Көптің көкейіндегі мәселе – көлікті тіркеу

1013

0

Көлік мәселесі халық үшін өзекті. Оған қатысты әрбір жаңалық қоғамда қызу талқыланады. Сондай хабардың бірі – бірнеше жылдық талқылаудан кейін ақыры елімізде жүрген шетелдік нөмірдегі көліктерді тіркеуге рұқсат берілді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қыркүйектегі Жолдауында шетелдік көліктерді заңдастыруда утилизация және алғашқы тіркеу үшін төленетін қаржы көлемін 200-250 мың теңгеден асырмай, бәріне бірдей және бір реттік алым алуды ұсынған еді. Президент тапсырмасын орындау үшін заңға өзгеріс енгізу қажет болған. Құжат жобасын өткен айда Сенат қабылдады. Жеңілдік акциясы жаңа жылдан бастап жұмыс істейді. Алайда тіркеу үшін қандай құжаттар қажет? Қай көліктерді тіркеуге болады?

Ішкі істер органдарының мәліметіне сәйкес заңдастыру аясына жататын көлік құралдарының нақты есебі жоқ. Оларды заңдастыру туралы құжатты Мәжіліс те, Сенат та мақұлдады. Сенат депутаты Ғұмар Дүйсембаевтың айтуынша, 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін келген машиналарды заңдастыру үшін бірыңғай алымның белгіленуі 300 мыңға жуық көлікті тіркеуге мүмкіндік береді және жергілікті бюджетке түсетін көлік салығы артады.

Заңды Парламент қабылдағанымен, тәртіптерін Үкімет, Ішкі істер министрлігі бекітеді. ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті тиісті қаулы жобасын дайындады. Енді сол қаулыдан бүгінге дейін белгілі болған талаптарға тоқталсақ.

Қаулы талаптары қандай?

Қаулыға сәйкес, криминалдық, оң жақ рөлді, экокласы төмен автокөліктер бұл жеңілдікке ілінбейді. 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін ел аумағына кіргізілген шетелдік автокөліктерді есепке қоюға қатысты өтінімдер мамандандырылған ХҚО-ларда және «Электронды үкімет» порталында қабылданады.

Көлікті заңдастыру үшін иесі форма бойынша өтініш, жеке басын куәландыратын құжат, көлік паспорты немесе көлікті тіркеу туралы куәлік, транспорт құралына меншік құқығын растайтын құжат тапсыруға тиіс. Құжаттар қабылданғаннан кейін көлік тексеруге жіберіліп, тексеріс нәтижесі арнайы базаға тіркеледі. Заңдастыру туралы өтінім екі жұмыс күні ішінде қарастырылады.

Егер көлік иесі көрсетілген құжат тізбесін толық ұсынбаған жағдайда, ұсынылғандардан түзету белгілері байқалған болса, Қазақстан Республикасының сондай құжат туралы заңнама талаптарына сай келмесе, транспорт құралы өзге мемлекеттің құзырлы органындағы бұрынғы тұрғылықты жері бойынша тіркеуден шықпаса, онда өтінім қанағаттандырылмайды.

Мұндай жағдайда көлік иесі келесі өтінімді қайтадан 2023 жылдың 1 шілдесіне дейін бере алады. 2022 жылдың 1 қыркүйегінен кейін ел аумағына кіргізілген көліктер заңдастырылмайды. Ішкі істер органдары қай көліктің Қазақстанға қашан әкелінгенін шекара қызметі мен сақтандыру ұйымдарының деректер базасы арқылы анықтайды.

Көлікті заңдастыруға қатысты оң шешім алғаннан кейін, ЕАЭО құрамына кірмейтін мемлекеттен, мәселен, Грузиядан әкелінген көлікті кеден рәсімінен өткізуге тура келеді. Заңдастыруға жататын көлік үшін бастапқы тіркеу құны – 200 000 теңге. Заңдастырылған автокөлік иелері утиль алымнан босатылады.

Армения, Қырғызстан көліктерін қалай тіркеуге болады?

Қырғызстан заңнамасына сәйкес кедендік баждарды, салықтарды төлей отырып, кедендік ресімдеуден өткен автомобильдерді бастапқы тіркеу оларды иеліктен шығару құқығын 2025 жылғы 1 қаңтарға дейін шектей отырып жүзеге асырылады. Аталған мерзімнен кейін олар Еуразиялық экономикалық одақтың тауары деп танылып, оларға қойылған шектеу алынып тасталады. Қырғыз автомобильдерінің кедендік айырмашылығы төленген жағдайда оларды бастапқы тіркеу иеліктен шығару құқығын шектемей жүзеге асырылады.

Армениядан әкелінген көліктерді де тіркеу оларды қайта сату құқығын шектемей реттелмек. Өйткені 2023 жылдың 1 қаңтарынан кейін олар да ЕАЭО тауары деп есептеледі. Бұл қазіргі уақытта сары нөмір тағып жүрген көліктерге де қатысты.

