кетіп жатқаны туралы ақпарат тарауда.

ҚР ІІМ біздің елде сақтандырылған ресейлік нөмір таққан көліктерді көрші елдегі әріптестерімен бірге тексерді. Нәтижесінде 210 мың машинаның 88 мыңы Ресейде есептен алынғаны белгілі болған. Бұл туралы ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Серік Түсіпов айтқан болатын.

Аталған 88 мың көліктің көбі – Ресейдегі көлік иесі сенімхат арқылы сатқан машиналар. Олар біраз уақыт өткен соң есептен шығарылған, себебі ешкім сатылған мүлік үшін салық төлегісі келмейді. Көліктер Ресей шекарасынан асып кеткендіктен, ескі нөмір және құжаттармен жүр. Ол көліктер Қазақстанда техбайқаудан өтпеген. Техникалық жағдайының қандай күйде екенін де ешкім білмейді. Сондықтан қазір профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүріп жатыр. Егер көлік қажетті тіркеу процедурасынан өтсе, ешқандай проблема болмайды. Бәрінің қолында көлікті Ресейден сатып алғанын растайтын құжат бар. Тек ХҚКО-ға барып, өз атына рәсімдеу керек. Бірақ көбі өз атына қойғысы келмейді.

Оған себеп – утиль алымының қымбаттауы. Ол бізде 400 мыңнан басталып, 6 миллионға дейін барады. Сарапшылардың айтуынша, дамыған елдерде утиль алымының бағасы әрі кетсе 100 мың теңгеден аспайды. Осыған орай әлеуметтік желіде #НетУтильсбору хэштегімен қарсылық петициясы жарияланып, оған 30 мыңнан астам адам қол қойған. Алайда кейін петиция жарияланған сайт бұғатталған, тиісінше қарсылық ұсынысы қолдау табудың өзін былай қойғанда, билік тарапынан бұған еш реакция да болған жоқ.

Еш жерде тіркеуде жоқ көлік иесін 10 жұмыс күні ішінде машинаны тіркеуге міндеттейтін «Жол жүрісі» туралы заңның 66-бабы, 2-бөлігі бұзылғанда, есепке алынбаған автомобиль айыптұраққа жіберіледі. Ал жүргізушінің атына Әкімшілік кодекстің 590-бабы, 2-бөлігіне сай хаттама толтырылып, 10 АЕК – 29 170 теңге айыппұл салынады.

Қозғалуына тыйым салынған автокөлікті айып тұрағынан машинаны сатып алу-сату шартын көрсетіп қайтарып алуға болады. Бірақ қайта рульге отыра алмайсыз, өйткені оны елде есепке қою қажет немесе Ресейге алып кету керек.

Ресейлік нөмір таққан машинаны ол көрші елде тіркеулі болса ғана пайдалануға рұқсат. Оған қоса, қолыңызда Ресей азаматы берген сенімхат, техникалық тексерістен өткенін растайтын құжат пен сақтандыру полисі болуға тиіс. Одан бөлек, «Жол жүрісі» туралы заң бойынша шетелдік иесі тіркеген техника біздің елде бір жылдан кем жүрсе ғана халықаралық қозғалысқа қатысушы саналады, сондықтан оны жыл сайын 30 тәулікке елден шығарып отыру қажет.

Аталған мәселеде көлік жүргізушілерінің наразылығы өздігінен түсінікті. Көрші елдегі көлік қожайыны оны сатқаннан кейін тіркеуден шығарып тастайды. Демек, ол транспорт ресейлік болып саналмайды. Сонда оны Қазақстанда тіркеуге қоя салуға не кедергі? Көп жағдайда утиль алымының өзі көліктің бағасынан да асып түседі. Ал бұл – қарапайым халықтың қалтасы көтере бермейтін шығын.

Билік заңның жұмыс істеуін қадағалауды қатаңдата түсе ме, болмаса сол заңды өзгертіп, ресейлік көлікпен еркін, алаңсыз жүруге мүмкіндік бере ме, әзірге белгісіз. Не десек те, асқынып бара жатқан бұл мәселені шешудің жолы қарастырылуы керек.

Биболат Сәтжан,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<