Көлік-логистика саласындағы  мәселелер талқыланды

160

0

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің көлік-логистика саласын дамыту мәселелері жөніндегі отырысы өтті.

Көлік министрі Марат Қарабаевтың және бірқатар орталық мемлекеттік органдар басшы­ларының баяндамалары тыңдалды. Мем­лекет басшысы көлік саласындағы ахуалды сынға алды. Қордаланған проб­лемалар мен бел­гіленген межелердің орындалмауы жаң­ғырту жұмыстарын жүргізуге кедергі келтіріп отыр.

Президент шекарадан жүк өткізудің қиын­дығын, көптеген өткізу бекеттерінің жағдайы нашар екенін, сондай-ақ ірі инфрақұрылымдық-транзиттік жобалардың өз уақытынан кешігіп жатқанын айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасыл дәліз» жүйесін ұйымдастырып, еліміздің логис­тикалық әлеуетін оңтайлы пайдаланудың маңызына тоқталды. Оның айтуынша, жаһан­­дық сын-қатерлер күшейген кезең­­де Қазақстан өзінің бәсекелестік ар­тық­шылығын сақтап қана қоймай, оны нығайта түсуге тиіс. Мемлекет басшысы жүк тасымалы көлемін арттыру үшін нарықты авиаотынмен жеткілікті деңгейде қамтамасыз ету қажет деп санайды.

Бұдан бөлек, мультипликативтік тиім­ді­лік­ті көтеру мақсатында еліміз арқылы өтетін жүк тасымалы көлемін ұлғайту, соның ішінде әлем­дік жеткізу тізбегіне қосылу міндеті қойылды.

Жиын соңында Президент министр Марат Қарабаевқа жұмыс барысында жі­берген кемшіліктері үшін сөгіс жариялады. Мемлекет басшысы көлік-логистика сала­сындағы проблемаларды шешуге қатысты нақты шаралар қабылдауды тапсырды.