Көпірдің жігі неге ажырады?

403

0

Өткен жылдың қорытындысы бойынша облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының жақсы және қанағаттанарлық индикаторлық көрсеткішінің үлесі 87,5 пайызға жеткізілді. Бұл мақсатта «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК облыстық филиалы тарапынан тиісті жұмыстар атқарылған.

Аталған филиалдың бөлім басшысы Ержан Усмановтың айтуынша, жол салу жұмыстары мен оған пайдаланылған материалдар сапасына тұрақты түрде сараптама жүргізіліп келеді. Облыс бойынша 242 нысан ішінара тексеріліп, нәтижесінде ақаулар анықталған. Тапсырыс берушілерге анықталған кемшіліктерді жоюға ұсыныстар берілді. Нәтижесінде ақау табылған жол қайта қалпына келтірілді. Осының негізінде астыңғы негізгі қабаты, жабындысы және инертті материалдар бойынша жұмыстар атқарылған.

Бөлім басшысы әлеуметтік желіде кеңінен талқыланып жатқан Сырдария өзені үстіндегі көпір жігінің ажырауына байланысты пікірін білдірді. Айтуынша, бұған алаңдауға еш негіз жоқ.

– Көпір жігінің 10 сантиметрге дейін ашылуы байқалып отыр. Бұған байланысты көпірді апаттық жағдайда деуге ешбір негіз жоқ. Көлік қозғалысына шектеу жасалмаған. Оны қалыпты жағдай ретінде бағалаймыз. Бетон конструкциялары ауа райына байланысты көлемін өзгертеді. Осындай талаптар ескеріліп, көпірдің қалыпты жұмысы үшін деформациялық тігіс салынған. Ол  қысқы мезгілде ұлғайып, жазғы мезгілде орнына қайта келеді, – деді ол.

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<