Көпсалалы жаңа кешен баға тұрақтылығына сеп болады

1049

0

«Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автожолы бойында «Жан-арай» көпсалалы агроиндустриалды кешені ашылды.

Жаңақорған ауданы Қожамберді ауылдық округінде орналасқан жаңа нысанның ашылу рәсіміне облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлы, Мәжіліс төрағасының орынбасары Балайым Кесебаева қатысып, ел игілігіне бағытталған нысанның лентасын қиды.

«Қарапайым заттар экономикасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында кешенді ашқан облыстық мәслихат депутаты, меценат Бақдәулет Махашов 200-дей жергілікті азаматты жұмыспен қамтыды.

Аймақ басшысы жанашыр азаматтың өңір экономикасына, ауыл шаруашылығы саласындағы өнім қорын ұлғайтуға мүмкіндік беретін ірі кешенді елге табыстап, туған жерге тарту жасағанын айтып, агроиндустриалды кешеннің маңызына тоқталды. 

– Қасиетті Рамазан айы басталған күні заман талабына сай салынған «Жан-арай» көпсалалы агроиндустриалды кешенін пайдалануға бергелі тұрмыз.

Президент Жолдауында Үкіметке және өңірлерге дағдарысқа қарсы кезек күттірмейтін шараларды қабылдау, егін науқанын мерзімінде бастауды тапсырды. Қазір Сыр диқандары көктемгі дала жұмыстарына қызу дайындықпен кірісіп кетті.

Кешен өңірдегі азық-түлік бағасының тұрақтылығын сақтауға, өңір тұрғындарын өз өнімімізбен қамтамасыз етуге және көрші облыстардан жоғары бағада келетін көкөніс көлемін азайтуға мүмкіндік береді. Жаңа нысан баршаңызға құтты болсын! – деді аймақ басшысы.

Кешеннің аумағы кең, мұнда алма бағы, қызанақ өндіру, өңдеу, сату қоймасы, сондай-ақ, 300 орындық мейрамхана, қонақүй, 1500 тоннаға есептелген көкөніс қоймасы және басқа да қажетті қызмет көрсету нысандары бар.

Айта кетейік, өңірде өңдеу өнеркәсібі саласында 2026 жылға дейін жүзеге асатын 21 ірі инвестициялық жоба пулы қалыптасты. Соның ішінде, агроөнеркәсіп кешені саласында жалпы құны 43,1 млрд теңгені құрайтын 6 жоба жүзеге асырылмақ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<