Көмір көпке жете ме?

618

0

Міне, қарашаның қара суығы да күн санап қатайып барады. Мұндайда бәрі үй де, жұмыс орны да жылы болғанын қалары хақ. Дегенмен қыстың қытымыр аязында «көгілдір отынды» пайдаланатын халықтың мұңы бөлек, көмір жағатын ағайынның айқайы ерек шығатыны бар. Ол аз десеңіз, шаһардың шет аймақ тұрғындары үшін бұл басы артық мәселеге айналып, көмірге мұқтаж азаматтардың өкпе-назы туындайтыны жасырын емес. Ал биылғы қатты отынның қаладағы хал-жайы қай деңгейде? Көмір тұтынатын мекемелер мен шет аймақ тұрғындары қыстан қысылмай шыға ала ма?

Белкөл кентінде орналасқан «Kazkom» ЖШС мекемесі қаладағы ең ірі көмір тарату орталығына жатады. Мұнда күніне 50-ден аса жүк көлігі көмір сатып алуға кезекке тұрады екен. Біз болған 2 сағат көлемінде 20-ға жуық көлік кезекке тұрып, Қарағандыдан келетін көмірді күтті. Халықтың Қарағандының көміріне құмартуының өзіндік себебі бар. Өйткені көпшілік тұтынатын таскөмірге қарағанда Шұбаркөл сорты жылуды жақсы береді әрі күлі де аз болады. Таскөмір зауыт пен арнайы мекемеге болмаса, үйдің пешіне көбіне қолайсыз.

Атбасын арнайылап бұрған соң, көмір алуға келген тұрғындардың уәжін тыңдауға көштік. Пікірді Шаған ауылының тұрғыны Ерлан Пірәлиев бастады.

– Ауылға күнделікті 2-3 мәрте көмір тасимын. Ара-тұра кезек күтетініміз бар. Келсек, бос қайтпаймыз. Мұнда Шұбаркөл көмірі 14850 теңгеден саудалануда. Ең көп алатынымыз да – сол сорт. Өйткені халыққа қолайлысы осы болып тұр, – дейді ол.

Ал Шұбаркөл ауылынан келген Гүлсім Қарақұлова көмірді сырттан тасымалдау халыққа қиын екенін айтып, көптің пікірін жеткізді.

– Қазір көмір алуға кезек күтіп тұрмын. 3 тонна көмір аламын. Әр тоннасы 15 мың теңгеден болғандықтан, ауылға дейін жалдайтын көлікпен қосқанда 60 мың теңге шығындаламын. Халыққа көмір бағасы өте қымбатқа түсіп отыр. Бала-шағасын 70-80 мың теңге жалақымен асырап отырған отбасылар қалай күн көрмек?! – дейді ол.

Иә, бұл жерде кезекте тұрған адамның қарасы қалың. Дені көмірді алуға таң атысымен қамданады. Өйткені кезекке тұрудың өзіндік әлегі бар. Жылда жылу маусымы басталғаннан әлеуметтік желі дуылдап, көмір жетіспеушілігі мен ондағы кезек жайлы жазбалар қаптай түсетінін ешкім жоққа шығара алмайтын шығар. Жылда кезек үшін жанжалдасып, тіпті, жаға ұстасып жатқандар да кездеседі дейді келушілер. Жалпы, сатып алушылардың көпшілігі Шіркейлі, Шаған, Ақжарма, Амангелді, Сұлутөбе, Еңбек, Белкөл, Абай, Ақсуат ауылдарының халқы. Сондай-ақ, Жалағаш, Тереңөзек, Шиелі ауданының елді мекендерінен келген тұрғындар да бар. Бұған қаламен іргелес жатқан Махамбет ауылы, Наурыз,  Сабалақ саяжайын қосыңыз. Көмір кезегі үшін сабылған адамдар жылда осы оқиға қайталанатынын айтып, қынжылады. Сонымен бірге қалалықтарға қарағанда, шет аудандардан келген тұрғындардың қалтасынан көбірек қаражат шығады. Себебі, көмір алу және шет ауылға тасмалдауға кететін шығын қалтаға жеңіл емес. Оның үстіне қыс мезгілінде жылуы аз, күлі көп таскөмірдің өзі тапшы болуы әбден мүмкін. Сондықтан аузы күйген ауылдықтар ұзын-сонар кезекпен көмір күтуге мәжбүр. Көмір базарынан ауылға дейін көлік жалдау кем дегенде 15-20 мың теңге тұрады.

