Ақтөбе облысы Мұғалжар аудандық №8 өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы Ақдәулет Әли өз әріптестерімен бірге 18 шақырым қашықтықта орналасқан ауылға жаяу барып келді. Бүгінгі күннің батырлары мұны өз міндеті санайды. Өрт сөндіруші мамандығында оқып, үш жыл бойы еңбек етіп жүрген ол мұндай күнге әркез дайын екенін айтып берді.
– Мұғалжарлық өрт сөндірушілердің еңбегі мен ерлігін қазір ел білді. Сіз сол №8 өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығысыз. Бұл саланы таңдауға не түрткі болды?
– Өзім осы ауданның тумасымын. Мектеп бітірген соң М.Ғабдуллин атындағы азаматтық қорғау академиясына өрт сөндіруші мамандығына оқуға түстім. 2021 жылы қолға диплом алып, Қандыағаш қаласындағы №8 өрт сөндіру бөліміне қарауыл бастығы боп қызметке орналастым. Содан бері үш жыл өтті. Тұрақты еңбек етіп келеміз.
– Өңірде бірнеше күн бойы боран болып, қатынас қиындады. Әсіресеғ сәрсенбі күні ақтүтек бораннан ештеңе көрінбей қалып, түрлі ақпарат тарады. Соның ең әсерлісі – құтқарушылардың еңбегі, тіпті ерлігі деп айтуға болады. Сол күнгі оқиға туралы тағы бір мәрте айтып берсеңіз.
– Хабарлама 112 нөміріне түсті. Ауа райы күрт өзгергенде Басшилі ауылына жол жоқ екенін білдік. Сондықтан «Трэкол» көлігін шығаруға шешім қабылдаған жайымыз бар. Әрі жолға бірден 8 адам аттанды. Жолай адамдарға көмек қажет болар деп те ойладық. Басшилі ауылынан екі адам көлікке мінетіні туралы алдын ала білген соң мүмкіндігінше көп қызметкерді алып шыққан жөн деп санадық. Бұл 7 ақпан күні сағат 08:14-те болды. Шамамен 11:40-та Басшилі ауылына жеттік. Ауылға Ақтөбе-Атырау трассасымен жүретін болған соң бәріне дайын болу керек. Көлік кезігіп немесе трассадан түсіп кетуіміз мүмкін еді. Сол апаттың алдын алу үшін көлік алдына түсіп, алма-кезек жүрдік, кейде жүгірдік. Әр шақырым сайын алмастық, еш тоқтамадық. Боран ұйытқыған кезде қиын болады, бас көтертпейді. Кей тұсында жолды қар басып тастаған. Ондай кезде көлік өз ыңғайын тауып, бұзып-жарып қозғалды. Күрекпен де аршыған кез болды.
– Басшилі ауылына жеткенде бірден кері оралдыңыздар ма?
– Біздің құрамда құтқарушылар мен өрт сөндірушілер болды, бірақ дәрігерлер қарастырылмады. Денсаулығы сыр берген әже бұған дейін де Қандыағаш қаласында ауруханаға қаралып жүргенін білдік. Сондықтан бес минутта көлікке мінгізіп алып, кері қозғалдық. Шамамен сағат 14:00-де аудан орталығына оралып, науқасты ауруханаға жеткіздік. Біз жол бойында әрі аудан орталығында болған соң ба, мұндай жағдай жиі болып тұрады. Қайсыбірін көрсетіп, айтып отырамыз? Шынымды айтсам, видеоға түсіп қалғаны осы.
– Жұмысқа, кезекшілікке шыққан кезде үйден дайындалып шығасыз ба?
– Біз кезекшілікпен жұмыс істейміз. Әр кезекші қарауыл тәулік бойы жұмыс істейді. Сол тәулікте не болса да соған дайын жүреміз. Киім де, техника да сақадай сай. Өрт, құтқару, авариялық құтқару, табиғи құбылысқа дайын жүреміз. Ал шақырту түскенде қажет көмекті жол бойы талқылаймыз.
– №8 өрт сөндіру бөлімінде қанша адам еңбек етеді?
– Барлығы 30 адам өрт сөндіруші болып жұмыс істейді. Бізде төрт қарауыл кезекшілігі бар. Әр қарауылда 7 адам еңбек етеді. Екі бөлімше командирі де бар. Бәрі бірдей жас маман емес, тәжірибелі қызметкерлеріміз де қатарымыздан табылады. Кешегі боранда Басшилідегі шақыртуға барған қызметкерлер бір қарауылда емес, бірнеше қарауылда еңбек етеді. Бір сөзбен айтқанда аралас болды. Бөлімшеде 7 техника бар. Оның үшеуі автоцистерна, бір ауыр көлік және «Трэкол» жол талғамайтын көлігі мен құтқаруға арналған баспалдақты көлік бар.
– Кешегі қадам көпшілікті тәнті етті. Сіздер қолдауды сездіңіздер ме?
– Біздің міндетіміз – құтқару, өрт сөндіру, көмектесу. Біз осы саланы саналы түрде таңдадық. Қиындығын да білеміз. Ерлік емес, міндетіміз.
– Көмек көрсеткен қариядан хабар бар ма? Денсаулығы қалай?
– Біз ертеңіне хабарласып, жағдайын білдік. Денсаулығы бірқалыпты, дәрігерлердің қарауында екен. Иә, біз жиі алғыс аламыз, адамдар батасын да береді.
– Біз де ризашылығымызды білдіреміз, аман болыңыз!
Еске салсақ, 7 ақпан күні 73 жастағы қарияның денсаулығы сыр беріп, мұғалжарлық құтқарушылар жол талғамайтын көлікке бағдар беру үшін алма-кезек жүгіріп, 36 шақырымды еңсерді.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<