Көптің көкейіндегі мәселелерге басымдық берілді

523

0

Жалағаш ауданы ауыл шаруашылығы бойынша дәстүрлі тіршілік арнасы қалыптасқан, халқы сол егіннен  несібесін айырып отырған іргелі елді мекен. Сөзімізді дәлелдей түссек, кезінде «ақ күріштің отаны» атанған аудан әлі күнге дейін күріш өндіруден көш ілгері. Өйткені бүгінде Сыр маржанының жаңа сорттары өсіріліп, өнім сапасы арта түскен. Одан бөлек, көкөніс-бақша, майлы дақылдар егу жұмыстары да нәтижесін беріп отырғаны байқалады.

Ауданның негізгі әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткішіне назар салсақ, өнеркәсіп өнімдерін өндіру өткен жылдың қорытындысымен 66,7 пайызға өсіп, 24,9 млрд теңгенің өнімі өндірілсе, биыл І-ші тоқсанда өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда өндірілген өнім көлемі 8 есеге артып, 9,6 млрд теңгені құрады. Ал өңдеу өнеркәсібі шаруашылықтардың күріш ақтау есебінен былтыр 100,1 пайызға артып, 9,1 млрд теңгенің өнімі өндірілсе, биыл 3 айда бұл көрсеткіш 3,6 есеге артып, 3,3 млрд теңгеге жеткен. Сол секілді, негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі былтыр 15 пайызға артып, 11 млрд 839 млн теңгені құраса, биыл алғашқы тоқсанда 6,2 есеге артып, 4,7 млрд теңге инвестиция тартылған.

Аудан әкімі Асқарбек Есжановтың осы қызметке келгеніне бір жыл болыпты. Бір қарағанда, көп уақыт емес. Десек те кешелі-бүгін атқарылған жұмыстарды айтпағанда, келешекте іске асырылатын жаңа жобалардың елдің әлеуетін арттыруға бағытталып отырғаны қуантады.

 –2022 жылдың 28 сәуірінде Жалағаш ауданының әкімі болып тағайындалғаннан кейін ауданға қарасты барлық елді мекеннің тыныс-тіршілігімен танысып, тұрғындар тарапынан көтерілген әрбір мәселені тыңдап, оң шешілуіне жұмыс жүргіздік. Кейін мұның бәрі ауданның даму жоспарында қамтылып, халықтың түйткілді мәселелері қаперге алынды. Әсіресе, кейінгі бір жылда елді мекендердің инфрақұрылымын дамытуға ден қойып, көркейту-абаттандыру жұмыстарын қолға алдық. Оның аясында ауылдық округтердегі ішкі көшелерді жөндеуге басымдық беріліп отыр, – дейді аудан әкімі. Одан әрі сұхбатымызды негізгі салаларға бағыттаған едік.

Қажетті бағыттар қамтылды

Биыл ауданның бекітілген бюджет көлемі 8 млрд 755 млн теңгені құраған. Жыл басынан түзету енгізудің нәтижесінде оның көлемі 10 млрд 263 млн теңгеге жетті. Оның ішінде субвенция көлемі 3 млрд 777 млн теңгені құраса, ауданның жергілікті кірістер көлемі 2 млрд 66 млн, ағымдағы нысаналы трансферт 2 млрд 819 млн, даму трансферттері 1 млрд 263 млн теңге.

Айта кетейік, биыл әлеуметтік сала мамандарына тұрғын үй сатып алуға «Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы республикалық бюджеттен 139,7 млн теңге бюджеттік несие бөлінді. Ал аудан бюджетінің шығысында бюджеттің әлеуметтік бағыты сақталып отыр. Халықты жұмыспен қамту шараларына және әлеуметтік төлемдеріне аудан бюджетінің 33,2 пайызы бағытталған.

