Көңіл айту жеделхатын жолдады

673

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия Президенті Реджеп Тайип Ердоғанға көңіл айту жеделхатын жолдады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Түркияның Мардин және Газиантеп провинцияларындағы жантүршігерлік жол-көлік апаттарынан көп адамның қаза табуы мен бірқатар азаматтың ауыр жарақат алуына байланысты Президент Реджеп Тайип Ердоғанға көңіл айту жеделхатын жолдады.

– Осындай қиын сәтте қайғы-қасіреттеріңізге ортақтасып, барша қазақстандықтың және жеке өзімнің атымнан сізге және жақындарынан айырылған отбасыларға, сондай-ақ бауырлас түрік халқына қайғыра көңіл айтамын. Марқұмдардың Алла Тағаланың шапағатына бөленуін, зардап шеккендердің тез арада сауығып кетуін тілеймін, – деп жазылған Президенттің жеделхатында.

***

Мемлекет басшысы Қырғызстан Президентіне көңіл айту жеделхатын жолдады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғыз Республикасы азаматтарының Ресей Федерациясының Ульянов облысында жол апатынан қаза табуына байланысты Президент Садыр Жапаровқа және барша қырғыз халқына көңіл айтты.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы жеделхатта қайтыс болған азаматтардың туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты.

Қауіпсіздік кеңесінің отырысы

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік кеңесінің отырысын өткізді.

Мемлекет басшысының төрағалығымен Ақордада Қауіпсіздік кеңесінің отырысы өтіп, қаруды өндіру мен сатып алу, сондай-ақ осы саладағы экспорттық бақылау мәселелері қарастырылды.

Қауіпсіздік кеңесінің Төрағасы Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаевтың және Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовтың баяндамаларын тыңдады.

Отырыс соңында Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік органдарға тиісті тапсырмалар берді.

Әкімдерді қабылдады

Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевті қабылдады.

Облыс әкімі Мемлекет басшысына Алматы облысының әлеуметтік-экономикалық дамуында оң динамика бар екенін айтып, стратегиялық даму жобасы туралы баяндады.

Облыс әкімінің айтуынша, Алматы агломерациясының аймақаралық жоспарына сәйкес, облыстағы нысандар инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылыммен қамтамасыз етіледі.

Аймақтағы ең өзекті проблеманың бірі – үш ауысымды мектептер мәселесі қалай шешілетіндігі айтылды. Президентке ұсынылған мәліметтерге сәйкес, өңірде 38 медицина нысаны салынады. Оған қоса, облыс орталығында 500 орындық көпсалалы аурухана құрылысы жобаланған.

***

Мемлекет басшысы Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақаловты қабылдады.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа облыс әкімі аймақтың дамуы жөнінде, атап айтқанда, ауыл шаруашылығының дамуы, жылыту маусымына дайындық және инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жөнінде баяндады.

Құмар Ақсақаловтың айтуынша, өңірде күзгі егін науқаны басталды. Биыл бидайдың бір гектарынан 16 центнер алу болжанып отыр. Аграрлық секторға биыл 180 миллиард теңге инвестиция тартылады. Президентке өнеркәсіп саласындағы жобалар туралы да айтылды. Облыста биыл 401 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі. Аймақтағы жолдарды жөндеуге биыл 22 миллиард теңге бөлінген. Бұл қаржыға 663 шақырым жол жөнделеді. Сонымен қатар 55 ауылда су құбырын тарту жұмыстары жүргізіліп жатқаны туралы мәлімет берілді.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев егін жинау науқанын жоспарға сай орындауды және облыстағы өзге де жобаларды одан әрі жалғастыруды тапсырды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<