Көпшілік назарындағы – «Жарқын Қызылорда»

648

0

Jusan Bank әрдайым дарынды қазақстандық азаматтардың бастамаларына қолдау білдіріп, оларға демеу көрсетіп, дамуы үшін жаңа мүмкіндіктер береді. Жаңа жетістіктерге шабыттандырады.

Осы орайда өткен сенбіде банк облыс орталығында «Жарқын Қызылорда» атауымен жеңіл атлетикадан сайыс ұйымдастырды. Орталық алаңнан басталған аталған шара Арбат бойымен 3 шақырымға созылды. Оған барлығы 600-ден астам адам қатысып, жарыстың қызықты өтуіне белсене атсалысты.

Біз барған сәтте орталық алаңда көпшіліктің ерекше көңіл-күйде жүргенін аңғардық. Қазіргі заманғы әндер орындалып, сахна көркем безендірілген. Халықтың жүзінде мерекелік көңіл-күй айқын аңғарылып тұрды.

– Әрбір азамат өзі мекен еткен қаласын жақсы көреді. Оның көркейіп, дамығанын қалайды. Жақында Қызылордада қала күні жоғары деңгейде аталып өтті. Оған арналған шаралар ай бойына жалғасып келеді. Біздің банк сол игі іске қолдау көрсетуді жөн көрді. Осы орайда жеңіл атлетикадан тұрғындар арасында сайыс өткізуге көңіл бөлді. Аталған шараға қатысуға ниет білдірген азаматтардың саны аз болған жоқ. Олардың жасын да шектеген жоқпыз. Бұл тұрғындарға ерекше көңіл-күй сыйлады деген ойдамын. Біздің банк жастардың жарқын өмір сүруіне бағытталған мұндай шараларға әрдайым қолдау білдіруге әзір. Сайысқа қатысушыларға үлкен ризашылығымызды білдіреміз, – деді Jusan Bank Қызылорда филиалының бөлшек бизнес жөніндегі директоры Райхан Асқар.

Қашанда сергектік тұрғындардың салауатты өмір сүру салтына оң әсерін тигізеді. Оның ішінде жеңіл атлетика жастардың спортқа қызығушылығына үлкен ықпалын жасайды. Сондай-ақ, ол денсаулықты нығайтуға, күнделікті өмірде белсенділікті арттыруға жол ашады. Сол себепті қала тұрғындарының осы шараға белсенділікпен қатысқанын байқадық. Сайыс барысында мектеп оқушыларынан бастап орта жастағы азаматтар да жүгіру жолына шықты.

Көпшілік назарындағы – «Жарқын Қызылорда»

– Менің жасым 12-де. Қаладағы «Мансап» мектебінде білім аламын. Жеңіл атлетика сайысына қатысқаныма қуаныштымын. Алғашқыда ойландым. Әрине, менің жасымда мұндай қашықтыққа жүгіру оңайға соқпайды. Десе де тәуекелге бел байлап, қатысушылар қатарынан көріндім. Жалпы, спорт біз секілді балалардың алға мақсат қоюына, оған жету үшін белсенді әрекет етуіне оң ықпалын жасайды. Мен біраз уақыттан бері футбол үйірмесіне қатысып жүрмін. Өзіме спортпен айналысқан өте ұнайды. Сондықтан Jusan Bank қолдау көрсеткен жеңіл атлетика сайысынан шет қалған жоқпын. Алдағы уақытта да мұндай сайыстарға белсенді түрде қатысамын, – деді мектеп оқушысы Ерсұлтан Қыпшақбаев.

Сайыс барысында жарысқа қатысушыларға жанкүйерлік жасаған көпшіліктің саны аз болған жоқ. Жүгіру шарасынан шет қалмаған азаматтар бірінен кейін бірі мәре сызығын өтті. Әсіресе, олардың арасынан жасөспірімдердің қызығушылығы ерекше болғанын байқадық. Жүзі балбұл жанған өрендер туған қаласының келешегі жарқын боларына зор үміт артып, оған өзінің де үлкен үлес қосқанын ерекше сезіммен жеткізіп жатты.

Орталық алаң маңында орналасқан сахнада көңілді әуендер қойылып, түрлі мәдени шаралар ұйымдастырылды. Түрлі ойындар тұрғындардың қызығушылығын туғызды.

Jusan ұйымдастырған мәдени-спорттық шара әрбір қызылордалыққа жарқын эмоция сыйлап, олардың туған қалаға деген ыстық сезімін арттыра түскендей.

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<