–Өткен жылдың шілде айында «Жалағаш ауданын дамытудың 2023-2025 жылдарға арналған перспективалық жоспары» әзірленді. Оған білім, денсаулық сақтау, құқық қорғау, мәдениет және спорт салаларын дамыту, жолдар мен ішкі көшелерді жөндеу, тұрғын үймен қамтамасыз ету және инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту, жарықтандыру мен абаттандыруға бағытталған жалпы құны 9,3 млрд теңгені құрайтын 137 жоба енгізілген болатын. Оның ішінде биылғы жылы іске асырылуы тиіс 49 жоба бар болса, бүгінде жалпы құны 5,0 млрд теңгені құрайтын 32 жобасы басталды,– дейді Асқарбек Темірбекұлы.

Рас, халықпен кездесулерде жол жөндеу жұмыстарына қатысты мәселелер жиі айтылатын. Бұлай болуы да заңдылық, өйткені кешегі кеңестік кезеңнен бері жөндеу көрмеген көшелер көп еді. Осыны назарға ала отырып, өткен жылы жалпы құны 760,9 млн теңгеге аудандағы 4 елді мекеннің  16 көшесіне күрделі жөндеу жүргізілген.

Жалағаш кентінде көп жылдардан бері шешімін таппай келе жатқан бір мәселе бар еді. Ол: теміржолдан өтетін жаяу жүргіншілер көпірі. Айталық, кеттің арғы беті – Дәуімбай елді мекенінен кент орталығындағы мектептерге күніне 200-ге жуық оқушы қатынайды. Сондай-ақ, түрлі үйірмелерге қатысатын 250-дей бала тағы бар. Әрине, олар үшін теміржол астындағы көліктерге арналған көпірден өту оңай емес. Бұл жағдай ата-ананы да алаңдататын. Осы мәселе биыл облыс әкімінің қолдауымен шешімін тауып, аспалы көпір тамыз айында пайдалануға берілгелі отыр.

Ауданның инженерлік инфрақұрылымын дамыту бағытына биыл 946,6 млн теңге қаралған. Оның ішінде «Ұлттық қор» есебінен халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына коммуналдық тұрғын үй қорынан 50 тұрғын үй сатып алуға 480 млн теңге бөлінді. Сонымен қатар, елді мекендерінде абаттандыру бағытында жалпы құны 111,8 млн теңгені құрайтын 7 жоба іске асады. Осы орайда Мемлекет және қоғам қайраткері Т.Жүргеновтің 125 жылдығына орай Мақпалкөл ауылдық округіндегі қайраткер атындағы саябақты абаттандыруға 67 млн теңге қаралған. Сондай-ақ Таң, Мақпалкөл, Далдабай елді мекендеріндегі балалар ойын алаңына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі.

Жарық пен жылудың жайы назарда

Ауданға көгілдір отын келгелі тұрмыста газ тұтынатын жергілікті тұрғындар қатары артты. Сонымен қатар. әлеуметтік нысандарды да көгілдір отынға қосу жұмыстары қолға алынды. Мәселен, былтыр 6 бюджеттік және әлеуметтік нысанның жылу жүйелері көгілдір отынға ауысып, бұл мақсатта 135,7 млн теңге қаралған. Бұл жұмыстар биыл да жалғасын табады. Нақтырақ айтсақ, жалпы құны 35,4 млн теңгеге «Наркескен» спорт клубы мен аудандық кітапхана ғимараттары газға қосылмақ. Бұдан бөлек, облыстық бюджеттің нақтылау нәтижесімен Ақсу, М.Шәменов елді мекендеріне газ желісін тарту жұмыстарын бастауға 40 млн теңге, аудан орталығында орналасқан №123 және №246 мектептерінің жылу жүйелерін газға ауыстыру үшін жоба-сметалық құжаттарын әзірлеуге 7,1 млн теңге бөлінген.

