Тәуелсіздік сарайында ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысы өтті. Отырыс басталарда делегация басшылары Беларусь Республикасын Ұйым құрамына қабылдау және оған ШЫҰ-ға мүше мемлекет мәртебесін беру туралы шешімге қол қойды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінде Шанхай ынтымақтастық ұйымы достық, тату көршілік, теңқұқықтық және өзара қолдаудың, яғни «шанхай рухы» негізінде жұмыс істейтін мемлекетаралық қатынастардың тиімді тетігіне айналғанын атап өтті.
– ШЫҰ кеңістігінде үш миллиардтан астам адам тұрады. Ұйымға экономикасы аса ірі және жылдам дамып келе жатқан мемлекеттер кіреді. Әлемдік жалпы ішкі өнімнің үштен бірі осы елдерге тиесілі. Бұл біздің Ұйымның орасан зор әлеуеті мен жаһандық рөлін айқын көрсетеді. Мүше мемлекеттердің даусы мен мүдделері тең дәрежеде ескерілетін Шанхай ынтымақтастық ұйымы өзін бірегей алаң ретінде көрсетті. Дәл осындай мызғымас демократиялық негізге сүйенген ұзақмерзімді ынтымақтастығымыз жаңа мазмұнмен толыға түсетініне сенімдімін, – деді Мемлекет басшысы.
Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Ұйымға төрағалығы аясында атқарылған жұмыстардың қорытындысы жөнінде баяндады. Президент ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің белсенді қолдауының нәтижесінде Қазақстанның ұйымға төрағалығы кезінде түрлі деңгейде 150-ге жуық іс-шара, соның ішінде цифрлық даму, туризм, энергетика, бизнес салаларында форумдар және ШЫҰ жастар кеңесі өткенін мәлімдеді.
– Ұйымның Шарттық базасы 60 жаңа құжатпен толықтырылды. Атап айтқанда, Есірткіге қарсы стратегия, Экономикалық ынтымақтастық стратегиясын іске асыру жоспары, Қоршаған ортаны қорғау саласындағы келісім, Энергетикалық ынтымақтастықты дамыту стратегиясы және басқа да құжаттар. ШЫҰ серіктестері саналатын халықаралық ұйымдардың қатары көбейді. Инвестициялар жөніндегі арнайы жұмыс тобының қызметі қайта жанданды. Ұлттық валютамен есеп айырысуға көшу үдерісі қарқынды дами бастады, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев осы шаралардың нәтижесінде ШЫҰ кеңістігіндегі сауда-экономикалық ынтымақтастық қарқынды дамып келе жатқанына тоқталды. Сондай-ақ Қазақстан төрағалығы кезінде мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтуға ерекше назар аударылғанын айтты.
– «ШЫҰ форматын» барынша тартымды ететін бірқатар маңызды жоба іске қосылды. Олардың қатарында «ШЫҰ елдерінің рухани киелі орындары» жобасы мен «ШЫҰ Жібек жолы» бірінші халықаралық музыка фестивалі бар. Сондай-ақ бірлескен жобаларды жүзеге асыру үшін 10 туристік аумақ анықталды. Алматы қаласы ШЫҰ-ның мәдени және туристік астанасына айналды, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан ШЫҰ төрағасы ретінде алдыңғы саммитте айтылған барлық мақсат-міндетті толығымен орындады. Сондай-ақ Президент еліміздің бастамаларын жүзеге асыруға қолдау көрсетіп, белсенді атсалысқаны үшін барлық мемлекетке шынайы ризашылығын білдірді.
Мемлекет басшысы «Шанхай ондығына» кіретін елдер үшін стратегиялық маңызы бар басты бағыттарға тоқталды. Президент қауіпсіздік саласындағы өзара сенім мен ынтымақтастықты нығайтуды бірінші маңызды бағыт ретінде атады.
– Қазіргі күрделі ахуал – негізінен халықаралық қатынастар жүйесіндегі дағдарыс салдары. Осы ретте халықаралық құқықтың кемшін тұстарын түзеп, геосаяси тұрғыдан жікке бөлінуге жол бермеу мақсатымен, түптеп келгенде, жаһандық ауқымдағы бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту үшін ШЫҰ өзінің тұрақтандырушы және жасампаздық рөлін күшейту қажет, – деді Президент.
