Көне көліктер керуені

323

0

Әйгілі «Бейжің – Париж 2024» автошеруі Қызылорда қаласында болды. Автошеру құрамында әлемнің 22 елінен жиналған ретротехникаға қызығатын 287 қатысушы бар. Көне көліктердің орташа жасы 88 жылды құрайды. Қызылордаға келген көліктердің арасынан 1934 жылғы Bentley мен 110 жыл бұрын шыққан American LaFrance көлігін көруге болады.

Автошеру қатысушылары 18 мамырда Бейжіңнен шығып, Үрімші арқылы өтіп, 3 маусымда облысымызға жетті. Шара кезінде полицейлер қауіпсіздік шараларын қабылдап, қоғамдық және жол қауіпсіздігін қамтамасыз етті. Шеруге қатысушылар тәртіп сақшыларына алғыс білдірді.

Үлкен раллиге 22 елден 300-ге жуық ретро көлік жиналды. Қызылордаға барлығы 73 көлік келді. Тұрғындар осындай ерекше көріністі тамашалауға молынан жиналды.

Ралли – әлемдегі ең көне маршруттардың бірі. Сонау 1907 жылдан бері үш жылда бір рет өткізіліп келеді. Әр үш жыл сайын бұл дәстүрді Лондонның Endurance Rally Association (ERA) ұйымы жаңғыртып келеді. Оған 1976 жылға дейін шығарылған автокөліктер қатыса алады.

«Бейжің – Париж 2024» – техникалық прогресс тарихына деген құрметтің бір түрі. Әрі заманауи энтузиастар үшін үлкен сынақ. Ралли идеясының авторы француздық «Le Matin» газеті 1907 жылғы 31 қаңтардағы нөмірінде: «Көлігі болса, адамның қолынан бәрі келетінін, кез келген жерге жете алатынын дәлелдеу керек. Осы жазда Бейжіңнен Парижге көлікпен баруға кімнің батылы жетеді?» деген үндеу тастапты. Содан бері ғасырдан астам уақыт бойы дәстүрлі ралли жалғасын тауып келеді.

Автошеру 23 маусымда Франция астанасына жетуі керек. 14,5 мың шақырымдық жол Қытай, Қазақстан, Әзербайжан, Грузия, Түркия, Грекия, Сан-Марино, Италия және Франция арқылы өтеді. Аталған елдердің тұрғындары үшін бұл – сирек кездесетін нағыз музей экспонаттарын көру мүмкіндігі.

Себебі, раллиге әртүрлі елдердің 1907-1975 жылдары шығарылған көліктері қатысады. Мысалы, 1907 жылы жасалған үш дөңгелекті көліктер бар. Қозғалтқыш конструкциялары да әртүрлі. Жартылай бу қозғалтқышы бар автомобильдер де кездеседі.

Мұндай раллиді жарыс деп айту қиын. Өйткені басты міндет – маршруттың соңына жету. Көліктің жылдамдығы емес, төзімділігі сыналады. Бір қызығы, бригадаларға өз инженерлерінің болуына тыйым салынады. Ралли кезінде бұзылған көліктерге техник сарапшылардың ұйымдасқан халықаралық тобы көмектеседі. Бірақ ережеге сәйкес, ретро көліктерді тек түнде, ұйымдастырылған тұрақ кезінде жөндеуге рұқсат етілген. Күндізгі уақытта көлікті экипаж өз бетінше немесе еріп жүретін техникалық қолдау координаторларының көмегімен жөндеуі керек. Сондықтан, көліктің барлығы бірдей Парижге жете алмайды.

Биылғы көне көліктер керуені облыстың 812 шақырымын жүріп өтеді. Сондықтан бұл – көрікті жерлерді, табиғатты көрсетуге, қатысушыларды жергілікті мәдениетпен таныстыруға да тамаша мүмкіндік.

Бұдан әрі ескі көліктер Арал ауданындағы «Ақеспе» елді мекеніндегі ыстық су көзінің жанында түнеп, сапарын әрі қарай жалғастырады. Қатысушылар Ақтау арқылы Бакуге өтіп, шеруді Парижде аяқтайды.

Биболат Сәтжан

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<