Электр желілерін дамыту және жарықтандыру бойынша жалпы құны 286,2 млн теңгеге М.Шәменов ауылына кіреберіс аудандық маңызы бар автомобиль жолын, Жалағаш кенті, Қаракеткен, Аламесек, Аққұм елді мекендерінің ішкі көшелерін жарықтандыру, «Ақтерек» учаскесін электр желілерімен жабдықтау жұмыстары жүргізілген.

Кент көркейіп, ауылдар абаттанып келеді

Жалағаш кентіндегі балалар ойын алаңын қайта жаңғырту, орталық алаңды абаттандыру, сондай-ақ, Бұқарбай батыр, Аққыр, Аламесек, Мырзабай ахун елді мекендерінде спорт алаңдарына жалпы көлемі 42,7 млн теңгеге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген. Бұдан бөлек, 3 әлеуметтік нысанның құрылысын жүргізуге 304,6 млн теңге қаржы бөлініп, аудан орталығынан 200 орындық Оқушылар үйі мен 50 орындық Өнер мектебі, Таң ауылдық округінде дәрігерлік амбулатория ел игілігіне табысталды. Сондай-ақ, дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы аяқталуға жақын.

Ауданда демеушілер тарту арқылы да біршама жобалар жүзеге асырылған. Мысалы, 5 елді мекенде жалпы құны 42 млн теңгені құрайтын 6 балалар ойын алаңы пайдалануға берілсе, «Сәт Сервис» ЖШС-нің демеушілігімен 12 млн теңгеге кент орталығы, Қазыбек би көшесіндегі көппәтерлі тұрғын үйдің шатыры жаңартылып, тұрмысы төмен отбасылардың үйін көгілдір отынға қосылған. Ал Ақсу, Қаракеткен, Мырзабай ахун, Т.Жүргенов, Есет батыр елді мекендеріндегі тұрғын үй секторларының электр желілерін жүргізуге, аудан орталығындағы 2 көппәтерлі тұрғын үйді күрделі жөндеуге жоба-сметалық құжаттары демеушілер есебінен әзірленіп, республикалық бюджеттен қаржыландыруға ұсынылды. Тағы бір айта кетерлік жаңалық, аудан бюджеті есебінен 10 елді мекеннің учаскелік полиция инспекторларын тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында 40 млн теңге бөлініп, мемлекеттік сатып алу рәсімдері жүргізілуде. Демек енді учаскелік полиция инспекторлары өзіне тиесілі елді мекенде тұратын болады. Ал салынған тұрғын үй ауыл әкімшілігінің балансына беріледі.

Аудан тұрғындармен кездесу барысында көтерілген ұсыныстарды жүзеге асыруға құны 13,9 млрд теңгені құрайтын 36 жоба-сметалық құжаттар әзірленіп, облыстық салалық басқармаларға бюджеттік өтінімдер ұсынылды. Оның ішінде республикалық бюджеттің нақтылауында құны 2,2 млрд. теңгені құрайтын 9 жоба қаралуда. Бұдан бөлек, облыстық және аудандық бюджет есебінен 100 млн теңге қаржыға 21 жобаның жоба-сметалық құжаттары әзірленуде.

Жалпы өткен жылы 19 716 шаршы метрді құрайтын 136 тұрғын үй пайдалануға берілсе, биыл 3 айда 4037 шаршы метрді құрайтын 21 тұрғын үй берілген. Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 25,2 пайызға өсім бар.

Тіршілік көзі – ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік

Ауыл шаруашылығы дақылдарының бекітілген сызбасына сәйкес биыл аудан бойынша 37 052 гектарға егiн орналастыру жоспарлануда. Оның ішінде 19800 гектар күріш болса, басқасы майлы дақылдар және бақшалық өнімдер. Ауданда ақ егіс орналастыру жұмыстары наурыз айынан бастап жүргізілуде.

Ауыл шаруашылығы саласында да өсім бар. Сондай-ақ, жылдың 3 айында 1,6 млрд теңгенің ауыл шаруашылық өнімі өндіріліп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 2 пайызға артқан.