Егер транспорт құралының паспорты немесе тіркеу туралы куәлігі болмаса, ал транспорт құралы бұрын жол қозғалысына не болмаса ЕАЭО аумағында пайдалануға жіберілмесе, іздеуде болмаса, онда субъектіні мемлекеттік кірістер органының қызметкерлері тексереді. Осы уақытқа дейін не кедендік баж салығын, не өзге де жарналарды төлеместен ел аумағына заңсыз жолмен әкелінген автокөліктерді тіркеуге болады. Ол үшін барлық тиісті сома төленуге тиіс.

Әкімшілік полиция комитеті түсіндіргендей, заңдастырылатын машинаның шыққан жылы мен экологиялық класына қатысты шектеу жоқ. Сондай-ақ қазір оң рөлді көліктерге қатысты мәселе талқыланып жатыр. Қаулы жобасына құжатты талқылау барысында да өзгеріс енуі мүмкін.

Айта кетерлігі, қаулы желтоқсанның ортасына дейін талқыланады. Демек, ресми қаулы жаңа жыл қарсаңында жарияға жолдануы әбден мүмкін.

Заңдағы өзгерістерге зер салсақ…

Шетелдік көлік иелері үшін тағы бір жаңалық – Автокөлікті міндетті сақтандыру туралы заңның 10-бабына жаңа 5-2 тармақ қосылады. Ол бойынша Қазақстан аумағында халықаралық қозғалыста жүрмеген көлік құралы иесінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігі міндетті сақтандыру шартын жасауға мүмкіндік бермейді. Шетел азаматы немесе Қазақстанда тұруға ықтиярхаты жоқ адам басқаратын, Қазақстанда тіркелмеген және уақытша әкелінген машина халықаралық қозғалыста жүрген автомобиль деп саналады.

«Жол қозғалысы туралы» заңға тиісті өзгеріс енеді. Мұндай машина Қазақстанда бір жылға дейін тұра алады, бірақ жыл сайын 30 күн ел аумағында болмауы керек. Әрі оған полисті өзге елдің азаматтары ғана рәсімдей алады.

Басқаша айтқанда, енді сақтандыру алу үшін машина не Қазақстанда тіркелуі керек, не шетел азаматының меншігінде және оның басқаруында болуы керек. Қазақстан азаматы шетелдік нөмірі бар автокөлікке сақтандыру полисін рәсімдей алмайды. Соған орай мұндай машинаны сақтандыру арқылы бір-біріне сата алмайды.

Қыркүйекте Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Қазақстанда жүрген 100 мың шетелдік көліктің сақтандыру полисін жаңартуға тыйым салған. Бірақ бұл тізімге Ресейде тіркелген, Қазақстан азаматы мініп жүрген ресейлік машиналар енген жоқ. Жаңа жобаға қарасақ, жақында оларды да сақтандыруға тыйым салатын секілді. Мұндай көлікті 200 мың теңге төлеп, жеңілдікпен заңдастыруға болады, ол үшін машина сол рөлді болу керек және қылмыстық іздеуде жүрмесе болғаны.

Көлік тасу тыйыла ма?

Шетелден әкелінген көліктер мәселесінің күн тәртібінде тұрғанына бірнеше жылдан асты. Үкімет шекара асып келген көліктерді елден біржола шығарып тастау, уақытша тіркеуге қою бойынша да шаралар қабылдады. Жауапты ведомстволар мәселені екі жылдан бері созбаққа салып келеді.

Жалпы, елімізде 307 мыңнан астам шетелдік тіркеудегі машина бар. Көбі Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен кіргізілген. Үкімет жаңа өзгерістің оларға тиімді болатынына сенімді.

Дегенмен, жаңа шешімнің мәселе тудырар тұстары да бар. Стандартты утильалым мен алғашқы тіркеу құнының орнына бірреттік төлем жүргенімен, машиналардың шыққан жылына, экологиялық сәйкестігіне талап қойылмаған, яғни, ескі көліктер де заңдастырылады. Бұл ретте елімізде ескірген көліктердің онсыз да көп екенін айта кеткен жөн. Өткен жылы еліміздің жолдарында жүрген 1 млн 200 мың көліктің зауыттан шыққанына 20 жылдан асқаны мәлім болды. 2015 жылы шыққанына 10 жылдан асқан автокөліктердің үлесі 59 пайызды құраса, 2020 жылы 70 пайыздан асты. Бүгінде көрсеткіш көбеймесе азайған жоқ. Бір сөзбен, елдегі 4 млн көліктің 3 млн-ға жуығы тозған әрі экологиялық талапқа сай емес. Шетелден кіргізілген көліктердің де басым бөлігі 10 жылдан асқан. Шетелдік көліктер тіркеледі дегеннен автонарықтағы бағалар да көтеріле бастады.

Сондай-ақ, алдағы уақытта шетелден көлік әкелудің мұндай үрдісін тоқтату бойынша да нақты шаралар жоқ. Сондықтан бірнеше жылдан кейін шетелдік көліктерді заңдастыру мәселесі тағы көтерілуі мүмкін.

Биболат СӘТЖАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<