Мемлекет басшысының айтуынша, Шанхай ынтымақтастық ұйымы бүкіл Еуразия құрлығындағы бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге кепіл болатындай айрықша мүмкіндіктерге ие. Ұйымға мүше мемлекеттерге «Әділ әлем, келісім және даму жолындағы жаһандық бірлік туралы» ШЫҰ бастамасын жүзеге асыру дәл осы мақсатпен ұсынылды.
Сонымен қатар Президент Әскери саладағы сенім шаралары туралы келісімді әзірлеп, қабылдайтын уақыт келгенін айтты. Бұл ретте «Үш зұлым күшпен» күрес мәселесі әрдайым жіті назарда болуға тиіс.
Қасым-Жомарт Тоқаев киберқауіпсіздікті күшейту Ұйымға мүше елдерге ортақ тағы бір маңызды міндет екеніне назар аударды. Сонымен қатар ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердегі ақпараттық инфрақұрылымның тұрақты жұмысын қамтамасыз ету үшін ұдайы ақпарат алмасуға, үздік тәсілдер мен озық тәжірибелерді қолдануға бағытталған арнайы механизм әзірлеуді ұсынды.
Қазақстан Президентінің пікірінше, бүгін халықаралық ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша қабылданатын Өзара іс-қимыл жоспары аталған мақсаттарға сай келеді.
Президент сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту ынтымақтастықтың басым бағыттарының бірі екеніне назар аударды.
– Әлемдік экономикада жағымсыз үрдістер белең ала бастады. Дүниежүзілік банктің мәліметі бойынша биыл жаһандық экономиканың өсім қарқыны бәсеңдейді. Әлем экономикасының өсіміне серпін беретін жаңа бағыт және мүлде басқа даму парадигмасы қажет екені анық. Сондықтан, біздің ойымызша, сауда-экономикалық кооперацияны кеңейту, капитал мен технологияның еркін қозғалысына жағдай жасау, климаттың сын-қатерлерімен күресу – Шанхай ұйымының маңызды міндеттері. Өзара сауда-саттықтың артуы ШЫҰ кеңістігі үшін ортақ үрдіске айналып келеді.
Мәселен, Қазақстанның ШЫҰ елдерімен сауда көлемі өткен жылдың қорытындысы бойынша 6,5 пайызға өсті. ШЫҰ-ға мүше елдердің технологиялық базасы үлкен және экономиканың барлық маңызды секторларын дамыту үшін орасан зор нарығы бар. Арнайы салық, кеден және көші-қон режимдерінің әзірленуі аталған бағытта ілгерілеуге айтарлықтай септігін тигізеді. Осы ретте ШЫҰ аясында Экономикалық жеңілдіктер базасын құру туралы Қазақстанның ұсынысы өзекті болып қала береді. Инвестициялық жобаларды талқылап, бекіту үшін бірыңғай алаң құру қажеттігі айқындала түсті. «Астана» халықаралық қаржы орталығының базасында Жобалық қызметті қаржымен қамтамасыз ету механизмін құруды ұсынамыз. Қытай, Ресей, Үндістан, Өзбекстан, Қырғызстан қазірдің өзінде аталған алаңда белсенді жұмыс істеп жатыр. Жалпы, АХҚО резиденттерінің 20 пайызы – ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің компаниялары, – деді Президент.
Мемлекет басшысы тиімді дәліздер мен сенімді тасымал тізбектерін құру арқылы көлік байланыстарын нығайтуды ынтымақтастықтың келесі бағыты ретінде атады.
– Біз Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» мегажобасын, Транскаспий халықаралық көлік бағдарын және «Солтүстік – Оңтүстік», «Орталық Азия – Оңтүстік Азия» бағыттары бойынша трансеуразиялық дәлізді одан әрі бірлесе дамытуға баса мән береміз. Бұл жоспарларды жүзеге асыру үшін ШЫҰ аясында Стратегиялық порттар мен логистикалық орталықтардың серіктестік желісін құру жөнінде нақты шаралар қабылдау маңызды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы Шанхай ынтымақтастық ұйымын реформалау және жаңғырту қажеттігіне арнайы тоқталды.
