Бүгінде облыста жылу беру маусымына қажетті 176 мың тонна көмірдің 96 пайызы, яғни 169 мың тоннасы жеткізілді. Қазіргі таңда қала және барлық аудандардағы көмір қоймаларында 7 мың тоннаға жуық қатты отын қоры бар. Сондай-ақ күні кеше облысқа 29 вагон көмір жеткізілсе, бүгін 14 вагон қатты отын әкелінді. Бұған қоса, облыс тұрғындары арнайы мобильді қосымша арқылы көмірге тапсырыс беріп, үйлеріне алдыруда. Бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен өткен көшпелі брифингте облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Руслан Нұрмағанбетов БАҚ өкілдеріне көмір қоры туралы мәлімдеме жасады.
– Бүгін қаладағы Белкөл станциясында «Kazkom» ЖШС-на 14 вагон Шұбаркөл маркалы көмір қоры әкелініп, кезек реттілігімен облыс тұрғындарына сатылуда. Одан бөлек, ай соңына дейін қосымша 45 вагон қатты отын қоры жеткізіледі деп күтілуде. Бізге жеткізілетін көмір көбінесе Шұбаркөл және Қаражыра кен орындарынан әкелінеді. Жалпы облысты көмірмен толықтай қамтамасыз ету әкімдіктің тікелей бақылауында екенін айтқым келеді. Сондай-ақ, көмір бағасы 14 800 теңгемен 19 мың теңге аралығында тұрғындарға сатылуда. Айта кетейік, тұрғындар арасында кезекке дүрбелең тудырмас үшін арнайы мобильді қосымша арқылы көмірге тапсырыс беріп, алдыруға болады, – деді басқарма басшысы Руслан Аймырзаұлы.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<