Адам өміріндегі алтынға да айырбастамайтын аяулы кезеңдердің бірі қолыңа диплом алып, еңбек жолын бастайтын сәт деп ойлаймын. Сол күн облыстық статистика басқармасының еңбек бөліміне келгеніммен, бөлім меңгерушісі Ақзия Дүйсенқызының қарсы алуымен есімде қалды. Бұл 1973 жылдың қыркүйек айы еді.
Мен келген бөлімде Ақзия апаймен бірге Күлфариза Тасекеева, Қуантай Атабаева жұмыс істейді екен. Ол уақытта мектепті, жоғары оқу орнын орысша бітіргендіктен қазақшаға шорқақтаумын. Қолыма енді ғана диплом алған экономист болғаныммен, статистика туралы мүлде хабарым жоқ. Әйткенмен жаңа ортаға, өзіме бейхабар салаға бейімделуіме Ақзия апай көп еңбек сіңірді. Ол кісінің ешкімді жатырқамайтын көпшілдігі, өз ісін жетік білетін біліктілігі жұмыстың сан қырлы қиындығын ұмыттырып жіберетін. Бүгінде білмегеніңді интернеттен іздеп тауып алатын мүмкіндік бар, ал біз білмегеніміз бен түсінбегенімізді Ақзия апайдан сұрайтынбыз. Үйретуден жалықпайтын жанашырлығын білгендіктен, көп ретте басшыма арқа сүйеймін. Қоғам өмірінің сандық құбылыстарын бірден меңгеріп кету оңайға соқпады. Мен үшін Ақзия апай энциклопедия сияқты, бар ынтасымен түсіндіреді.
– Жамал-ау, мынаны білсең, ертең мен зейнетке шыққанда осы бөлімді дөңгелентіп алып кетесің, – деп статистиканың қырық қатпарлы сырын біртіндеп үйретті. Он жылдан астам уақыт бірге қызмет еттік. Қоғамдағы барлық саланың сандық және сапалық көрсеткіштерін зерделеу оңай шаруа емес екен. Ақзия апайдай қамқоршы ұстаздың тәрбиесі менің өмір мектебім, тағылым мектебім болды. Кейін зейнет демалысына шығарда өз орнына мені ұсыныпты. Ол кезде бала күтімімен демалыста отыр едім. Сенімді ақтап, 36 жыл еңбек етіп, сол орыннан зейнетке шықтым.
Ақзия Дүйсенқызын толық танып білгенімде мінез байлығы мен ақыл-парасатына тәнті бола түстім. Тіпті ол кісіге еліктедім десем болады. Кейде істің қиюы келіспей, тапсырма дер кезінде орындалмай қалатыны бар. Сондайда ол кісінің қабақ шытқанын көрмедім. Қайта қамқор пейілін танытып, көмек қолын созатын, бітпей жатқан жұмыстың орайын табатын. Содан болар, ол жылдары біздің бөлім басшылық тарапынан ешқандай ескерту алып көрмедік. Ақзия апайдың 40 жылғы еңбегі Қазақ ССР Жоғары Кеңесінің Құрмет грамотасына лайық деп танылды. Ол айналасына шуақ шашып тұратын биязы мінезімен, сабырлылығымен, қазақ әйеліне тән барлық қасиетімен, ең аяғы киім кию мәдениетімен кейінгі толқынға үлгі болды. Тіпті бізге басқосуларда қалай сөйлеу керектігін де үйретті.
Ақзия Дүйсенқызы облыстық статистика басқармасына алдымен оператор болып орналасты. Кейін сатылап өсіп, экономист, аға экономист, сектор меңгерушісі болып еңбек етті. Партия мүшесі болды, партия ұйымын басқарды. Ол біздің саланың ардагері Клавдия Канцеваның қамқорлығын үнемі айтып отыратын. Екеуінің апалы-сіңлідей қарым-қатынасы, сыйластығы Ақзия Дүйсенқызының жұмысты тез меңгеріп кетуіне септігін тигізген сыңайлы. Уақыт өте келе өз саласының білікті маманына айналған кезде оған жан-жақтан жоғары қызметтерді атқаруға ұсыныстар түсе бастайды. Бірақ үйреніскен ұжымын, ортасын қимай осы бөлімдегі жұмысын жалғастыра берді.
Ақзия Дүйсенқызы жар сыйлау, үлкенді құрметтеу, кішіге ізет көрсетудің өзіндік жолын қалыптастырған жан. Әсілінде жақынды жат тұтпай, бауырға басу, барға тасымай, жоққа жасымай тірлік ету отбасының берекесін ойлайтын парасат иесінің ғана қолынан келетін шығар. Оны қамқор пейілінен сусындаған жандардың разылығы қанаттандыратын. Жарының ізінен ерген інілерінің атын атамай, еркелетіп, әрқайсысының жетістігіне шын ниетімен қуанатын.
