Көпбалалы ана бизнесті дамытуға арналған бағдарламаның игілігін көруде

676

0

Қазалы ауданында көпбалалы кәсіпкер ана Меруерт Қожабергенова алғашқыда той дастархандарын дайындап, табыс тапқан. Уақыт өте келе тойханалардан тапсырыс алып, үлкен тойдың дастархан мәзірін жасауға кіріскен. Алайда пандемия салдарынан кәсібі тоқтап, жұмыссыз қалады.

– Жолдасым екеуміз 5 бала тәрбиелеп отырмыз. Карантин уақытында жаңа кәсіп бастауды ойға алып, жолдасыммен ақылдастым. Біраз уақыттан соң мемлекеттік бағдарлама арқылы қайтарымсыз қаржыға ие болып, полуфабрикат өнімдерін дайындайтын «Қазалы» атты жаңа кәсіпті қолға алдым, – дейді Меруерт Қожабергенова.

Кәсіпкер Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы бойынша алған қайтарымсыз грантқа тоңазытқыш және басқа да құрал-жабдықтар сатып алған.

Қазіргі таңда бірнеше еңбекқор қыздарды жұмыспен қамтып отырмын.

– Біз қолдан түйілген таза, табиғи, сапалы түшпара, манты, вареники, самса, тефтели өнімдерін әзірлеп келеміз. Барлық санитарлық талаптар сақталуда, – дейді кәсіпкер ана.

Меруерт Қожабергенова өнімдердің сапалы әрі дәмді болуын өзі қадағалайды. Ол үшін арнайы курсқа да қатысқан.

Барлық өнімді кәсіби рецепт бойынша дайындайды. Барлық жартылай дайын өнімдер арнайы қаптамаға салынып, дүкендерге өткізіледі. Арнайы қаптаманы Алматы қаласынан алдыртады. Ол үшін келісім шарт та жасалды.

Айналымға шыққан өнімге аудан халқы қызығушылық танытуда. Тұтынушыларды көбейетініне сенім білдіреді. Сондай-ақ алдағы уақытта бұл өнім түрлерін аудандарға да жеткізуді жоспарлауда.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<