Қазір уақыты жоқ адамға бар мүмкіндік жасалған. Қызығы сол, кейбір ауыл тұрғындары көмір тасымалдаумен айналысатын адамдарға тапсырыс беріп алдыртады екен. Біз көрген азаматтардың көбі тасымалдаушылар болып шықты.

Ернар, жеке көлік жүргізуші, тасымалдаушы:

– Бізге 5 тоннадан артық берілмейді деп жатыр. Бірақ барынша алуға тырысамыз. Сыртқа барып, осының үстіне ақша қосып сатамыз. Біз халыққа қызмет етушіміз. Тапсырыс береді, соны үйлеріне жеткізіп береміз, – деді ол.

Мұнда күніне шамамен 60-қа жуық жүк көлігі келеді. Қазіргі таңда «Kazkom» ЖШС мекемесі Шұбаркөл көмірінің бір тоннасын 14850 теңгеден бағалауда. Бұл – қала нарығымен салыстырғанда қолайлы баға. Келушілердің сөзінше, базардан алған көмірді ауылдарға апарып, тоннасын 20 мың теңгеден саудалайтын алыпсатарлар бар. Тіпті, бұл жылдағы дәстүрге айналған. Көмір тапшылығы салдарынан ауылдағы ағайын қымбат болса да амалсыз алады. Көмірдің сапасы көтерілген сайын құны да қымбаттайды.

Естеріңізде болса, бұл мәселе турасында қыркүйек айының соңында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қала, аудан әкімдері және сала басшыларымен бірге жылу беру маусымына дайындық мәселелерін пысықтап, маусым жұмысы іркіліссіз жүруі керек екендігін қатаң ескерткен еді.

– Жыл сайын ауа райы суытқан кезде облыс орталығындағы көмір қоймаларында қатты отынға сұраныс артып, халық арасында ажиотаж туындап, тұрғындардың шағымы көбейеді. Мұны болдырмауымыз керек. Себебі, қалаға жақын орналасқан Сырдария, Жалағаш, Шиелі аудандары өздеріне қажетті көмірді  қаладан тасымалдайды. Биыл да осы көрініс қайталануы мүмкін, өйткені аудандарда отын қоры әлі де аз. Осы мәселеге жете көңіл бөліңіздер, – деген еді облыс әкімі.

Ауылдарға көмір тасушылармен сөйлесіп жүргенде біз барған «Kazkom» ЖШС мекемесіне Қарағандыдан 6 вагон көмір келді. Сол-ақ екен, көмір базарының алды абыр-сабыр болды да кетті. Орайы келгенде айта кетейік, қазіргі таңда қалада «Kazkom» ЖШС мекемесі мен ЖК «Қарымсақов» секілді көмір базарлары жұмыс жасайды. Облыс аумағында жергілікті тұрғындар мен әлеуметтік нысандарға көмір отынын тасымалдайтын жүк көліктері үшін тұрақтар мен жабдықталған алаңдар, көмір қоймалары қарастырылған. Оның ішінде, екеуі Қызылорда қаласында болса, қалған 34-і аудандардың еншісінде. 

Ал енді ресми мәліметтерге сүйенсек, бүгінде облыста жылу беру маусымына қажетті 176 мың тонна көмірдің 169 мың тоннасы жеткізілген. Қазіргі таңда қала және барлық аудандардағы көмір қоймаларында 7 мың тоннаға  жуық қатты отын қоры бар. Сондай-ақ, осы аптада облысқа 29 вагон көмір жеткізілсе, бейсенбі күні біз барған көмір сату орталығына 14 вагон қатты отын әкелінді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен өткен көшпелі брифингте облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Руслан Нұрмағанбетов мәлімдеді.