Ерін піріндей сыйлаған Ақзия Дүйсенқызы азаматының биікке шығуына, одан әрі білім алуына атсалысқан. 1964 жылы Мұстафа аға облыстық партия комитетінде қызмет атқарып жүргенде Мәскеудегі СОКП жанындағы Қоғамдық ғылымдар академиясының аспирантурасына түсті. Үйдегі үш бала мен анасы, інілері Ақзия апайдың жауапкершілігінде қалды. Үш жыл бойы бір әулеттің берекесін кетірмей, үлкен-кішіге қамқоршы болу нәзік жанды әйелдің иығына жүктелді. Сондай сәттерде қиындыққа шыдамай, тұрмыстағы түйткілдерді сылтау етіп, майда-шүйде әңгімемен күйеуін мазаламады. Ер-азамат та арқасүйері, сенген адамы болмаса, мұндай қадамға тәуекел етпес еді деп ойлаймын.
Әйел болған соң жұмыста балаларымыздың қызықтарын, отбасындағы жаңалықтарды айтып отырамыз. Ақзия апай енесін «ақылды, парасатты адам» дейтін. Мұстафа ағаның інілерін өз туғанынан кем көрмейтін. Оларды аяқтандыруға, жеке-жеке үй қылуға күшін салды. Қайныларының өмірден өз орындарын табуына, отбасылы болуына үйдің үлкені ретінде жауаптымын деп ойлайтын. Әрқайсысына құрақ ұшып, жеңге жолымен ақылын айтып, кейін ана орнындағы ана болып, қамқорлығын аяған жоқ. Халқымызда жақсы әйелдің сипатын «Бипатыма анадай» деп суреттеп жатады емес пе? Ақзия апай да Бипатымадай қалпымен оны білетіндердің, сыйлайтындардың есінде қалды.
Қазақта «бір кісі жаққан отқа мың кісі жылынады» деген сөз бар. Сол мың кісінің жылынған отын Ақзия апай жақты. Ырыс-құты үзілмеген Матай әулетінің қарашаңырағынан талай адам дәм татты, құрбы-құрдас, дос-жаранға, ағайын-жекжатқа есігі ашық, дастарқаны жаюлы болды. Ағайынның арасындағы ақылдастық, ренжіскенді татуластыру, игі істі бастар алдындағы кеңесу осы шаңырақта өтетін. Ақжелең көңілімен қонағын қарсы алып, шығарып салатын. Үйден адам үзілмейтіні содан болса керек.
Біздің апай балаларына ерекше тәрбие берді. Бес баласының барлығы да өмірден өз орындарын тапты. Мамандық алды, отбасын құрды, қазір бір-бір үйдің ұйытқысы.
Отбасындағы түсіністік пен сыйластық, көрген үлгісі бала бойына жастайынан сіңгендіктен болар, балалары ата-анасын айрықша құрмет тұтты. Перзент тәрбиесінде тәртіп пен жинақылықты ұштастырғаны бірден байқалатын. Жұмыста жүргенде түскі үзіліске 15 минут қалғанда балалар үйден телефон шалып, анасына тамақтың әзір екенін, өздерінің сабаққа жиналып жатқанын хабарлайды. Бұл – қалыптасқан тәртіп. Бірде «баламысың деген» деп күліп келді. Сөйтсе балалар есікті құлыптап, «кілт кілемшенің астында» деп қағаз жазып, есікке қыстырып кетіпті.
Ақзия апай 1986 жылы зейнет демалысына шықты. Бірақ жылдар бойы қалыптасқан сыйластығымыз үзілмеді. Ақылдың кеніндей болған адам қай кезде хабарлассаң да ыстық ықыласына бөлеп, жанымызды жадырататын. Аты жаман ауру жабысқанда, кеселді жеңіп шығатындай болды. Бар болғаны 60 жасында жалғанның жарығынан тым ерте көшіп кеткеніне сенбей жүрдік. Бірақ уақыт деген емші барлығын өз орнына реттеді, ал мен Ақзия апай туралы естеліктерді көңіл төріме көшіріп қойдым. Реті келгенде жастарға үлгі етіп айтып отырамын.
Адам үлкейген сайын өткен өмірге көз жүгіртіп, үлгі-өнеге болған адамдардың аяулы бейнесін сағынышпен еске алады. Ақзия Дүйсенқызы ортамызда болғанда 90 жасқа толады екен. Арада өткен 30 жыл ардақты жанның болмысы бөлек бейнесін бізден алыстатқан жоқ. «Анамызды еске алуға арналған басқосу болады» деген хабар біздің көкірек көрігімізде жалындап жатқан осы ой-толғамымыздың қағазға түсуіне себепші болды.
Аяулы ана, ақылшы апаның жарқын бейнесі жадымызда.
Жамал ШОҚАТАЕВА,
статистика саласының ардагері