– Қарқынды жаһандық өзгерістерге байланысты біздің алдымызда ШЫҰ қызметін одан әрі жетілдіруге бағытталған маңызды міндет тұр. Ұйым аясының кеңею үдерісі жаңа мүмкіндіктерге жол ашып, оны дамытуға тың серпін береді. Еліміз ШЫҰ-ға төраға ретінде Ұйымды ынтымақтастықтың бұдан да тиімді әрі көпжақты механизміне айналдыруды көздейтін теңгерімді ұсыныстарын ортаға салды. Атап айтқанда, біз ШЫҰ Хатшылығы мен Бас хатшының рөлін күшейтуді құптаймыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстан Президенті айтылған барлық ұсыныс ШЫҰ-ға мүше елдерге ортақ игі мақсаттарға қол жеткізуге барынша үлес қосуға деген шынайы ниеттен туындағанын атап өтті.
Мемлекет басшысы сөзінің соңында қолдағандары үшін Ұйымға мүше елдердің басшыларына ризашылығын білдірді. Сонымен қатар Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинді ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшыларының кеңесіне төраға болуымен шын жүректен құттықтап, Қытай тарапына табыс тіледі.
Сонымен қатар саммит барысында Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Иран Президентінің міндетін атқарушы Мұхаммед Мохбер, Қытай Төрағасы Си Цзиньпин, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Пәкістан Премьер-министрі Шахбаз Шариф, Ресей Президенті Владимир Путин, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Үндістан Сыртқы істер министрі Субраманьям Джайшанкар, ШЫҰ Бас хатшысы Чжан Мин, ШЫҰ Аймақтық терроризмге қарсы құрылымы Атқарушы комитетінің директоры Руслан Мирзаев сөз сөйледі.
Қасым-Жомарт Тоқаев отырысты қорытындылай келе, көпжақты ынтымақтастықты ілгерілету жөніндегі ауқымды мәселелер талқыланғанын, Ұйымды одан әрі дамыту бағыты айқындалғанын атап өтті.
– Біз Шанхай ынтымақтастық ұйымының келешегінен үміт күтеміз. Қазір біз қол қоятын құжаттар ШЫҰ аясындағы ынтымақтастықтың жаңа кезеңіне жол ашатынына, Ұйымның жүйелі әрі жан-жақты дамуына септігін тигізетініне сенімдімін, – деді Қазақстан Президенті.
Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңес отырысы барысында құжаттарға қол қойды.
Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысынан кейін саммит «ШЫҰ плюс» форматында жалғасты.
Қасым-Жомарт Тоқаев жиынға қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде Шанхай ынтымақтастық ұйымының халықаралық аренадағы рөліне айрықша тоқталды.
– Бүгінде әлем бұрын-соңды болмаған геосаяси қайшылықтар мен қақтығыстардың күшеюіне байланысты туындаған күрделі сынақтармен бетпе-бет келіп отыр. Халықаралық қауіпсіздіктің архитектурасына қауіп төніп тұр. Тұтас адамзат үшін оның зардабы ауыр болуы мүмкін. Осындай сын сағатта бізге өңірлік және жаһандық деңгейдегі ұжымдық күш-жігер арқылы бейбітшілікті, тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайту үшін орасан зор жауапкершілік жүктеліп отыр. Шанхай ынтымақтастық ұйымы өз беделімен, елеулі экономикалық және адами ресурстарымен тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізіп, заманауи сын-қатерлерді еңсеру үшін тиімді шешімдер әзірлей алады. Қазақстанның ШЫҰ-ға төрағалығы кезінде көтерген «Көпжақты диалогты нығайту – орнықты бейбітшілік пен дамуға ұмтылу» атты ұраны ортақ миссиямыздың мән-маңызын айқын көрсетеді, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев бейбіт және үйлесімді даму мәселесін ілгерілетуді ШЫҰ аясындағы көпжақты ынтымақтастықтың басты міндеті ретінде атап өтті.