Өткен жылы ауданда шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 3084-ке жетсе, нақты жұмыс жасап тұрғаны 23,8 пайызға артқан. Ал биыл 3 айда кәсіпкерлік субъектілерінің саны 3189 бірлікті құрады. Оның 96 пайызы жұмыс жасап тұр. Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда тіркелген кәсіпкерлік субъектілерінің саны 28,4 пайызға артқан. Кәсіпкерлік нысандарында 4 643 адам жұмыспен қамтылған. Былтыр мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар аясында шағын және орта кәсіпті бастағандар және жұмыс жасап тұрған кәсібін әрі қарай дамытуға талаптанған азаматтардың 446 жобасы 3 млрд 212,9 млн теңгеге қаржылай қолдау тауып, нәтижесінде 462 жаңа жұмыс орны ашылған. Биыл 3 айда 54 жоба 840 млн теңге қаржылай қолдау тапқан.

Айталық, «СТ-KZ» сертификатына сәйкес антифриз өндіретін жобаның құны – 15 млн теңге. Жеке кәсіпкер А.Ермекбаев ұлттық жоба аясында 5 млн теңге қайтарымсыз грант және 6 млн теңге жеңілдетілген несие алып, антифриз өндірісін іске қосып, 5 адамды тұрақты жұмыспен қамтыған. Ал құны 102 млн теңгені құрайтын «ID Senim» ЖШС-нің гемодиализ орталығы 11 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Орталық қызметі бүйрек ауруын емдеуге негізделген, яғни, диализге және трансплантацияға дейінгі ауқымды қамтиды. Бұдан бөлек, «Серпін» аграрлы-индустриалды аймағында «Сыздық» шаруа қожалығы тәулігіне 60 тонна күріш ақтайтын зауыты өз жұмысын бастады. Зауыт құрылысына мемлекеттік қолдау шарасы ретінде 2,5 гектар жер телімі табысталған. Қазіргі таңда цехта 8 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Сонымен қатар, біраз жылдар бойы тоқтап тұрған  «БИС-Групп» ЖШС-нің мия тамырын өңдеу зауыты қайта іске қосылып, жұмысын бастады. Қазіргі таңда зауытта 20 адам  жұмыспен қамтылған. Алдағы уақытта қосымша 40 адам жұмысқа алынады деген болжам бар.

Ауданда сауда-саттық делдалдығын төмендету үшін әрбір елді мекеннен қосымша жылыжай кешендерін салу көзделіп отыр. Бұдан бөлек, барлық елді мекендерден бақша дақылдарын орналастыруға жаңадан 500 гектар жер дайындалып, тұрғындарға берілген. Бақшалық жерлерді дайындау шаруа қожалықтарының демеушілігімен жүргізілген.

Мәдениет пен руханиятқа мән берілген

Ауданның мәдени-рухани өмірінде де айтулы жаңалықтар орын алып, лайықты жалғасын табуда. Мәселен, аудан диқандарының «Алтын дән – 2022» мерекесі кең көлемде тойланып, еңбек озаттары мен Жалағаш ауданының «Құрметті азаматтары» марапатталып, республикалық ақындар айтысы өткізілді.Сонымен қатар, осы жылы аудан спортшылары түрлі жарыстарға қатысып, республикалық деңгейде, Әлем және Азия чемпионаттарында жоғары жетістіктерге қол жеткізді. Атап айтқанда, 8 спортшы «Спорт шебері», 54 спортшы «Спорт шеберіне үміткер» нормативтерін орындаған.

Осы «Алтын күз – 2022» облыстық 35 ауыл спортшыларының спартакиадасында Жалағаш ауданының спортшылары командалық есепте 3 орынды жеңіп алып, ауданның спорт тарихына жаңалық енгізді. Жыл қорытындысымен де Жалағаш ауданы спорттық жетістіктерімен облыстық рейтинг бойынша 3 орынды иеленді.

                                                                                       Ғазиза ӘБІЛДА

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<