Көңіл айту жеделхатын жолдады

64

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның халық жазушысы Мұхтар Мағауиннің отбасы мен жақын-жуықтарына көңіл айту жеделхатын жолдады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев аса көрнекті жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Мұхтар Мағауиннің дүниеден өтуіне байланысты оның отбасы мен жақын-жуықтарына көңіл айтты.

– Мұхтар Мұқанұлы ғибратты ғұмырын киелі сөз өнеріне арнаған, ұлттық әдебиетіміз бен тарихымыздың көкжиегін кеңейтуге елеулі үлес қосқан заңғар тұлға еді. Төл руханиятымыздың төрге озуына, ұлт тарихнамасының тасқа басылуына өзінің алға қойған асыл мұратымен, қайтпас қажыр-қайратымен қалтқысыз еңбек сіңірді. Халық жазушысының қуатты қаламынан туған шығармалары, тарихи еңбектері, естелік-эсселері қалың оқырманның жүрегінен өз орнын тапты. Соңына бай әдеби мұра қалдырып, өнегелі өмір сүрген Мұхтар Мұқанұлының қайталанбас есімі халқымыздың жадында сақталады. Марқұмның иманы саламат, жаны жәннатта болсын, – делінген жеделхатта.

Озық технологиялардың маңызын атап өтті

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әлемге белгілі кәсіпкер және жасанды интеллект саласындағы сарапшы Ли Кай-Фуды қабылдады.

Президент Sinovation Venture жасанды интеллект институтының президенті, доктор Ли Кай-Фумен кездесуде  озық технологияларды енгізудің стратегиялық маңызын атап өтті. Сондай-ақ әлемдегі жетекші сарапшылармен тәжірибе алмасу цифрлық трансформациядағы өршіл мақсаттарға қол жеткізуге ықпал ететінін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ли Кай-Фу жасанды интеллектті білім, денсаулық сақтау, энергетика және қоғамдағы басқа да түрлі салаларда пайдалану бойынша пікір алмасты.

Қытай мен АҚШ елдерінде жасанды интеллект саласын дамытуда және бағдарламалық өнімдер әзірлеуде бай тәжірибесі бар Ли Кай-Фу Қазақстанның IT бастамаларды енгізу, бәсекеге қабілетті технологиялық экожүйе құру ісіндегі әлеуетін жоғары бағалады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<