– Ұжымдық күш-жігер мен парасатты дипломатия арқылы ғана әлемдегі басты қайшылықтардың түйінін тарқатып, дүниежүзінде ұзақмерзімді тұрақтылықты қамтамасыз етуге болады. Мен бұған сенімдімін. Осы орайда келесі жылы сексен жылдығын атап өтетін Біріккен Ұлттар Ұйымына зор үміт артылады. Бұл әмбебап ұйымның баламасы жоқ, оның әлеуеті әлі де мол. Біздің ортақ міндетіміз – БҰҰ-ның жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін, ХХІ ғасыр сын-қатерлеріне тиімді қарсы тұра алатын басты халықаралық институт ретіндегі рөлін күшейту. Қазіргі заманның түрлі проблемасына қатысты ортақ ұстанымның жаршысы ретінде «ШЫҰ дауысы» халықаралық аренада қаттырақ естілуі керек және солай болуға тиіс. Сондықтан біз қабылдаған Тату көршілік, сенім және ынтымақтастық қағидаттары туралы мәлімдеме өте өзекті, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті Біріккен Ұлттар Ұйымының 80, сондай-ақ ШЫҰ мен БҰҰ ынтымақтастығының 20 жылдығына қарай «Әділ әлем, келісім және даму жолындағы жаһандық бірлік туралы» бастаманы қолдау үшін БҰҰ Бас Ассамблеясының резолюциясын қабылдауды ұсынды.
Мемлекет басшысының пікірінше, сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуға айрықша мән берген жөн.
– Санкциялық даулар жаһандық экономикаға айтарлықтай зиян келтіріп, оның даму перспективаларының аясын тарылтып жатыр. Мұндай жағдайда бізге оң динамиканы сақтауға және әлеуетімізді арттыруға бағытталған сауда-экономикалық ықпалдастықтың неғұрлым икемді стратегиясын құру қажет. Қазіргі кезеңде ШЫҰ-ға мүше елдердің экономикасы 4 пайыздан 9 пайызға дейінгі жоғары өсім қарқынын көрсетіп отыр. ШЫҰ мемлекеттерінің әлемдік ЖІӨ-дегі үлесі қазірдің өзінде 30 пайызды құрайды. Бүгінде Ұйымға мүше мемлекеттердің сыртқы саудасы 8 триллион доллардан асты. Бұл – әлемдік сауданың төрттен біріне тең, – деді Президент.
Мемлекет басшысы Азияның экономикалық тұрғыдан өркендеуіне көбіне ШЫҰ-ға мүше елдердің ықпалы зор екенін атап өтті. Сондай-ақ Қазақстан тарапы Қытайдың ішкі ауқымды нарығына ШЫҰ елдерінің қолжетімділігін арттыру және Ұйымға мүше елдермен тауар айналымын 3 триллион долларға дейін жеткізу ниетін құптады.
– Шанхай ынтымақтастық ұйымының экономикалық әлеуеті орасан зор. Біз оны толыққанды пайдалануымыз қажет. Бүгін ШЫҰ экономикасын дамытудың 2030 жылға дейінгі стратегиясын жүзеге асыру жөніндегі нақты іс-қимыл жоспарын қабылдадық. Аталған құжат осы басты мақсатқа сай келеді. ШЫҰ-ның ЕАЭО, БРИКС және АСЕАН секілді интеграциялық бірлестіктермен өзара ықпалдастығы кең мүмкіндіктерге жол ашады. Көлік жолдарының өзара байланысын одан әрі нығайту әлемдік сауданың тұрақты өсіміне зор ықпал етеді. ШЫҰ-ға мүше елдердің аумағы арқылы 350 мың шақырымнан астам теміржол өтеді. Әлемдегі жүк тасымалының үштен екі бөлігі осы жолдарға тиесілі. Сондықтан ШЫҰ кеңістігі жаһандық сауданы дамытуға арналған Үлкен Еуразиялық белдеуге айнала алады, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан Еуразиялық көлік жүйесінің ең маңызды бөліктерінің бірі саналады. Сондай-ақ еліміздің «Бір белдеу, бір жол» мегажобасын, Транскаспий көлік бағытын және «Солтүстік – «Оңтүстік» дәлізін өзара ұштастыру, стратегиялық порттар мен логистикалық орталықтардың серіктестік желісін құру ісіндегі бастамалары туралы мәлімдеді.
