Президент Қасым-Жомарт Тоқаев көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Сергей Терещенконың қайтыс болуына байланысты оның отбасы мен жақындарына көңіл айтты.
– Сергей Александрович еңбек жолында колхоз инженерінен бастап Қазақстан Республикасы Үкіметінің бірінші төрағасына дейінгі кәсіби белестерден өтті. Оның басшылығымен Қазақстан тәуелсіздік алған жылдары ауқымды әлеуметтік-экономикалық реформалар әзірленіп, жүзеге асырылды. Белсенді қоғам қайраткері және кәсіпкер ретінде С.Терещенко еліміздің дамуына, бейбітшілік пен келісімді нығайтуға өлшеусіз үлес қосты. Ерекше сіңірген еңбегі үшін «Қазақстанның Еңбек Ері» жоғары атағымен, басқа да мемлекеттік наградалармен марапатталды, – делінген жеделхатта.
Басқарма төрағасын қабылдады
Президент «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарма төрағасы Қанат Шарлапаевты қабылдады.
Мемлекет басшысына холдингтің былтыр атқарған жұмыстарының қорытындысы туралы есеп беріліп, алдағы кезеңге арналған жоспары таныстырылды. Президентке кәсіпкерлікті, агроөнеркәсіп кешенін қолдау және халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету жөнінде ұсыныстар берілді.
Мемлекет басшысына холдингтің 2022 жылы 350 миллиард теңге таза рекордтық пайда тапқаны туралы баяндалды. Бұл 2020 жылғы көрсеткіштен бес есе және 2021 жылғы нәтижеден үш есе көп.
Қанат Шарлапаев халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету аясында жалпы құны шамамен 1,4 триллион теңге жеңілдетілген ипотекалық қарыз берілгені, құны 211,8 миллиард теңгені құрайтын үлестік құрылысқа кепілдік жасалғаны, кредиттік тұрғын үй құрылысын қаржыландыру үшін әкімдіктерге 176,4 миллиард теңге бөлінгені туралы баяндады. Осылайша, қолдау шараларының нәтижесінде 2,2 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді, ипотекалық кредит беру есебінен 79 865 отбасы тұрмыстық жағдайын жақсартты.
Мемлекет басшысы бизнесті одан әрі қолдаудың маңыздылығына баса назар аударды. Сондай-ақ еліміздің экспорттық әлеуетін арттыруға және агроөнеркәсіп кешенін дамытуға «Бәйтерек» холдингінің белсенді атсалысуы қажет екенін айтты.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<