– Бүгін қаладағы Белкөл станциясында «Kazkom» ЖШС-не 14 вагон Шұбаркөл маркалы көмір қоры әкелініп, кезек реттілігімен облыс тұрғындарына сатылуда. Одан бөлек, ай соңына дейін қосымша 45 вагон қатты отын қоры жеткізіледі деп күтілуде. Жеткізілетін көмір көбіне Шұбаркөл және Қаражыра кен орындарынан әкелінеді. Жалпы облысты көмірмен толықтай қамтамасыз ету әкімдіктің тікелей бақылауында екенін айтқым келеді. Сондай-ақ, тұрғындарға көмір 14800 теңге мен 19 мың теңге аралығында сатылуда. Айта кетейін, тұрғындар арасында кезекке дүрбелең тудырмас үшін арнайы мобильді қосымша арқылы көмірге тапсырыс беріп, алдыруға болады, – деді басқарма басшысы Руслан Аймырзаұлы.

Жалпы, осы кезге дейін жеткізілген 169 мың тонна көмірдің 135 мың тоннасы тұрғындарға, қалған 34 мың тоннасы әлеуметтік нысандарға жеткізілген. Басқарма басшысының айтуынша, өңірдегі барлық көмір қоймасында нақты 6794 тонна қатты отын қоры бар. Оның 621 тоннасы Қызылорда қаласының еншісінде.

Сөзіміз құрғақ болмас үшін нақты дәлел келтіре кетейік. Қазақстан Темір жолының мәліметіне сүйенсек, осы аптада облысқа 43 вагон көмір келген. Оның ішінде 13 вагон Қызылорда қаласына, 8 вагон Аралға, 4 вагон Қазалыға, 15 вагон Шиеліге, 3 вагон Қармақшыға жеткізілген. Бұл «Көмір жоқ» деп шырылдаған аудан тұрғындарының мәселесі шешілуге жақын деген сөз. Айтпақшы, өңірге қажетті көмірдің бірқалыпты жеткізілуін өндірушілермен келісім-шарттары бар жеке кәсіпкерлер қамтамасыз етуде.

Ал, енді қалаға қарасты мекемелер мен тұрғындардың ахуалын цифрлармен сөйлетсек, биылғы жылу маусымына Қызылорда қаласы бойынша қатты отын қажеттілігі 37 мың тоннаны құрайды. Оның 36100 тоннасы тұрғындарға берілсе, қалған 900 тоннасы әлеуметтік нысандарға жөнелтілген. Шаһарға қарасты Ақжарма, Қызылөзек, Қосшыңырау, Қарауылтөбе ауылдарындағы кітапханалар да көмірмен жылытылады.

Биылғы жылу маусымы басталған тұста «Қызылорда қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» КММ басшысының орынбасары Дархан Бақтияров пікірін білдірген еді.

– Қызылорда қаласы бойынша жылу желілерінің жалпы ұзындығы – 190 шақырымды құрайды. Биылғы жылу маусымы барысында жоспарланған жөндеу жұмыстары бекітілген кестеге сай жүргізіліп, 100 пайызға орындалды. Ал қаланың сол жағалауындағы жылу желілеріне гидравликалық сынақ жұмыстары жүргізілді. Тексеріс барысында анықталған ақаулар қалпына келтіріліп, жылу жүйесіне қосылды. Жылу маусымы аяқталғанша тиісті жұмыстар жүйелі түрде жалғасатын болады. Қыстан қысылмай шығамыз деген ойдамын, – деді ол.

Иә, жылу беру маусымы биыл жылдағыдан ерте басталды. 4 қазан күні қала көлемінде 1064 әлеуметтік нысан мен 845 көпқабатты тұрғын үй толығымен жылумен қамтамасыз етілген болатын. Оның ішінде 711 тұрғын үй орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылса, қалған 104 үй қазандықтармен жылытылды.

Білуімізше, кейінгі жылдары қала халқының көмір тапшылығын сезінуінің бірнеше себебі бар. Алғашқысы, көмір таратушы мекемелер жүк көліктеріне 5 тоннаға дейін ғана көмір тиеуге рұқсат бергенімен, кейбір үлкен көліктерге 30-40 тоннаға дейін артуда. Нәтижесінде қалған тұрғындарға қатты отын жетіспейді. Ал, жалпы өндірілетін көмірдің экспортқа шығатын үлесі басым болғандықтан, кейде өңірлер үлесі өзгеріп қалуы ықтимал. Қысқасы, осындай жағдайлар қатты отын нарқындағы жағдайды теңселтіп тұратыны бар.

Ақтілек БІТІМБАЙ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<