Мемлекет басшысы қазіргі жағдайда экология және климаттың өзгеруіне қарсы күрес салаларындағы ынтымақтастықтың өзектілігі арта түскеніне тоқталды.
– Біз түрлі табиғи катаклизмдердің айтарлықтай көбейгеніне куә болдық. Әлемдегі барша мемлекет бұдан орасан зор зардап шегіп отыр. Жуырда Қазақстан бұрын-соңды болмаған су тасқынын бастан өткерді. Мамандардың пікірінше, бұл табиғат апатының ауқымы жаһандық жылыну процесімен тікелей байланысты. Климаттың сын-қатерлерін жалғыз еңсеру мүмкін емес екені анық. Әлемдік қауымдастық экономиканы декарбонизациялау жөніндегі батыл қадамын жалғастыруға тиіс деп санаймын. Бірақ бұл мемлекеттердің дамуға және жаңғыруға бағытталған маңызды міндеттеріне зиянын тигізбеуі керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы ішкі су көздерінің деградацияға ұшырау проблемасын шешу, жаңа су үнемдеу технологияларын енгізу жөніндегі іс-қимыл жоспарын әзірлеуді ұсынды. ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің бұл бағыттағы ортақ күш-жігері БҰҰ Бас Ассамблеясы жариялаған Мұздықтарды сақтаудың халықаралық жылы аясындағы мақсаттарды жүзеге асыруға ШЫҰ-ның қосқан нақты үлесі болмақ.
Президенттің пікірінше, ШЫҰ қызметінің аса маңызды бағытының бірі – мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейту. Бұл сала Қазақстанның Ұйымға төрағалығы кезінде ұдайы назарда болды.
– Қазақ жері – ежелден түрлі өркениеттер тоғысқан мекен. Үлкен Еуразияның бірегей мәдени кодын бойына сіңірген ШЫҰ-ның алып кеңістігі халықтар арасын жақындатуға дәнекер болып, өзінің тарихи рөлін одан әрі атқара беруге тиіс және солай боларына сенімдімін. Осы орайда мәдени орталықтар ашу пәрменді шара саналады. Бүкіл ШЫҰ аумағында осындай жобалардың жүзеге асырылуы елдеріміз арасында барынша тығыз мәдени-гуманитарлық байланыс орнатуға ықпал етеді деп ойлаймын. Бұл іске жастарды белсенді тарту маңызды. Осы ретте олардың жан-жақты дамуына және өзара қарым-қатынасын жандандыруға барынша жағдай жасау қажет, – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев ШЫҰ-ға мүше елдердің жас көшбасшылары мен таланттарының жыл сайынғы кездесуін өткізу, диалог аясындағы серіктестердің жаңа оқу орындарын қосу арқылы ШЫҰ университеттері желісін кеңейту, техникалық мамандықтар үшін бөлінетін грант санын жылдан-жылға көбейту жөнінде ұсыныс айтты.
Мемлекет басшысы сөзін қорытындылай келе, Қазақстанның ШЫҰ аясындағы және «ШЫҰ плюс» форматындағы жан-жақты әрі өзара тиімді ынтымақтастыққа бейілді екенін мәлімдеді. Сондай-ақ серіктес елдердің барлық конструктивті ұсынысы Ұйымның одан әрі қарқынды дамуына тың серпін беретініне сенім білдірді.
Саммитте Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Антониу Гутерриш, Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Иран Президентінің міндетін атқарушы Мұхаммед Мохбер, ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Пәкістан Премьер-министрі Шахбаз Шариф, Ресей Президенті Владимир Путин, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Үндістан Сыртқы істер министрі Субраманьям Джайшанкар, Моңғолия Президенті Ухнаагийн Хурэлсух, Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Түрікменстан Халк Маслахатының төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедов, Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған, БАӘ Жоғарғы кеңесінің мүшесі, Рас-Әл-Хайма әмірлігінің билеушісі шейх Сауд бен Сақр Әл Қасими сөз сөйледі.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<