«Көне дәстүр күмбезі» атты ұлттық дәстүрлер фестивалі жалғасуда

452

0

Фото: Жалағаш ауданының әкімдігі

Ұлттық құндылықтарымызды, салт-дәстүрлерімізді кеңінен насихаттап, дәріптеуді мақсат еткен фестиваль бүгін де орталық алаңда сән-салтанатымен жалғасуда. Фестиваль аясында «Жаңадария ауылдық клубы» «Қамшы ілу», «Шапан шегелеу» дәстүрлерін сахналаса, «Аққұм ауылдық клубы» «Төркіндеу» дәстүрін көріністеріне арқау етті.

Ата-бабамыздан қалған салт-дәстүр мен ырым-тыйымдардың қай-қайсысын алып қарасақ та айтар ойы салмақты, мағынасы терең, даналық пен көрегендіктің асқан үлгісін байқауға болады. Бүгінде заман ағымына ілесе алмай, тіпті халық арасында қолданыстан шығып жатқандары қаншама?! Сондай елеусіз қалған дәстүрдің бірі – қамшы ілу.

Қамшы ілу дәстүрі – құдалық, құда түсу жолында жасалатын таза қазақи ұғымды көрсететін жоралғылардың бірі. Бұл дәстүрдің негізгі орындалу тәртібі де ерекше. Сәлем беріп келген кісі үйден шығарда киіз үйдің кереге басына өзінің қамшысын іліп кетеді. Мұнысы сол үйдің қызына құда түссек деген тілегін білдіреді. Осындай терең мағыналы, мән-маңызы зор салт-дәстүрімізді ұсынған жаңадариялық өнерпаздар ыстық ықыласқа бөленіп, мерекенің мәнін аша түсті.

Ал, «Аққұм ауылдық клубы» «Төркіндеуді» барлық жөн-жоралғысымен көрсетті. Жалпы, төркіндеу дәстүрінің желісі үзілді деуге келмейді. Алайда, қазақ халқының ұзатылған қыздарының «төркіндеуі» өзгеше болған. Яғни, үйінен ұзап, өз жұртына келін болған қыз бір жыл өткеннен кейін ғана төркіндеген. Мұның да астарына үңілсек, үлкен мән жатқаны белгілі. Міне, қос ауылдық өнерпаздары бүгін осындай тағылымды салт-дәстүрлерімізді қайта жаңғыртты.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<