«Көлтоған» су қоймасының жағдайымен танысты

439

0

Сенбі күні облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Жаңақорған ауданына жұмыс сапарымен барып, «Көлтоған» су қоймасының жағдайын көрді. Аймақ басшысы облыстағы су қоймаларының жұмысымен, көрсеткіштерімен танысып, бірқатар тапсырма жүктеді.

– Қоймаларға келген су жеткілікті. Вегетациялық кезеңде суды дұрыс пайдалану үшін бірлескен жоспарға сәйкес  іс-шаралар атқарылуы керек. Ысырапшылдыққа жол берілмеуі тиіс. Өздеріңізге белгілі, «Көлтоған» су қоймасы апатты жағдайда, күрделі жөндеуді қажет етеді. Бөгеттің ұзындығы 1500 метр,  оның 900 метрінің бетон еңістігінің (откос) төменгі жағы сумен шайылып, бетоны сынуда. Жоба-сметалық құжаттама әзірлеу қажет, – деді облыс әкімі.

«Көлтоған» су қоймасы Жаңақорған ауданы «Бірлік» елді мекенінің жанында орналасқан, 1929 жылы пайдалануға берілген. Жалпы ауданы 52 гектар, қорғаныс бөгетінің ұзындығы 1,5 шақырым. Қойманың жобалық сыйымдылығы 4 млн текше метр,  қазір 3,5 млн текше метр су бар, яғни 87,5 пайыз толған. 

Аталған су қоймасы «Бірлік» ауылының 250 гектар үйіргелік жерлерін, жеміс, бау-бақшасын және саялы ағаштарын суландырады. Елді мекенді аяқсумен қамтамасыз ететін жалғыз су көзі. Таудың орналасқан бетон тоспа (плотина),  темірбетонды лоток каналы және ескі арна арқылы қар мен жаңбыр суынан жиналады. Артық су арнамен «Шұқырой» көліне жіберіледі.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<